Мейіржан Әлібекұлы жаңа қызметке тағайындалды

Мейіржан Әлібекұлы жаңа қызметке тағайындалды

Мейіржан Әлібекұлы жаңа қызметке тағайындалды
ашық дереккөзі
351
«Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың бұйрығымен танымал тележурналист Мейіржан Әлібекұлы «Jambyl» облыстық телерадиоарнасының директоры лауазымына тағайындалды. «Жамбыл" арнасы ұжымына жаңа басшыны таныстырдық. Басқарма басшысы Лəззат Мұратқызының шешімімен бұл жауапты қызметке медиа саласында 10 жылдан астам тәжірибесі бар, елдің сүйікті ұлдарының бірі Мейіржан Әлібек @meirzhan_alibekuly лайық деп танылды. Қызметін өңірлік арнадан бастаған ақпарат тарланының есімі Ұлттық арнамен біте қайнасып кеткені белгілі. Енді осы арнаның Тараздағы бөліміне жетекшілік етпек. Батыс топырағында туып, Алатау баурайында шыңдалған, Елордадан «Апта» сайын хабар таратқан азулы әріптесіме сәттілік тілеймін. Бүгінге дейін жиған-терген тəжірибесін бүтін бір арнаның дамуына жұмсайды деп сенемін!», - деп жазды «Қазақстан РТРК» АҚ Басқарма төрағасының Бірінші орынбасары Құрманбек Жұмағали өзінің фейсбук парақшасында. Мейіржан Әлібекұлы 1984 жылы туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетінің түлегі. Алғашқы еңбек жолын «Аtyray» облыстық телеарнасынан бастады. Әр жылдары «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясында тілші-сарапшы, редактор-жүргізуші, шеф-редактор, дирекция директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Қалың көрерменге «Жаңалықтар», саяси-сараптамалық «Апта.kz» бағдарламасының тізгіншісі ретінде танымал. ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының иегері, ҚР Ақпарат саласының үздігі. «Халық сүйіктісі» ұлттық жүлдесінің лауреаты, «Нұр Сұңқар» байқауының жеңімпазы.    

Серіктес жаңалықтары