414
Зілтеміршілерге артылған үміт
Зілтеміршілерге артылған үміт
Қазақстан Ауыр атлет майталмандарының әлем спортында алатын орны ерекше. Осыны ескерсе керек, Қазақстан Республикасының Ауыр атлетика федерациясы жас атлеттерді қолдауға бағытталған «Жас қуат» бағдарламасын бастады.
Аталмыш бағдарлама Rompetrol компаниясының қолдауымен жүзеге асатын болады. Жоба аясында келешегінен үміт күттіретін, жасы 20-ға дейінгі атлеттер бір жыл бойы арнайы шәкіртақы алып отырады. Бұдан бөлек, «Жас қуат» бағдарламасы бойынша аймақтық спорттық мекемелердегі ауыр атлетика секцияларына жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық база күшейтілмек.
Қазіргі уақытта Федерация кеңесінің бапкерлері шәкіртақыдан үміт ете алатын спортшылардың іріктелу талабын әзірлеген. Оған сәйкес, міндетті түрде «спорт шеберіне үміткер» спорттық дәрежесі болуы керек. Сонымен бірге, допингке қатысты дауы болмауы тиіс.
«Өңірлердегі жас атлеттерді қолдау идеясы баяғыдан бар еді. Оның үстіне биылғы жылды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Біз аймақтардан үздік деген 85 атлетті таңдап алуды көздеп отырмыз. Олардың бәрі де федерациядан жыл бойы шәкіртақы алатын болады. Біздің жастар үшін бұл айтарлықтай қолдау және жігерлендіру тетігі болмақ. Келешекте шәкіртақы иегерлері еліміздің атын әлемге паш етеріне сенім зор. Жақында ғана Лас Вегаста жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында жарқыраған жастарымыз секілді жас атлеттерге үміт артамыз», – дейді Федерацияның атқарушы директоры Алдияр Нұралинов.
Еске сала кетсек, өткен айда Лас-Вегаста ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өткен Əлем чемпионатында қазақстандық 5 зілтемірші бес алтын медаль алған болатын.