661
Қазақстанда жаңа телеарна ашылады
Қазақстанда жаңа телеарна ашылады
Жуырда Қазақстан Баспасөз клубында “Dombyra” телеарнасының іске қосылуына арналған баспасөз мәжілісі өтті.
Баспасөз мәжілісіне Zhuldyz TV Media құрылтайшысы Жаңылбеков Смайл Елшібайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұқасан Шахзадаев және “Dombyra” телеарнасының директоры Ержігітов Қанат қатысты.
Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында Елбасымыздың шешімімен шілде айының 1-ші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып жарияланды. Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. ЮНЕСКО-нің шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енді.
Осыған орай, “Dombyra” телеарнасының директоры Ержігітов Қанат «Dombyra» телеарнасы – қазақ халқының рухани жан серігіне айналған музыкалық төл аспаптарын, дәстүрлі әндері мен ұлттық күйлерін халыққа барынша насихаттайтын жаңа форматтағы телеарна болуын көздейтінін жеткізді.
"Тәуелсіздік алғалы бері ұлттық музыка мен осы саладағы көп дүние кенжелеп қалды. Өйткені Үкімет тарапынан идеология дұрыс жолға қойылған жоқ. Qazaqstan, “Хабар”, “Алматы” сияқты телеарналарда ұлттық музыкаға байланысты кішігірім бағдарламалар бар, қалғаны – саясат, шоу. Қазіргі балалардан халық әндерін, қобыз, домбырамен орындалған шығармаларды сұрасаң, білмейді. Қазақстанда ұлттық музыка бойынша қаншама байқаулар мен жаңалық болып жатыр. Бірақ оның көбі халыққа жетпей жатыр. Халықаралық деңгейге шығып жүрген қаншама жастар бар. Солардың бәрі дәріптелуі керек, жұрт білуі керек", – деді әнші, ҚР еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев.
Эфирде бағдарламалар қазақ тілінде жүргізіледі. Телеарнаның басты мақсаты домбыра, қобыз, жетіген, шертер, сыбызғы, сазсырнай және т.б. аспаптардың тарихи қалыптасуы мен негіздерін, заманауи тенденцияларын, күйшілік өнері мен көрнекті өкілдерін кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа жыр, терме, күй, дәстүрлі әндер, дәстүрлі музыкалық кештер мен ұлттық әуенімізді жаңартылған, сапалы форматта тарату. Жаңа телеарна арқылы танымдық әрі тәлімгерлік тұрғыдағы арнайы бағдарламалар түсіріледі. Солар арқылы көрермен ұлттық аспаптарды үйренуге мүмкіндік алады. Төл аспаптарымыздың қадір қасиетін сақтап, келер ұрпақтың рухани игілігіне айналдыру жолында қызмет етеді.
"Дәстүрлі ән”, “дәстүрлі күй” дегенге жаным қас. Қазір жұрт дәстүр десе, үрке қарайды. Неге классикалық ән, академиялық күй демеске? Қаншама ғасырдан осы күнге дейін жеткен ән мен күй классика емес пе? Қазір көретін де, тыңдайтын да ештеңе қалмай бара жатыр. Жылт еткен дүниенің барлығын эфирге шығаруды тыю керек. Өйткені домбыраны алып, шерткеннің барлығы күйші емес. Күнделікті тыңдайтынымыз – “Шалқар” радиосы. Ауылдан қалаға дейін осы радионы тыңдайды. Өйткені онда тартымды дүние бар. Сол сияқты Dombyra телеарнасы да жылт еткеннің барлығын эфирге шығарудан аулақ болуы керек. Сапаға мән беруі керек", – деді күйші, домбырашы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Секен Тұрысбек.
“Dombyra” телеарнасы тек Қазақстандық өнімді ұсынып, дәстүрлі аспаптарымызды дұрысынан дәріптейтін Қазақстан тарихындағы тұңғыш телеарна. Оның эфирінде отандық эстраданың бұрынғы өкілдері мен қазіргі заман өкілдерінің үздік жұмыстары көрсетіетін болады. Телеарнаның миссиясы қарапайым: жастар арасында патриоттылықты қалыптастыру және мәдениетті ілгерілету. “Dombyra” телеарнасы қазірдің өзінде Қазақстанның кабельдік желілері «IDТV», интернет желісінде YOUTUBE каналы, әлеуметтік желілер арқылы таратылуда.