ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТЫП КЕЛЕДІ

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТЫП КЕЛЕДІ

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ  АРТЫП КЕЛЕДІ
ашық дереккөзі
614
Жуырда Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Италия Парламентінің, Италия Сыртқы істер және экономикалық даму министрліктерінің басшылықтарымен кездесті. Қазақстанның әлем елдерімен сауда-ынтымақтастық байланысы жыл артқан сайын нығайып, ол өз кезегінде экономиканың өсуін ілгерілетуде. Еліміз 2018 жылы жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің жыл сайынғы рейтингінде 140 мемлекеттің ішінен 59-орынға тұрақтағаны белгілі. Италия экономикалық даму министрінің орынбасары Андреа Чиоффимен өткен келіссөздер шеңберінде тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Р. Василенко дипломатиялық қатынастар орнатылған 27 жыл ішінде Қазақстан мен Италия екіжақты ынтымақтастықты дамытуда әсерлі табыстарға қол жеткізгенін атады. Италия еліміздің екінші сауда серіктесі, тауар айналымы 13 млрд. АҚШ доллары. Тараптар арасындағы стратегиялық әріптестік, сауда-экономикалық және саяси ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөніндегі бірқатар шаралар қабылданбақ. Кездесу барысында Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуетіне және Жібек жолының жаңа тұжырымдамасын іске асырудағы еліміздің негізгі рөліне ерекше назар аударылды. Тараптар іске кіріскен біріккен қазақстан-итальяндық кәсіпорындарды қолдау сондай-ақ цифрлық технологиялар, инфраструктуралық даму және агрокәсіптік кешен саласындағы жаңа бірлескен жобаларды әзірлеу арқылы ынтымқастықты нығайтуға ұмтылысын атап өтті. Бір айта кетерлігі қазіргі уақытта ҚР-да Италияның қатысуымен 164 біріккен кәсіпорын жұмыс істейді. ҚР сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары Р. Василенко Италия Парламенті Депутаттар палатасының вице-президенті Этторе Розатомен және Депутаттар палатасының квесторы (жауапты хатшы), Қазақстан-Италия достық тобының төрағасы Эдмондо Чиреллимен де кездесті. Екіжақты және көпжақты сипаттағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Парламентаралық байланыстарды, соның ішінде ынтымақтастық топтарының белсенді өзара іс-қимылы және заңнамалық қызметтегі тәжірибе алмасу арқылы дамытудың маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда Министрдің орынбасары итальян заң шығарушы орган басшыларының 23-24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Әріптестік» Еуразия елдері Парламенттері Спикерлерінің 4-кеңесіне қатысуларына үмітін білдірді. Италиялық заң шығарушылар Қазақстан мен Италия арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына жоғары баға бере отырып, парламентаралық қатынастардың әріптестікті дамытудағы маңызды құрал екенін айтты. Кездесудің қорытындысы бойынша белсенді парламентаралық байланыстарды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Роман Василенко сапар соңында Халықаралық ұйымдардағы итальяндық қоғамында (SIOI) «Орталық Азия және аймақтық тұрақтылық: Қазақстанның стратегиялық рөлі» тақырыбымен болашақ дипломаттар алдында лекция оқыды. Министрдің Орынбасары итальяндық студенттерді Нұр-Сұлтанның Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты нығайтудағы дәйекті бағытымен таныстырды, сонымен қатар еліміздің саяси өміріндегі жаңа өзгерістер аясында осы курстың жалғасып келе жатқанын атап өтті. Мамандардың болжамы бойынша Қазақстан осы жылы жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде тағы бірнеше сатыға жоғарылауы мүмкін. Өткен жылы рейтинг жүргізу жүйесіндегі индикаторлардың 70-ке жуық пайызы жаңартылғандықтан, нәтижелерді өзге жылмен тікелей салыстыру мүмкін болмаған. Соның өзінде 12 фактор бойынша өсім байқалған еді. Оның ішінде: институттар, тауарлар мен еңбек нарығы, инфрақұрылым және қаржыландыру жүйесі жақсарған. Сондай-ақ, 140 мемлекеттің ішінен Қазақстан акционерлердің құқығы, құқықтық базаның тұтастығы, электр желісімен қамтамасыз ету салалары бойынша алға шыққан. Жеке іс ашу қолжетімділігі бойынша – 7-ші және мүдделер дау-дамайын реттеу бойынша 11-сатыға көтерілген-ді. Бұл көрсеткіштермен Қазақстан ТМД елдері арасында Ресейден кейін екінші орында көрінді. Ал әлем бойынша алғашқы төрттікті өткен жылғыдай АҚШ, Сингапур, Германия және Швейцария бастап тұр.

«Түркістан-ақпарат»

Серіктес жаңалықтары