Балалардың басылымдарын үлкен күрескерлікпен шығарып жатырмыз

Балалардың басылымдарын үлкен күрескерлікпен шығарып жатырмыз

Балалардың басылымдарын үлкен күрескерлікпен шығарып жатырмыз
ашық дереккөзі
763

Бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің жан серігіне айналған балалар басылымы дегенде ең алдымен ойға оралатыны – «Жас өркен» серіктестігі құрамындағы «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері мен «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары. Биыл талай қаламгердің қолына ең алғаш қалам ұстатқан «Ұлан» газетіне 85 жыл, «Ақ желкен» журналына 90 жыл толып отыр. Атаулы мерейтойды әріптестеріміз дүркіретіп атап өтті. Әдебиет пен журналистиканың бірнеше буын өкілдерінің басын қосқан мерейтой жаңалықтарға да толы болды. «Жас өркен» серіктестігінің Бас директоры, жазушы Жүсіпбек Қорғасбекті еліміздегі балалар мен жасөспірімдердің бас басылымдарының бүгінгі жағдайы туралы әңгімеге шақырдық.

– «Ақ желкен» журналына 90 жыл, «Ұлан» газетіне 85 жыл толды. Мерейтойларыңыз құтты болсын! Тойды қалай атап өттіңіздер?

– Мерейтой өте жоғары деңгейде өтті деп айтуға әбден болады. Бұл – менің ғана пікірім емес. Тойға қатысқан Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы, Смағұл Елубай сынды белгілі жазушыларымыз, Марат Тоқашбай, Жұмабек Кенжалин, Нұржан Сұраншиева секілді еліміздегі іргелі баспасөз құралдарының басшылары да осындай баға берді.

Бұл қуанышты бізбен бірге бөлісу үшін республиканың түкпір-түкпіріндегі белсенді тілшілеріміз, мектеп оқушылары келді. Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, тағы басқа облыстардан 50 шақты мектеп оқушылары екі күндік форумға қатысты. Форум аясында белгілі қайраткерлермен жүздесу, театрға саяхат, фототілшілер ассоциациясымен кездесу, тағы да басқа  түрлі шаралар ұйымдастырылды. Оқушылардың осы шараға белсене атсалысып, жүгіріп жүріп еңбек еткенін үлкен қаламгер ағаларымыз көріп, таңдай қақты. «Мыналар жақсы балалар ғой. Бізден кейінгі ұрпақ, тәуелсіз еліміздің болашақ жастары осындай екен», – десті.

Біз екі бірдей басылымның мерейтойын өзгеше өткізуге тырыстық. Әр нәрсенің жаңаша сипатта өткені дұрыс қой. Ұлттық кітапханада өткен мерекелік шаралардың маңыздысы – «Ақжелкеннің ұландары» кітабының тұсаукесері болды.  Бұл жинаққа «Ұлан» мен «Ақ желкеннен» қанаттанып ұшқан белсенді тілшілеріміздің туындылары енді. Екі ақын, екі прозашы жігіттің шығармалары жинақталған кітаптың тұсаукесер рәсіміне Дулат Исабеков ағамыз қатысып, өзінің ақ тілегін жолдады. Смағұл Елубай да авторлардың әрқайсысына қатысты жеке ой-пікірін айтты. Жігіттердің талантына таңдай қағып жатқан ақын-жазушылар әлі де бар. Бірақ бұл біз шығарған бірінші кітап емес. Бұдан бұрын Кітап палатасымен бірігіп, «Жауқазын жылда гүлдейді» атты жинақ шығарғанбыз. Ол кітапқа мектеп оқушылары мен студенттердің жазған өлеңдері мен әңгімелері енді. Жинаққа енген шығармалардың барлығы кезінде «Ұлан» мен «Ақ желкенде» жарияланған, содан іріктеліп алынған шығармалар болатын. Кітаптың алғысөзін өзім жазып, Кітап палатасының демеушілігімен жарыққа шығардық.  Бұл үрдіс әрі қарай да жалғаса береді деген үмітіміз бар. Өйткені қазіргі кезде әдебиетке қадам басып жатқан мектеп жасындағы балалар өте көп. Мұны редакциямызға келіп жатқан хаттардан жиі байқаймыз.

– Балалардың бас басылымдарының бүгінгі тіршілігі қалай екен?

– «Жас Өркен» серіктестігінің құрамында «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары мен «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері бар. Балалар алғаш әріп тани бастаған кезде әліппемен бірге қолдарына «Балдырғанды» алады, одан кейін есейе келе «Ұлан» газетінің оқырмандарын толықтырады. Жоғары сыныптарға өтіп, студент болған кезде «Ақ желкен» журналын қолға алады. Есейген кезде де біздің газет-журналдардан қол үзбей жүрген тұрақты оқырмандарымыз бар. Бізге әлі күнге дейін хабарласып тұратын аға-апаларымыз бар. Олар 85-90 жылдық тарихы бар басылымдармен бірге жасап келеді.

2008 жылдары «Ақ желкен» журналының бір шығып, бір шықпай жатқан кездері болған. Сол жылдары газет-журналдардың тиражы да қысқарып қалды. Алайда бүгінде екі журнал да, екі газет те үзіліссіз жарыққа шығуда. Қазір таралым мәселесі де дұрыс жолға қойылды. Мәселен, «Ақ желкен» журналының таралымы 2009 жылдан бері үнемі өсіп келеді. Журналдың бүгінгі таралымы – 8 мыңға жуық. «Балдырған» журналының таралымы – 35  мыңдай. Жылдың басында 38 мыңға жетіп қалады. «Ұлан» газетінің 10 мыңнан астам, «Дружные ребята» газетінің 5 мыңнан астам тиражы бар. Сонда барлығы 60 мыңдай таралыммен тарайды. Ендеше «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкенге» қатардан қалмай, бала-шағаның бәрі жазылуы керек.

Сонымен қатар, қазір серіктестіктегі шығармашылық құрам сұрыпталды. Әр басылымда 6-7 адамнан, барлығы отыздан астам адам жұмыс істейді. Қазіргі уақытпен есептегенде бұл аз да емес, көп те емес.  Ұжымдағы мамандардың шығармашылық қабілеті жоғары. Мәселен, менің орынбасарым Жұлдыз Әбділда республикаға танымал журналист, журналистикада өз орны, салмағы бар. Одан кейін белгілі қаламгерлер Байбота Қошым-Ноғай, Керім Елемес, Серік Нұғымандарды айтуға болады. Жастардан Жадыра Нармаханова, Балжан Мұратқызы, Қарлығаш Досанова, Асылан Тілегенов, Бекзат Смадиярлар да танымал болып қалды. Ұжымымызда Данияр Саламат есімді кинорежиссер, жазушы, журналист азамат бар. Данияр 5 көркемфильм түсірген. Қазір экрандағы дүниелер санамызды жаулап алды. Осы тұрғыдан келгенде жастар мен жасөспірімдерге оң бағыт көрсетіп, жақсы мен жаманның ара жігін ажыратып беретін маманның көмегіне жүгінгеніміз дұрыс деп шештік.

– Балаларға арналған басылымдар жасөспірімдерді, балаларды тәрбиелеуге бағытталады. Ал бүгінгі жастар арасында жігерсіздік, қатыгездік, уақыттың қадірін білмеу секілді жайттар жиі қылаң береді. Бұл тәрбиенің аздығынан ба?

– Бұл  қоғамда үлкен түйткілге айналды. Әрбір ұлт, әрбір халық өзінің ұрпағының келешегін ойлауды мықтап қолға алмаса болмайтын заман келді. Өйткені қазір балалар мен жасөспірімдердің санасына ықпал ететін, әсер ететін дүниелер шамадан тыс көбейді. Қазір әр баланың қолында ұялы телефон бар, интернет парақтарын содан-ақ қарай береді. Түрлі сайттарға кіреді. Ғаламтордан өздері қалаған мағлұматтарды оқиды. Бұрын оқулықты, одан кейін хрестоматияны және әдеби кітаптарды оқумен шектелген балалардың қазір ақпарат алу кеңістігі кеңеюде. Олар қазір әлемде болып жатқан жаңалықтарды, оқиғаларды дер кезінде біліп отыруға мүмкіндік алды. Түрлі сайттар мен ақпараттық порталдарда көбінесе ұрыс-керіс, соғыс, төбелес, қырғын, апат туралы айтып, жазып, көрсетіп жатады. Ал мұның бәрі жасөспірімдер мен балалардың психикасына кері әсер ететіні сөзсіз.

Адамның иммунитеті деген түсінік бар емес пе? Сол секілді ұлттың да иммунитеті болады. Ал балалар мен жасөспірімдердің иммунитеті әлі де толық қалыптаспаған. Бұлар кез келген дүниені, әсіресе, теріс әрекеттерді тез қабылдап алады. Сондықтан, біз экраннан үлгі-өнеге болатын дүниелерді көптеп көрсетудің ретін табуымыз керек. Балаларға көрсететін дүниені өзіміз жасамасақ болмайды. Қазір газет-журналдарымызда ұлтты алаңдататын мәселелерге көп назар аударамыз. Біздің үкіметтік баспасөз құралы  болып саналатын 4 басылымымыз бүкіл тақырыптарын осы бағытқа бұрды. Турасын айтсам, газет-журналдарымызды шын мәнінде үлкен күрескерлікпен шығарып жатырмыз. Өйткені оқырман жаппай тез қабылдап жатқан жеңіл-желпі дүниелерге қарсы материалдар беру және мақаланы  оқылымды етіп беру оңай емес. Оның үстіне көтеретін тақырыптарымыздың да жүгі жеңіл емес. Сондықтан, біз жұмысқа орналасуға құлықты тілшілерге өте қатаң талап қоямыз. Шығармашылық ұжымдағы журналистерге де артылған жауапкершілік мол, қойылған талап қатаң. Бүгінгі журналистің аргументтері мықты, дәлелді болу керек, айтарын санаға сынадай қағып, сіңіріп жаза білуі керек. Содан кейін түрлі сайттардағы ақпараттардан да оқылымды дүниелер жазуға міндеттіміз. Балалар салыстыра келгенде бізге қарай назары ауып, газет-журналдарды таңдауы керек.

