ТУРИЗМДІ ТАБЫС КӨЗІ ДЕП ТАНЫСАҚ

ТУРИЗМДІ ТАБЫС КӨЗІ ДЕП ТАНЫСАҚ

ТУРИЗМДІ ТАБЫС КӨЗІ ДЕП ТАНЫСАҚ
ашық дереккөзі
Қазақ елі бұл саланың әлеуетін пайдалануды күшейткені жөн «Атың барда жер таны, желіп жүріп». Ел аралап, өзге аймақтарды көріп-білуді артықшылық санаған қазақ солай деген. Бұл сөз бүгін де маңызын жойған жоқ, керісінше, заманның ең көкейкесті мәселесіне айналып отыр. Кейінгі жүз жылдықта туризм индустриясы атты экономикалық термин қалыптасып, орнығып қана қойған жоқ, әлемге ең танымал ұғымға айналды. Өйткені туризм әлемдік экономикада жетекші орын алатын алып индустрияның бірі. Мәселен, Дүниежүзілік туризм ұйымының келтірген деректеріне қарасақ, туризм – әлем бойынша жалпы ұлттық өнімнің 10 пайызын, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан аса бөлігін иеленді екен. Бұл – дүниежүзілік өн­ді­рісте әрбір 9-жұмыс орны туризмге тиесілі деген сөз. Жалпы туризм дегенде, есімізге велосипедпен, жаяу тау-тасты аралап жүретін туристер түсетіні рас. Бірақ Дүниежүзілік туризм ұйымы кез келген адамның өзі тұратын жерден 88 жарым шақырым қашық мекенге барып, толық бір тәулік аялдағанын ғана турист деп таниды. Туризмнің жиырмаға жуық түрі бар. Соның ішінде кең тарағаны – демалыс туризмі. Жыл сайын жаз келгенде жұрт еңбек демалысына шығып, өзі тұратын елдің ішіндегі немесе шетелдегі демалыс орындарына барып демалғанды ұнатады. Әрине, ол үшін ең бастысы қаражатың болуы керек. Бірақ, тапқан табысын өз игілігіне жұмсаудан аямайтындар үшін шетелге шығып демалу қиын шаруа емес. Дегенмен жұрттың бәрінің әлеуметтік, қаржылық жағдайы бірдей емесін ескерсек, қазақстандықтардың жазғы демалысын қалай өткізетіні қызықтырары сөзсіз. Жасыратын несі бар, елімізде демалуға қолайлы, көрікті жерлер аз емес. Тек соны нағыз демалыс орнына айналдырып, туризмді дамыту әлі күнге шешілмей келе жатқан мәселе. Бурабай, Баянауыл, Ұлытау бөктері, Шарын шатқалы, Алтай, Алатау аймағы, бүкіл түркі жұртының рухани астанасы саналатын Түркістан, Каспий жағасындағы Кендірлі демалыс аймағы, Ақсу-Жабағылы қорығы сияқты жерлерді айта берсең таусылмайды. Тіпті мынау тұрған Қапшағай мен Алакөлдің өзін нағыз демалыс орнына айналдыра алмай отырмыз. Туризм мәселесімен еліміз тәуелсіз мемлекетке айналған соң ұзамай айналыса басталды. 1993 жылы Қазақстан Дүниежүзілік туризм ұйымына мүше болып, туризмді дамытуға арналған ұлттық бағдарлама қабылдаған болатын. Содан бері бұл салада жасалған жобалар мен қабылданған бағдарламалар аз емес, туризмді дамытуға қаржы да бөлініп жатыр. Бірақ ілгерілеп кеткеніміз шамалы. Жыл сайын демалыс маусымы басталғанда еліміздің БАҚ-тарында елдің туризмге қатысты мәселелері сөз болып, жиі сыналып жатады. Бірақ нәтиже бар ма? Рас елімізге алыс-жақын шетелден туристер келеді. Бірақ елге келген туристердің санынан, елден сыртқа шыққан туристердің саны ылғи да көп. Мәселен, өткен жылғы туроператорлардың мәліметтеріне зер салсақ, еліміздің демалушыларының 60 пайызы Түркияны, 30 пайызы Мысырды, 10 пайызы Қытай, т.