5 Сәуір, 12:44 664 0 Өнер TURKYSTAN.KZ

СӨЗ СӘУЛЕСІ

М. Әуезов атындағы Мемлекеттік, академиялық Қазақ драма театрында белгілі қаламгер, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбайдың «Сөз сәулесі» атты шығармашылық кеші өтеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президент сыйлығының лауреаты, Алматы қалалық Мәслихатының депутаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Қали Қошқарұлы 1959 жылдың 22-наурыз күні Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. Алпыстың асқарына аяқ басқан қаламгер саналы ғұмырын қазақ руханияты, әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне арнап келеді. Оның жазғандары көп ішінен дараланып, ерекшеленіп тұратынын замандас әріптестері де жиі айтады. Содан болса керек 60 жылдық мерейтой қарсаңында өткелі жатқан кешке «Сөз сәулесі» деген атау таңылған. «Пендешіліктен биік тұрмаған талант таусылады, шашылып қалады», «Тіліңді білмесең, өмірбақи тіліңді тістеп өтесің» деген уытты ойлар сөзге сәуле шашып тұрғандай. Қали Сәрсенбайға Әбдіжәмил Нұрпейісов «...Сенің жазуыңда культура бар» деп баға берген екен.

Ақын Маралтай Райымбекұлы Facebook-тегі парақшасына «Қадірлі Қали ағаның шығармашылық кешіне өзін нағыз қазақпын деп сезінетін, қазақ сөзінің ділі мен дітін бағамдай алатын кісі ғана келсе болар. Басқалар не түсініп, не білер... Ұлт Өнерінің мәртебесі мерейленіп, алапасы артар жиынға қамдан ойлы қазақ!!!», – деп жазыпты. Ендеше мәдениетті жазу иесінің кеші 13 сәуір күні, сағат 14:00 де өтеді. Қапы қалмаңыз!

Соңғы жаңалықтар