– 2008 жылы алғаш «Жас Өркенге» келгеніңізде серіктестіктің халі мүшкіл болыпты. Бұл сол кездегі балалар баспасөзіне деген көзқарасты білдіре ме?

– 2008 жылдары басқа басылымдардың да жағдайы аса керемет болды деп айта алмаймын. Бірақ осы балалар басылымдарында біршама қиындықтар болғаны шындық. Жоғарыда  айтып өткенімдей, сол кезде қаражат жетіспегендіктен «Ақ желкен» журналы біраз уақыт шықпай қалды. Содан кейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің тізгіні  Мұхтар Құл-Мұхаммедке бұйырды. Мен 2008-2009 жылдардың ортасында «Жас Өркенге» директор болып келдім. Сол кезде министрлікте алқа мәжілісі өтті. Жиынды Мұхтар Құл-Мұхаммед өзі жүргізді. Барлығы сөйлеп, пікірлерін білдіріп жатты. Ал мен «жаңадан келе салып, сөйлегенім ыңғайсыз болар» деп күттім. Бірақ керек нәрсені айтпасқа тағы болмайды. Сөйтіп сөйлеуге рұқсат сұрадым, министр сөз кезегін ұсынды. «Алыс ауылдарға дейін барлық мектептер компьютерлендірілді деп жатырмыз. Ол – рас. Балалардың барлығы компьютерді, интернетті қолдануды үйренді. Ал сол балалар үшін шығарылып жатқан басылым журналистерінің алдында компьютер, интернет деген атымен жоқ. Бұл қалай болғаны?», – деп өзім көзбен көріп-біліп отырған жайтты жайып салдым. Менің сөзімді мұқият тыңдаған министр бірден мәселе көтеріп, түйткілді «Жас Өркенмен» бірігіп шешетіндігін айтты.

Содан кейін бұл олқылықты бірден қолға алып, журналистерді барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Бүгінгі заманға сай  технологияға, ғаламторға қол жеткізіп, тілшілерге көңіл бөлінгеннен кейін журналистер де қанаттана бастады. Тілшілердің мүмкіншіліктерін арттыру арқылы  замануи еліміздегі мектептермен байланыс орнатуды қолға алдық. Газет-журналдардың көлемін екі есеге дейін көбейттік. Материалдардың сапасы, мазмұны жақсарды. Басылымдарымызда қызықты тақырыптар ұсыныла бастады.

Сол уақытта журналистерге «Біз балалар мен жасөспірімдердің құқығын қорғауымыз керек. Олардың құқығымен қатар біз ата-аналардың, ұстаздардың құқығын қорғауға міндеттіміз» деген ойды ұғындыруға күш салдым. Міне, біз өз жұмысымызға осыны басты бағыт ретінде алдық. Осыдан кейін газет-журналдарымызға жан кірді. Басылымдар бүгінгі күні оқырмандар іздеп оқитын тақырыптарға қатысты материалдармен толықты.

Тіпті, сол кезде басылымдардың оқырман қолына жетуі де қиын болатын.  Мысалы, осы айда шығатын журнал оқырманның қолына үшінші айда ғана тиеді екен. Бұл баспасөздегі үлкен кемшілік. Қазір бұл мәселені де ретке келтірдік, газет-журналдардың оқырмандарға өз уақытында жеткізілуін бақылап отырамыз. Бұрынырақта «газетке, журналға жазылдық, бірақ үйімізге келмейді» деп ренжитін жазылушыларымыз көп еді. Енді «Қазпоштамен», өзге де газет-журнал жеткізуші компаниялармен келісімге келіп, басылымдарды үйіне дейін апарып беру туралы келісім жасадық.

Тағы бір қолға алған жұмысымыз – оқырман хаттары.  Оқырмандармен тікелей байланыс орнату үшін, біз олардан келген хаттарды «Ұлан» мен «Ақ желкенге» жариялай бастадық.  «Ұланда» оқырман хаттарына арнайы бет арнап, «Ақ желкен» журналында «Ақжелкеннің поштасынан» деген жаңа айдар аштық. Журналдың үштен бір бөлігінде оқырмандардың хаттарын жариялап отырамыз. Соның нәтижесінде республиканың барлық меткептерінде, аудандар мен облыстарда біздің белсенді тілшілеріміз пайда болды. Ал белсенді тілшілерімізді қанаттандырып, олардың ынта-жігерін арттыру үшін журналдың мұқабасына жас тілшілер ретінде олардың есімдерін жазып жүрміз.  Авторларға қаламақыны үзбей беруді қолға алдық. Жергілікті жерлерден келген хаттардың авторларына да аздаған қаламақы тағайындадық. Әрине, қаламақының көлемі үлкен емес. Десек те, балалардың еңбектері далаға кетпесін деген оймен осылай жасап отырмыз.

Басылымдардағы жағдай  бірте-бірте өз орнына келді. Басшылық та, билік те біздің өтініштерімізге құлақ аса бастады. Қазір біздің басылымдар ақпарат кеңістігінде өзіндік орны, айтатын ойы бар, көпшілік санасатын, іздеушісі бар газет-журналдарға айналды.

– Ақын Ескен Елубаевтың «Түбінде әдебиет жоғалады. Бірақ балалар әдебиеті қалады» деген сөзін бір сұхбатыңызда келтіріпсіз. Бүгінгі балалар әдебиетінің ахуалы қандай?

– Менің қатысуыммен қазір «Абай.kz» сайтында оқырман конференциясы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 60-тай сауал қойылыпты. Соның біразы осы балалар әдебиетіне қатысты. Шыңғыс Айтматовтың «Объектім – балалар, идеям – үлкендердікі» деген бір сөзі бар. Әдебиеттің мүмкіншілігі мол ғой. Үлкендерді жазып отырып, идеяңды балаларға арнауға болады, балаларды жазып отырып, идеяңды үлкендерге арнауға болады.  Тіпті, екі тарапқа ортақ идеялармен де жазуға болады.

Әлгі интернет-конференцияда маған жолданған сауалдардың ішінде: «Балалар әдебиетінде жүрген ақын-жазушыларымызға неге назар аударылмайды? Оларға неге үлкен сыйлықтар берілмейді? Неге олардың ішінде Мемлекеттік сыйлық алған ақын-жазушылар жоқ?» деген мазмұндағы  сұраққа көзім түсті. Ең алдымен, «Бүгінгі балалар әдебиетінде Мемлекеттік сыйлыққа лайықты шығарма бар ма?» деген заңды сұраққа жауап табуымыз қажет. Тап бүгінгі күні бұза жарып тұрған дүниені көрмесек те, жақын болашақта ондай туынды болуы мүмкін, жазылуы мүмкін.

Қазір жыл сайын белгілі кәсіпкер, ұлтжанды азамат Бауыржан Оспановтың қамқорлығымен «Дарабоз» сыйлығы тағайындалып, арнайы бәйге жарияланып, жыл сайын онға жуық жазушыға жүлде беріп жүр. «Дарабоздың» жүлдесіне ие болған үздік шығармаларды «Ақ желкен» журналы мен «Ұлан» газетінде жариялап жүрміз. Осы «Дарабоз» сыйлығы түптің-түбінде бір жазушыны немесе бір кітапты Мемлекеттік сыйлық дәрежесіне дейін сүйреп шығаруы ғажап емес. Сондықтан, қаламгерлер арасындағы бұл бәйгені ұйымдастырушы азаматтарға, соған демеушілік жасаған Бауыржан Оспанов секілді кәсіпкерлерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

«Балдырған» журналында негізінен балаларға арналған шығармалар жарық көреді. Оқыған кезде жаттап ала қоятындай туынды жазу керек деген талап қойдым. Балалар әдебиетінің жанрлары өте көп. Сол жанрлардың барлығын тірілту қажет. Санамақ, жаңылтпаш, жұмбақтан бастап барлығын қайта жандандырып, ақын-жазушыларға жаздыру керек.

Ал 20-30-жылдары біздің ақын-жазушыларымыз балаларға арнап не жазды? Моңғолия, Қытайдағы ақын-жазушыларымыз ертеректе қандай дүниелер жазды? Міне, осының бәрін мұрағаттан іздеп, шаң басып жатқан еңбектердің тозаңын қағып, газет-журналдарымызда жариялағанымыз жөн. Ол туындылар тілдің тұнық, таза кезінде жазылған дүниелер. Қазір үлкендердің аузынан естіп жүрген мақал-мәтелдер, қанатты сөздерге айналып кеткен балаларға арналып жазылған өлеңдер, аңыз-әңгімелер де сол дәуірдің шығармалары. Енді сол 20-30-жылдардағы газет-журналдарда балаларға арналған ақын-жазушылардың туындылары жарияланбауы мүмкін емес. Біз соны қайтадан жарыққа шығарып, бүгінгі ұрпаққа ұсынуға тиіспіз. Осы ұсынысымды білдіргенде Оразақын Асқар бастаған қаламы қарымды қаламгерлеріміз, арғы-бергі әдебиетті білетін жазушыларымыз біраз қызық дүниелерді алып келді. «Балдырған» журналындағы «Алтын сандық», «Күміс кебеже» айдарлары соның нәтижесі.

Алдағы уақытта да осындай қызықты деректер, еңбектер, бағалы, құнды материалдарды жариялауды жалғастырғымыз келеді. Қазақ балаларына арналған әдебиеттің тамыры тереңде екенін көрсетсек дейміз. Ауыз әдебиетінің өзінде балаларға арналған жұмбақтар, ертегілер, мақал-мәтелдер өте көп. Оның шет-шегіне шыға алмайсыз. Соның бәрін жиып-теріп, елден жинап, архивтен қарап, жариялап тұруды қолға алудамыз.

Балалар әдебиетінің қазір де белгілі, мықты өкілдері бар. Қадыр, Тұманбай ағаларымыздан қалған мұра бар. Оразақын Асқар, Қастек Баянбаевтың тұстастары балалар әдебиетін алға сүйреуде. Серік Байхоновтар да балаларға арнап өлеңдер жазып жүр. Сұлтан Қалиевтің бір өзі талай қаламгердің жүгін арқалап келеді. Облыстарда тұратын ақын-жазушылардың ішінде Баянғали Әлімжанов, Ақылбек Шаяхметов, Әли Ысқабаев үзбей жазып тұрады. Сондай-ақ, балалар әдебиетіне ден қойып келе жатқан жастар да аз емес. Кеше ғана тұсауын кескен «Ақжелкеннің ұландары» атты кітапқа енген Мейіржан Жылқыбай алғашқы повесімен «Дарабоздан» сыйлық алып, Дулат Исабеков секілді үлкен жазушылардың көзіне түсті. Қанат Әбілқайыр «Көршінің қызы» деген повесі үшін «Дарабозда» сыйлық алды да, біздің «Ақжелкен» журналында жарияланып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Дидахмет Әшімхан ағамыз да сол хикаятқа өте жоғары баға берді. Өзіміз де ұнаттық. Сондықтан да олардан үлкен үміт күтуге болады.

Ал үлкен сыйлықтар беру туралы сауалға келер болсақ, 1974 жылы «Өлгендер қайтып келмейді» романы үшін Бердібек Соқпақбаев Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған. Бірақ сол кезде оны өткізбей тастады. Ал қазір сол «Өлгендер қайтып келмейді», «Менің атым – Қожа» шығармалары классикалық дүниелерге айналды. Тіпті, Мұқағали Мақатаевтың да балаларға арналған өлеңдері бар. Алайда ақынның ересектер үшін жазылған өлеңдері насихатталады да, балаларға арналған туындылары назардан тыс қалып жатыр. Ескен ағамыз дұрыс айтқан. Қазір ересектердің әдебиеті күрделі өзгерістерге түсіп жатыр. Бұрынғыдай әдебиеттің жеке жанрлары қалмады. Бүгінгі әдебиетте жанрлардың барлығы араласып кетті. Ертеректегідей әдебиеттің теориясына салып ешкім баға бермейді. Журналистика мен әдебиет мидай араласып кетті. Болашақта жазушылық ойшылдық деген әдебиеттің түп атасына тартуы мүмкін, әдебиет шарттарының бәрі өзгеруі ықтимал. Жаңа бір шарттар, талаптар пайда болуы мүмкін. Ал балалар әдебиеті өзгеріссіз осы қалпында қалады ғой деп ойлаймын. Балалар әдебиеті әрқашанда керек. Үлкендерге арналған әдебиет өзгеріске түссе де, балаларға арналған әдебиет өзгермейді. Жаңа сипатта болатын шығар, бірақ өзгермейді.

– Бүгінгі жастарды жазушыны, көркем шығарманы іздемейді деп жазғырады. Бұған кінәлі кім? Қаламгерлер оқырманның рухани сұранысын қанағаттандыра алып жүр ме?

– Қазір мынадай бір қызық жағдай қалыптасты. Біздің белді басылымдарымыздың көпшілігі «ел кітап оқымайды, оқырман көркем шығарма дегенді іздемейді» деп жазып жүр. Бірақ сол оқитын кітап елдің ішіне жетіп жатыр ма? Міне, соған ешкім назар аударып жатқан жоқ. Ешкім сол оқырмандардың арасына бармайды. Бір қаңқу сөздерді алады да, газет бетіне жариялай береді. Мысалы, ауылдық жерлерге барып, бір кітаптың немесе журналдың шетін көрсете қойсаңыз, талап алып кетеді. Оқитын туынды оларға жетпейді. Қолдарында жоқ. Міне, мәселе осында.

Жоғарыда айтқан интернет-конференцияда бір оқырман «Үйіңізде кітапхана бар ма?»  деп сұрақ қойыпты. Біздің үйде кітап тұрмайды. Өйткені үйге ауылдан келетін қонақтар көп. Сол келгендердің бәрі үйдің бір қабырғасына жиналған кітаптарды не сұрап алады, не ұрлап алады. Ауылдан қонаққа келген ағайын-туыстардың арасынан қабырғадағы кітапқа назар аудармайтынын мен әлі  көрген жоқпын. Барлық меймандарымыз киімдерін шеше салып, міндетті түрде сол кітаптарды ақтара бастайды. Бірді-екілі кітаптарды қолтықтарына қысып кетеді.

Соңғы кезде мен кітапты көп оқимын. Өзім «Білім және Мәдениет» телеарнасынан «Кітапхана» деген қосымша бағдарлама жүргіземін. Сатиралық театрдың бір актері: «Жүсіпбек ағамды көрген сайын қатты ұялатын болдым. Бұл кісі 5 мың кітап оқыды, мен 5 кітап оқыдым», – дейді. 5 мыңға жетпесе де, бүгінге дейін оқыған кітабымыз көп.

– Бүгінгі заман өзгерді. Уақыт та өзгерді. Ал әдебиетшілер әлі де өткен күннің ережелеріне бағынады. Жазушыларды бағалайтын критерийлерді де өзгерту керек пе?

– Біздің жазушыларға қойылатын талапты өзгертетін уақыт жетті. Бұрын Кеңес дәуірінде жазушылар астарлап айтып, көркемдеп жазумен ұтатын. Ал енді бүгінгідей бәрі жария заманда астарлап айтып, көркемдеп жазудың амалы өзгерді. Бірақ неге екені белгісіз, жазушыларымыз өзгергісі келмейді. Ескі сүрлеуден әлі де шыға алмай келеміз. Алдыңғы қатардағы ақын-жазушыларымыздың өзі ескіше жазады. Ескіше дегенім социалистік реализм тұсындағы әдіс-тәсілдер. Қазір жаңа заман, өзге дәуір. Бұрынырақта тұмшаланған есік-терезенің барлығы ашылды, бүкіл жол ашық. Көрші отырған Қытай жазушысы Мо Янь, түрік жазушысы Орхан Памук, Беларусь жазушысы Светлана Алексиевич қандай ерекшелігімен Нобель сыйлығын алды? Сол қаламгерлердің жазу стильдері мына біздің жазып жүрген стильдерімізге мүлдем келмейді. Олардың бәрі жаңаша жазады. Сөйте тұра, олардың шығармаларында баяғы миф, мифология, бәрі қолданылады. Жапонның Нобель сыйлығын алған жазушыларын оқи бастап, ішіне бір кіріп алсаңыз, шыға алмайсыз.

Бүгінде әдебиет дискуссияға құрылып жатыр. Мысалы, Орхан Памуктың «Қар» деген романын алып оқып көріңіз. Біздің ақын-жазушыларымыз ол шығарманы аса ұнатпайды. Олардікі дұрыс та шығар. Бірақ мен сол романды қызығып оқыдым. Романның сюжеті мынадай: Пәренже жамылған қызды мектепке кіргізбей қояды, сол үшін аса діншіл біреу келеді де, мектеп директорын атып тастайды. Қыста жауған қалың қардан сыртқы дүниемен байланысын үзген таудың ішіндегі бір қалада тап осы мәселе дискуссияға түседі. Бүгінгі күннің мәселесі талқыға түседі. Ол жерде түрлі көзқарастар, түрлі дүниетанымдар, тіпті, түрлі діни ағымдар ашық айқасқа түседі. Ал жазушы содан қорытынды шығарады. Әрине, шығарманың ішінде пендешілік те, махаббат та бар. Мені қызықтырғаны сол романның ішіндегі дискуссия. Міне, қазір осындай дискуссияға толы романдар жазу керек. Бір оқиғаны ала салып, соны суреттеп жазып шығатын заман өтті. Өйткені күн сайын сан түрлі оқиғалар орын алады және оны ақпарат құралдары күн сайын жариялап отырады. Оның бәрін көзбен көріп, құлағымен естіп, санасымен түйсініп отырған оқырман жылап-сықтап жазған шығарманы оқымайды. Ал тап сол мәселені дискуссияға салып, түрлі көзқарастармен жазса, көзқарастарды жалаң пікірталасқа құрмай, адамдардың мінезін, болмысын қақтығысқа түсіре отырып жазатын болса, мұндай шығарма оқырманның көңілінен шығады. Бізге қазір осындай әдебиет жасау керек. Бірақ бұл біздің қолымыздан келер емес.

Жазушылар оқырмандардың сұранысын қанағаттандыра алмай жүрміз. Мен «Үлпілдек» деген шағын роман жаздым. Бір әдебиет сыншысы жақсылап мақтапты да, «бірақ сәтті эксперимент дей алмаймын» деп аяқтапты ойын. Ал мен әдейі солай табандатып отырып жаздым ғой. Оны Таласбек Әсемқұлов түсініп, жақсы пікір айтты. Амангелді Кеңшілікұлы түсініп, баспасөз беттерінде оң бағасын берді. Мен өзімді мақтаудан аулақпын. Кешегі Қажығұмар Шабданұлы жазған «Қылмыстың», Асқар Сүлейменов жазған «Бесатардың» орнына осы заманның жаңа сипаттағы шығармалары келу керек қой. Осындай шығармалар жазылуы керек емес пе? Мүмкін, бұл менің қолымнан келмейтін шығар, есесіне басқа жазушы мұны жүзеге асырады, оның қолынан келмесе келесі біреу жасауға тиіс. Мұндай эксперименттерге біз батыл баруымыз қажет. Бұл жай ғана қызық үшін жасалған эксперимент емес. Ол – уақыттың, заманның талабы, оқырманға әсер етудің жолы, жазылған кітапты, ойды оқытудың жолы. «Жазушылықтың ойшылдық деген түп атасына тартуы мүмкін» деген сөзім содан шығып отыр.

– Қазақтың ауыз әдебиеті мифологияға сүйенген. Тіпті, әлем әдебиетшілері де мифологияға иек артады. Ал біз бұл дәстүрден неге ажырап қалдық?

– Бүкіл әлем жазушылары мифологияға баяғыда кетіп қалды. Ал біз көз  алдымызда тұрған адамдарды жазамыз. Көз алдымызда тұрған адамның сана түкпірінде қандай құбылыстар болып жатқанын бағамдауға, саралауға батпаймыз. Ал оған бару үшін бізге миф керек, мистика керек. Сондай қадамға бара қалсақ әдебиет сыншылары қабылдай алмайды. Соңғы уақытта 200-ге тарта әдеби кітап жөнінде пікірталас ұйымдастырдым. Соның көпшілігін өзгеше бағыттарға бұрып, жаңаша баға беруге тырыстым. Біздің үлкен жазушыларымыздың тамаша романдары бар. Ішінде керемет сюжеттері бар. Батыл түрде әлем әдебиетіне таныстыруға болады. Бірақ сол бір керемет сюжеттің сыртында әлгі романның көлемін толтыру, саяси сұранысты қанағаттандыру, социалистік реализмнің шеңберінен шықпау үшін артық эпизодтар, артық сюжеттік линиялар қосалқы пайдаланылған. Соның бәрін сылып тастап, оқырман назарына қайтадан ұсынатын болса, онда ол шығарма үлкен қазынаға айналуы мүмкін. Сол арқылы әлем әдебиетіне жол ашуымыз мүмкін.

Мәселен, Әбіш Кекілбайұлының «Үркері» көлемді, қалың. Кітапты басынан аяғына дейін ішіне кіріп оқып шығу қиын. Ал енді кітапты толық оқып шықсаңыз, қызықты мағлұматтар аласыз, табиғаттың тылсымынан бастап адамдардың табиғатына дейін сан түрлі жаңалықтарға кезігесіз. Хан ордасы теңіз жағасында көшіп жүреді. Олармен бірге Тевкелев бастаған елші  қосыны қапталдаса қоныс аударып жүр. Бұл қатынасқа наразылық білдірген батырлар, кейбір бай-сұлтандар да қатарласа көшіп жүр. Олар үнемі бір-бірімен түрлі қақтығыстарға түсіп отырады. Бірін бірі ала алмайды. Мұндай ситуация әдебиет болса оқырманды, кино болса көрерменді тапжылтпай ұстар еді. Романның осы қалпына да ешқандай қарсы пікірім жоқ. Бірақ жоғарыда мен айтқан сюжеттік линияны жеке алып ұсынса, әлем әдебиетінде үлкен сыйлықтар алып жүрген шығармалардан бір де бір кем емес дүниеге айналар еді.

– «Ел аузында жүрген он кітап» сауалнамасын жүргізгеніңізді білеміз. Бүгінгінің үздік он кітабына қай шығармаларды жатқызасыз?

– Осыны енді «ел аузында жүруі тиіс жүз кітап» деп өзгерткім келіп жүр. Себебі мұндай кітап бізде емін-еркін табылады. Бүгінгі ғана емес, кешегі күннің әдебиетінен де осындай кітаптарды шығарып алуға болады. Ел аузында жүруге тиісті жүз кітапты таңдап алып, баспагерлеріміз қайтадан жариялап, көп тиражбен шығарып сатып көрсе, өткізе алады деп ойлаймын.

Ал Қажығұмар Шабданұлының «Қылмысын» біз әлемдік әдебиетке алып шығуымызға болады. Бұл – модернистік бағытта жазылған роман. Бірнеше кітаптан тұратын өте құнды дүние. Егер біз қазақ әдебиетін көтереміз десек, осы Қажығұмар Шабданұлының «Қылмысын» шет тілдеріне аударып, әлем әдебиетіне шығара алсақ, қазақ әдебиетінің көкжиегі кеңейіп, биікке көтерілер еді. Өкінішке қарай, біз мұнымен айналысып жатқан жоқпыз.

Содан кейін оқуға тиісті тізімнен түспейтін кітап Асқар Сүлейменовтің «Бесатары» дер едім. Тәкен Әлімқұловтың «Қаратауы». Кезінде Асқар Сүлейменовтың «Бесатары» да, Тәкен Әлімқұловтың «Қаратауы» да тыйым салынған дүниенің бәрін жазды. Қазіргі күні сол кітаптарды оқып отырып, бұл кітаптардың қалай жазылып, баспадан қалай өткендігіне, қалай жарық көргендігіне, авторлардың қалай айдалып кетпей, аман қалғанына таң қалам. Себебі Кеңес заманының неше түрлі сұмдықтары осы кітаптарда айтылған. Тәкен Әлімқұловтың «Қаратауы» мен Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы бір-біріне ұқсайды. «Өлгендер қайтып келмейдінің» ішінде де тыйым салынған дүниелерге жиі кезігесіз. Төлен Әбдіковтің бірді-екілі повестерінде осындай дүниелер бар.