б. мемлекеттерге барған екен. Оның себебі қызмет көрсетудің сапалылығы мен бағаның арзандығында болса керек. Мәселен, өткен жылы Түркияға жолдама алу құны орташа есеппен 1000-1100, Мысырға 700-800,  Қытайға бару құны 600-700 АҚШ доллары көлемінде болған. Сондай-ақ соңғы жылдары қазақстандықтардың бала-шағасымен бірге демалуға Ресей, Грузия елдеріне баруы  3-4 пайызға өскен екен. Сонымен бірге қазақстандықтардың жиі баратын жері Қырғызстандағы Ыстықкөл демалыс аймағы. Негізінен, біздің елдің демалушыларына толатын бұл мекенде демалыс құны қызметіне қарай әртүрлі десек те, оншалық қымбат көрінбейді. Ыстықкөл маңында Қазақстанға қарасты төрт пансионат бар. Олар – Корумду селосындағы «Олимп» спорттық сауықтыру орталығы (бұрынғы «Қазақстан автомобилисі»), Шолпан-атадағы «Қазақстан», Бөзтерідегі «Самал» және ҚазҰУ-дың сауықтыру лагері. Қазір бұлардың бәрі өз деңгейлерінде жұмыс істеп тұр. Бірақ осыларға жетіп демалу үшін, жерлестеріміздің басым көпшілігі автобустармен келеді. Мысалы оған Алматыдан бару үшін тура жарты тәулік уақыт кетеді. Жамбыл облысындағы «Қордай» шекара бақылау бөлімінен өту де оңай емес. Жаздың ыстығында шекарада бір сағаттай уақыт іркілу деген қиямет-қайымның өзі. Бірақ екі елдің де шекарашылары тарапынан дөрекілік байқалып жатқан жоқ, керісінше, демалуға бара жатқандарды тезірек өткізіп жіберуге тырысады. Ыстықкөлге барып демалғысы келетіндерді ол жердегі баға да қызықтырары сөзсіз. Мәселен, «ҚазҰУ» пансионатында демалу үшін бір күнге маусымына қарай небары 4200- 6200 аралығында теңге төлейді екен. Әрине, жатын орындары мен тамақтану қалыпты деңгейде. Ал комфорт іздегендер бағасы бұдан жоғары демалыс орындарын таңдауына болады. Шынына келгенде, Ыстықкөлге барушылардың көптігі ондағы қызмет көрсетудің арзандығына байланысты екені сөзсіз. Елімізде де, шетелде де демалып көрген қазақстандықтардың айтуынша, біздің елде демалыс орындарының бағасы қымбат және қызмет көрсету нашарлау көрінеді. Ал бұл туризмді дамытуға басты кедергілер деп есептеледі. Кейінгі кезде елдегі туризмді дамытудың түрлі жолдары қарастырылып, жатыр. Түрлі ұсыныстар бар, олардың арасында Түркістан облысында «Көне Түркістан», «Көне Отырар» туристік орталықтарын, Алматы облысында «Алакөл» демалыс аймағын, Ақтөбе облысында «Ырғыз керуен сарайы» демалыс базасын, Қызылорда да «Байқоңыр», Қамбаш көлін туристік орталығын, «Ғарыш айлағы» сауда ойын-сауық кешенін, «Қорқыт ата» туристік орталығын құру туралы жобаларды жандандыру мәселесі жиі көтеріліп жүр. Бұлардың кейбірі құрылғанымен, әлі барлық жағдай жасалып, туристерді тарта алатындай деңгейге жете қойған жоқ. Бірақ алдағы уақытта олардың Қазақстан туризмін дамытуға үлкен үлес қосатыны анық. Туризмді дамытудың еларалық жобалары да болады. Мысалы осыдан екі жыл бұрын Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласында бірлескен бағдарламаға қол қойды. Бұл бойынша Өзбекстанның Бұқара, Самарқанд, Ташкент қалалары Қазақстанның Шымкент және Түркістан қаласы біртұтас туристік маршрут ретінде белгіленген. Кейінгі жылдары Өзбекстанға барып-келетін қазақстандықтар мен Қазақстанға келетін өзбекстандықтардың саны өсіп, көрші ел  туристерінің басым көпшілігі Бурабайға, Балқаш пен Алакөл көлдеріне, «Шымбұлақ» шаңғы курорт базасын демалып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларын тамашаласа, қазақстандық туристер Ташкент, Самарқанд, Бұхара мен Хиуа қалаларына саяхаттап, көне қалаларды өз көзімен көріп, тарихын, мәдениетін біліп қайтады. Әрине, мәдениеті, тарихы ұқсас көршілес елдердің туристік салада әріптес болғаны, саланы бірігіп дамытуға күш салуы құптарлық іс. Бірақ туристік маршруттарды жалғастыру кезінде туризм орталықтарының бір-бірінен қашықта орналасауы жол қаражатының өсуіне әсерін тигізіп, қиындықтар туғызуы мүмкін. Мәселен, Өзбекстанға шетелден келген турист Бұқарадан бастап аралап, біздің Түркістанға келіп тоқтап қалмайды ғой. Ол елімізге келген соң Алматы мен Нұр-Сұлтанды көргісі келсе немесе Алакөлге барып демалғысы келсе, оған жету мәселесі қалай болады? Түркістаннан Алматы немесе Нұр- Сұлтанға ұшақпен жету құнының қымбат екені белгілі. Бұл экономикалық жағдайы орташа Орталық Азиядан туристердің Қазақстанға келуін тежейтін жағдай. Сондықтан көршілес елдердің туристерін елімізге тарту үшін көлік мәселесін оңтайландыруды ойлауымыз керек. Туризм – елдің экономикалық деңгейінің өсуіне ғана емес, еліміздің мәдениетін, тарихын күллі әлемге танытуға үлкен әсері бар индустрия. Сондықтан әлемнің барлық елі туризмді дамытуға мүдделі.  Мысалы Түркияда қонақүй-туристік кешенін дамытуға кететін шығынының 40 пайызын мемлекет жауып береді екен. Израильде қонақүй саласында құйылатын инвестициялардың 30 пайызы мемлекеттің мойнында. Испанияда туризмнің бағасын арзандату, туристерді тарту үшін курорттық аймақтарда қонақүйлерді жаңартуға, туристер тұратын жерлердегі тұтыну бағасын төмендетуге мемлекет көмектеседі. Мексикада Акапулько, Канкун сияқты курортты аймақтары мемлекетке салық төлеуден азат етілген. Мұнда көріп отырғанымыздай, туризмнің дамуы үшін ең алдымен мемлекет тарапынан үлкен қолдау болуы тиіс. Өйткені туризм белгілі бір аймақтардағы инфрақұрылымдарды дамытып, онда көптеп жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнесті көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге жақсы жолға қойылған туризм – ешқашан ресурсы сарқылмайтын және мемлекетке келер тұрақты қаржы көзіне айналды. Туризмді дамыту дегенде біздің елде сырттан келгендерге арнап түрлі мәдени шаралар өткізуді ойлайтыны бар. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы күзде Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Туризмді экономиканың табысы мол саласына айналдыру үшін кешенді және мазмұнды жұмыс жүргізу қажет. Шетел тәжірибесінен үлгі алуға болады. Көрме-презентация, форумдар мен буклеттер мәселені шешпейді», – деп пікір қалдырған еді. Бұл елімізде туризмге байланысты заң қабылданып, болашақта осы саланы дамытуға жасалатын үлкен бағдарламаларды жасар алдында оң әсерін тигізері сөзсіз. Себебі Президент Тоқаевтың өзі бас болып, аталған салаға жіті назар аударса, Қазақстанның туристік ресурсы өз деңгейінде дамуы хақ. Бүгінде елімізге жылына 6,5 млн адам iшкi туризм қызметiн пайдаланса, шетелге шығатындар 9 милионнан артық. Оның себебі бізде туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесi 1,6 пайыз болса, iшкi туризмнің үлесi 1 пайызға да жетпейді екен. Бұл біздегі iшкi туризмнің қымбаттығына байланысты болса керек. Өйткені еліміз азаматтарына, кей жағдайда, іштен гөрі сыртта демалу әлдеқайда арзанға түсетін көрінеді. Мамандардың айтуынша, Қазақстанға келетін туристер саны Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан елдеріне келетіндерге қарағанда аз екен. Оның үстіне бізде көрсетілетін қызмет халықаралық стандарттар жүйесіне сай емес көрінеді. Жалпы