1014
Бөкенбай батыр ұлықталды
Бөкенбай батыр ұлықталды
Ақтөбеде Әбілқайыр ханның бас қолбасшысы болған Бөкенбай Қарабатырұлының ескерткіші ашылды.
Бүгін Ақтөбеде Бөкенбай батырға арналған ғылыми-практикалық конференция өтіп, кейін ескерткіштің ашылуы болды. Бөкенбай батырдың ұрпақтары бұл істі он жыл бұрын қолға алып, бүгін аяқтап отыр.
«Бөкенбайдың әкесі Қарабатыр да батыр болған адам. Ұрпақтары Тіленші батыр, Жоламан батыр, Есенаман батыр, Олжабай батыр деп айтар болсақ, әулетінің бәрі тегін адам емес. Мемориалдық кешенді салу жұмысы он жыл бұрын басталды. Соңғы екі жылда нақты жұмыс атқарылды. Әбілқайыр ханның бас қолбасшысы Бөкенбай батырды ұлықтау үшін «Алаш парызы» қоғамы да үлес қосты», - деді батырдың ұрпағы, кәсіпкер Қуатбек Хайтуллаев.
Ескерткіштің ашылуына келген облыс әкімі Оңдасын Оразалин де өз пікірін білдірді.
«Құтты мекен Ақтөбе өңірінен шыққан Қобыланды батыр, Кіші жүздің ханы әрі қолбасшысы Әбілқайыр хан, Абат Байтақ, Есет батыр, Тілеу батыр, Есет Көтібарұлы, Асау Барақ, Сәңкібай сынды батырларды еске алсақ, олардың ізін жалғастырған Әлия Молдағұлова мен Малкеждар Бөкенбаев, Сәрсенғали Ешпаев, Иманғали Білтабановтар сынды ерлерімізді, Ақтөбе жерінде жасақталған 312 атқыштар дивизиясын мақтанышпен айта аламыз. Бұл ұрпақтар сабақтастығы. Солардың бірі халқының тәуелсіздігі үшін атқа мініп, соңына қалың жұртын ерте білген Бөкенбай Қарабатырұлы. Батыр бабамыз өмір сүрген XVIII ғасырдың басы қазақ халқының тағдырына сын болған, елдікті таразыға салған ауыр кезеңдер болды. Сондай сын сағатта Бөкенбай бабамыз жер қайысқан қол жинап, жоңғарларды елімізден қорғады. Оның ерлігі туралы Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин өз шығармаларында барынша айшықты жеткізе білді. Ал қазіргі заманда Ирина Ерофеева ғылыми негіздерін келтіріп, деректерді дәлелдеді», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Ескерткіштің ашылу салтанатына еліміздің әр өңірінен тарихшылар келіп, жазушы, кинодраматург Елубай Смағұл, депутат Хабибулла Жақыпов, батыр ұрпағы Мұратбай Сүйінғараев, мемлекет және қоғам қайраткері Сапар Сағынтаев, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Мәлік Жекеевке ескерткішті ашты.
«Халықтың басына сын сағаты соғатын кез болады. Сондай кезең XVIII ғасырдың басы болды. 1710 жылы сол сын сағат соқты. Яғни, қазақ ұлты қала ма, қалмай ма деген шақ еді. Халықтың көпшілігі, батырлар, билер, хандар, сұлтандар сағы сынып, Қарақұмда жиналып, әрі қарай не болатынын талқылады. Тағдыршешті сауалға жиналған кезде ел ағалары «жоңғарларға берілейік, басқа жол қалмады» деп ойлады. Алаштың туы жығылып жатқан тұста Бөкенбай батыр шығып, халықтың еңсесін көтерді. Қазір «егер Бөкенбай шықпай қалса, бағынышты ел болған кезде не болар еді» деп ойлағанда төбе шашымыз тік тұрады. Қазақтың тағдыры жолайлықта тұрғанда батыр күрес жолына бастап, халықты алып шықты», - деді жазушы Елубай Смағұл.