3 Сәуір, 13:38 273 0 Шоу-бизнес TURKYSTAN.KZ

Авторлық құқық пен авторлар мәселесі

Жуырда ҚР Парламент Сенатаның комитеті авторлық және сабақтастық құқықтарды ұжымдық негізде басқару келісімін ратификациялау туралы заң жобасын талқылады. Енді, аталған құжат Сенаттың жалпы отырысында қаралады.  

ҚР Әділет вице-министрі Наталья Панның айтуынша, авторлық және сабақтастық құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісім осыдан екі жыл бұрын Еуразиялық экономикалық комиссияның кеңесінде рәсімделген болатын. Осы құжат авторлардың құқықтарын ЕАЭК аясында қорғауға мүмкіндік береді.

«Құқықтарды ұжымдық басқару жүйесі арқылы музыкалық және драматикалық шығармалар, фотограммалар, сондай-ақ, бейнелеу өнері қорғалады. Бүгінде Қазақстанда авторлық құқықтарды қорғайтын 9 ұйым бар. 1998 жылы құрылған Қазақстан авторларының қоғамы музыкалық және музыкалық шығармалар бойынша жұмыс істейді. Ал 2008-2010 жылдары орындаушылар мен фонограмманы жасайтындардың құқықтарын қорғайтын ұйымдар құрылған болатын. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы авторлардың құқықтары да арнайы ұйымдар арқылы қорғалады», – деді Н.Пан Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитеттің кеңейтілген отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, келісімде ұжымдық басқарудың әдіс-тәсілдері көрсетілген. Осы саладағы ұйымдардың мақсат-міндеттері және оларды мемлекет тарапынан бақылау шаралары бар.

«Құжатта авторлардың сыйақысын төлеу тәртібі де жазылған. Осы құжатқа сәйкес, ұйымдар өз шығындарын өтеу үшін сыйақының 50 процентіне дейінгі сомасын ұстай алады. Бірақ әрбір мемлекет өз заңнамасында аталған көрсеткіштің шекті мөлшерін бекітуге құқылы. Мәселен, бүгінде Қазақстанда авторлық ұйымдарға сыйақының 30 процентінен артық соманы ұстап қалуға рұқсат жоқ. Бұдан бөлек, келісімде әрбір бес жыл сайын аудиторлық есепті жариялау мәселесі ескерілген. Сонда авторлар ұйымдардың сайттарына кіріп, барлық есеп-қисаппен таныса алады. Осының арқасында авторлық ұйымдардың ашықтығын қамтамасыз етуге болады. Ал өз міндеттерін дұрыс орындамайтын ұйымдарды жауапқа тарту жағы қарастырылған. Оларға аудит те жүргізіледі», – деді Н.Пан.

Соңғы жаңалықтар