елімізде туризмді дамытуға қаржы бөлінбей жүрген жоқ. Тек саланың дамуына қызығушылық аз, жауапты адамдар есеп беруден аспайды. Осындай себептерден туризмге бөлінген қаржыға мониторинг жасауға мүмкіндік жоқ. «Мұнаймен мәңгі өмір сүру қиын, сол үшін арнайы туризм министрлігін ашу керек» деп зар қағады мамандар. Бірақ ол арман әзірше орындалар емес. Туризмнен түсетін табысты есептей білетіндер осы саланы өз деңгейінде дамыта алмағанымыздың кесірінен мемлекет жылына ішкі туризмнің өзінен 20 миллиард доллар қаржы жоғалтып отыр дейді. Үкімет Елбасы тапсырмасы бойынша, туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын және «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірлеумен белсенді айналысып, ұсыныстар жинап, шетелдік сарапшылардың қорытындыларын да алған. Қазақстан туристік қауымдастықтар бірлестігінің президенті Роза Асанбаева бағдарламаның қаржылық құны – 8 млрд АҚШ долларына тең, оның түпкілікті мақсаты – сыртқы туристік ағынды 6,6 млн адамнан 9 млн-ға дейін, ішкі туристердің санын 4,6 млн-нан 8 млн адамға дейін өсіру екенін айтады. «Жоспар бойынша туризм саласында қызмет істейтіндер саны қазіргі 400 мыңнан 650 мың адамға дейін жетуі керек», – дейді ол. Бұл мәселенің көршілеріміздегі ахуалына көз жіберсек, Өзбекстандағы туристік қауымдастықтың атқарушы директоры Гүлчехра Исрайлованың айтуынша, «Өзбекстанда туризм саласын дамытумен айналысатындарға жылына 2 пайыздық үстемақымен несие беріліп, 2022 жылға дейін салықтан босатылады» екен. Қазақ жерін әлемге таныту үшін қолда бардың қадіріне жетсек, небір назар аударларлық нәрселер біздің елімізде де аз емес-ау. Мәселен, осыдан аз ғана уақыт бұрын Түркістан облысының Қазығұрт өңірінен табылған динозаврдың сүйектері. Мемлекет қадағалауға алмағасын оларды біреулер үйдің іргетасына қаласа, біреулер болмашы тиын-тебенге сатқан... Осы сияқты нәрселер жиналып жүйеленсе, ол табылған жерлер қорыққа болып, демалыс аймағына айналса, туристерден басқа кім келер еді?.. Түркияны туризмнің арқасында әлем таныды. Олар туризмнің барлық ресурсын пайдалана біледі. Мысалы, «Сұлтан Сүлеймен» атты 150 сериялы тарихи сериалдан тұратын киноэпопеяны көргендер әлемнің түкпір-түкпірінен түрік еліне ағылса, түркиялық БАҚ-тарда шыққан «Сұлтан Сүлейменнің уәзірлерінің зираты табылды» деген ақпараттан кейін елге ағылушылардың саны бұрынғыдан да көбейген. Бұл тарихқа қызығушылардың көп екенін білдіреді. Біз де осыған назар аударуымыз керек. Өйткені Алматы мен Нұр-Сұлтан қанша әсем қала дегенімізбен, тарихқа қызығушы туристер (бұл олардың 50 пайызын құрайды) үшін Түркістан мен Сарайшық, Қорқыт ата қызықтырақ. Ұзын сөздің қысқасы – туризм дегеніміз мемлекеттің қазынасына мол қаржы құятын берекелі сала. Тұтас мемлекеттер осы саланың арқасында жан бағып отыр. Біздің басқа байлығымыз жеткілікті десек те, туризмді дамыту Қазақстан үшін қазір де, болашақта да пайдалы екені дау тудырмайды. Сол үшін өзгелерге қарай отырып, өзіміздің туризмнің деңгейін көтермесек, біріншіден, елге келетін қаржыдан айрыламыз, екіншіден, отандастарымыз сыртта демалуды тоқтатпай, мемлекеттің қаржысы өзге елдердің қоржынына түсе беретін болады. Мұндай екіжақты ұтылысты болдырмау – бүгінгі басты мәселенің бірі.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

«Тúrkistan»