Дулат Исабековті жұрт болсын-болмасын оқып жатыр. Мен айтпасам да қазіргі оқырман Тұрсынжан Шапай мен Тыныштықбек Әбдікәкімді оқиды. Есенғали Раушановты да осы тізімге қосуға болады. Дейтұрғанмен, Кеңес заманында да аса мықты жазушы деп есептелмеген, бүгінгі күні де жұрт аса назар аудара қоймаған марқұм Адам Мекебаевтың «Құпия қойма» деген романын айтып өткім келеді. Бұл әлгі он кітаптың да, жүз кітаптың да тізімінен түспейтін роман болуы керек. Адам Мекебаевтың романы туралы мен «Адам жазған апокалипсис» деген мақала жаздым. Бұл ашаршылық жылдарын көрсететін қазақ әдебиетіндегі бірден бір шоқтығы биік роман. Мұнда негізгі кейіпкер аштықтан қиналып, бала-шағасына балық аулап жүрген кезде біреулер балығына таласып, қуады. Сонда биік жотаға шығып, қар жапқан аппақ далаға қараса, ақ қар жапқан жердің беті шұп-шұбар. Барлығы аштан қырылған адамдардың өліктері. Қардың бетіндегі өліктер көмілмеген. Бұдан асқан қандай апокалипсис, қандай ақырзаман керек. Міне, осыны жазғаны үшін Адам Мекебаев менің көңілімнің төрінде үлкен әдебеиетші, үлкен жазушы. Баяғы ашаршылықтан кейін іле-шала жазылған бірді-екілі шығармаларды атауға болады. Бірақ Адамның Кеңес заманында жазған романында мынадай нәрсе бар: Шешесі баласын көтеріп, қызын жетектеп кетіп бара жатады. Қызы қалып қоя береді. Қарны аш, әлі құрыған. Содан шешесі қызын қорқытады. «Енді қалып қойсаң мен сені осы жерге тастап кетемін» дейді. Қызы жанталасып, шешесінен қалмауға тырысып, келе жатады. Сол кезде шешесіне: «Мен бәрібір бұл екеуін аман алып қала алмаймын. Бұл екеуіне бірдей тамақ тауып беру де қолымнан келмейді. Сондықтан, қызымды осы жерге тастап кетсем қайтеді» деген ой келеді.  Ақыры қызын сол жерге тастап кетеді. Міне, қалай сенімді, нанымды етіп жазған. Тағы бір эпизодын айтайын: Әлгі әйел өзінің туған ағасының үйіне келеді. Ал жеңгесі есікті тарс жауып алады. Сонда да қоймай әйел есікті тарсылдатып ашады. Сонда жеңгесі «ағаңның бізге сақтап отырған азық-түлігінің өзі мынау» деп қаптың түбін көрсетеді, «бірақ саған жартысын берейін» деп қоржынына бидай салып береді». Ал мұндай шығармаларды көзіңе жас алмай оқу мүмкін емес.

Біздің қазіргі оқырмандарда белсенділік болуы керек. Сондай-ақ, біздің әдебиеттанушыларда да белсенділік жетпейді. «Құпия қойма» деген не нәрсе деп қызығып, мен айтқан эпизодтардың бәрін қайта талдап, газет-журналдарға жариялауға болады емес пе? Жоқ, бұған ешкім назар аудармайды. Мұны не деуге болады. Мұны «өлі су»  деу керек.

Қазақ әдебиетінде жақсы жаңалықтар, ұтымды шығармалар бұрын да болған, қазір де бар, болашақта да болады. Бірақ соны біз ашып көрсете алмаймыз. Кеңес заманында белгілі бір тәртіп болған, сол тәртіп әдебиетте де болды.

Әбді-жәмил  Нұрпейісовтің «Қан мен тері» және «Сондай да бір күн болған», «Сондай да бір түн болған» деген романдар сериясын қайта оқуға ұсынар едім. Мысалы үш кітаптан тұратын «Қан мен тер» қайта жарық көрді. Әбді-жәмил Нұрпейісов әдебиетке еңбектеп жүріп тер төккен адам ғой. Қайтадан өңдеп, кейбір эпизодтарын алып тастап, кейбір жерін қайта қосып, шыңдап, қайтадан жарыққа шығарды. Осы үш кітаптан тұратын қалың романды бір бастадым да, тастағым келмей, соңына дейін оқып шықтым. Бұл шығарма да әлгі он кітаптың қатарынан табылуы керек.

– Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек бүгін не жазып жүр?

– Мен көп кітап жаза қойған жоқпын. Бес кітабым бар: «Көгілдір керуен», «Жансебіл», «Жынды қайың», «Үлпілдек», «Кітапхана». Қытайдағы өзіміздің қандастарымыз төте жазумен «Үлпілдекті» басып шығарды. Енді «Жансебілді» шығарғалы жатыр. «Креш» деген хикаятты жазып бітірдім. Бұл да Қытайда басылып  шықты, Қазақстанда әлі басылған жоқ. «Ақ жайық» журналы енді жариялап жатыр. Оны Айгүл Кемелбаева, Таласбек Әсемқұлов, Дәурен Қуат сынды ақын-жазушылар оқып, танысты. Пікір айтқан, сын айтқан тұстары бар. Осы туынды өзіме ұнады. Өзгеше жазылған тәрізді.

Қазір отбасы туралы роман жазып бітіп қалдым. Бізге отбасы туралы жаңа сипаттағы шығармалар жазу керек. Себебі отбасының мойнында өте үлкен жауапкершілік бар. Қазір отбасының мойнында ұрпақтың жауапкершілігі тұр. Отбасының мойнында Отанның жауапкершілігі тұр. Отбасының мойнында ұлттың жауапкершілігі тұр. Бүгінгі отбасылардың басындағы жағдай, бәйбіше мен тоқал, көп бала, аз бала мәселесі де қамтылды. Кітаптың әлі аты қойылған жоқ. Бұл романды мен жоғарыда сөз қылған дискуссияға құрдым. Көші-қон, босқындар мәселесін де қозғадым. Енді келесі жылы 3 кітабым шығады деген жоспар бар. Қазір баспамен келіскендей болып жатырмын. Бұйырса, келер жылы менің 5 кітабым бірден 8 кітапқа жеткелі тұр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары