21 Мамыр 2019, 09:45 566 0 Өнер Túrkistan Gazeti

Ғарифолла Құрманғалиевті еске алғанда

Жуырда Абай атындағы опера және балет театрында Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығы аталып өтті. Көрнекті әншінің құрметіне және Абай атындағы опера және балет театрының 85-мерейтойлық маусымына орай «Опера арнау» атты антология-концерт ұйымдастырылып, классикалық өнердің орындаушылары Алматы тыңдарманына ғажап кеш тарту етті.

Мерейтойға арнайы ұйымдастырылған конференциядасөз алған Абай атындағы опера және балет театрының директоры Ая Қалиева: «Ғарифолла Құрманғалиев – қазақ ән өнерінің ірі тұлғасы, тамаша домбырашы, жарқылдаған терме мен желдірменің қайталанбас орындаушысы. Батыс Қазақстанның вокалдық-аспаптық дәстүрлерінің бірден-бір сақтаушысы мен ізін жалғаушы»,– деді жезтаңдай әншінің шығармашылығы хақында.

Ғарифолла Құрманғалиев 1966 жылға дейін Опера және балет театрының әншісі болды. Шетелдік сапарларға жиі шықты. Шетелдік тыңдармандар Ғарифолланың дауысының бірегейлігіне және қайталанбас орындаушылық мақамына тамсанып, оның дауысын үнтаспаға жазып алған екен. Бірде бірегей құбылысқа сүйсінген италиялықтар Ғарифолла Құрманғалиевтің көмейінің көшірме бейнесін жасауды ұйғарады. Бұл көшірме қазір Генуя мұражайында сақтаулы. Ол ұшы-қиырсыз даланың кеңдігімен ғана өлшенетін аңызға айналған дауысымен Ресей, Қытай, Пәкістан, Иран, Германия жұртын да бір тыңдағаннан баурап алған.

Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзат Дәуірбаева, Дина Дүтмағанбетова, Балапан Жұбаева, Болат Бөкенов, Талғат Күзембай, Болат Жомартов, халықаралық байқаулардың лауреаттары Нұржан Бажекенов, Олег Татамиров, Дулат Тоқанов, Есенгелді Рза, Зарина Алтынбаева, Болат Қанағатов, Надия Наденова, Балуан Беркенов, Жадыра Аманова сияқты театрдың үш буындағы талантты әртістері ұлттық репертуардан жекелеген ариялар орындады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе: «Ғарифолла Құрманғалиев халықтың өз арасынан шыққан, дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлдерінен сабақ алған, өзі де аса айырықша дауысының арқасында даңққа бөленген ғажайып әнші. Халық өнерін батыстың классикалық шығармаларымен де байланыстыра алған дарын иесі. Алғашқы қазақ операсынан бастап бүгінгі күні репертуарда жүріп жатқан ұлттық опералардың арасын жалғап жатқан көзге көрінбес тін бар. Бұл концерттің ерекшелігі сонда, концерттік бағдарламада театрдың 85-жылдық тарихында құрылған қазақстандық композиторлардың операларындағы ариялар мен көріністерді ұсындық. Көпшілікке танымал бірнеше арияларды іріктеп алдық. Сондай-ақ, Ғарифолла Құрманғалиевтің сирек кездесетін суреттері, бейнероликтері көрсетілді. Театрдың шығармашылық труппасы осы кешті біздің жетекші тұлғаларға - қазақ операсының дамуындағы барлық адамдарға арнайды», – деді.

Іс-шара аясында Arte галереясында ән өнерінің әйгілі тұлғасының өмірінен сыр шертетін «Ғарифолла Құрманғалиев – қазақ даласының аңыз әншісі» атты фото көрме ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар