1613
ТАУАРЫН ТЕГІН ҮЛЕСТІРЕТІН ДҮКЕН БАР
ТАУАРЫН ТЕГІН ҮЛЕСТІРЕТІН ДҮКЕН БАР
Түркістан облысы Жетісай ауданында «Мейірім-Шапағат» қайырымдылық дүкені жұмыс істейді. Аудан әкімінің бастамасымен және аудандық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімінің ұйытқы болуымен ашылған дүкен күні бүгінге дейін талайдың алғысын алып үлгерді. Бұл дүкенді ашудағы мақсат – өздерінің әлеуметтік жағдайын қалыпқа келтіре алмай жүрген жергілікті халыққа көмек көрсету. Дүкенде тұрмыс жағдайы төмен тұрғындарға тегін киім-кешек үлестіріліп, мүмкіндігінше қосымша азық-түлік беріледі. Әлеуметтік дүкенге ауданның жомарт жандары мен кәсіпкерлері демеушілік жасауда. Өткен жылдың ақпанын айында облыс бойынша алғаш ашылған қайырымдылық дүкені күні бүгінге дейін 1500-ге тарта әлеуметтік қолдауды қажет ететін, мүмкіндігі шектеулі мүшелері бар және көпбалалы отбасыларға көмек берген.
«Тағдырдың тауқыметі мен өмірдің ащы тұздығын татып, қоршаған ортадан, иманжүзді азаматтардан мейірім шуағын, жан жылуын күтетін қоғамның әлсіз бөлігі саналатын мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін ауданның кез-келген азаматына көмек береміз. Дүкеніміз аптаның сенбі-жексенбі кұндерінен басқа барлық күндерінде таңертеңгі 09:00-18:00 аралығында жұмыс істейді», – дейді Жетісай аудандық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов.