7 Ақпан, 15:09 163 0 Қоғам TURKYSTAN.KZ

Іргелі істердің жаршысы

Әлем қауымдастығы назар аударып отырған түркі жұртының төрінде жүзеге асып жатқан елеулі оқиғалар мен қолға алынып жатқан іргелі істердің бәрі түгелге жуық «Түркістан» газеті арқылы көрініс тауып келді. Бұл газеттің жалпы түркі халқының ортақ үнпарағына айналғанының көрінісі.

25 жылда басылым талай жетістіктерге қол жеткізіп, алдан күткен асқаралы асулары мен биік белестерін үлкен абыроймен бағындырды. Газеттің тақырып аясы да заман сұраныстарына қарай кеңейіп, толығып, бүгінде сан саланы қамтып келеді. Әсіресе, білім саласына енгізілген өзгерістерді жан-жақты талдап, жоғары оқу орындарының беталысын үнемі тақырып өзегіне арқау етеді. Ғылымды дамыту жайы да тыс қалған емес.

90 жылдық тағылымды тарихы бар Қазақ ұлттық аграрық университеті «Түркістан» газетімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Екіжақты әріптестік орнап, өзара ақпараттық қолдау білдіруде қалыптасқан оң үрдіс бар.

«Түркістан» бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму барысындағы өзекті мәселелер мен мәдени өміріміздің түр-сипатына ерекше ден қойып, рухани, ғылым, білім саласындағы тамырын дөп басқан оқырмандар сүйіп оқитын іргелі басылымға айналды.

Газет ұжымын 25 жыл толған мерейтойларымен құттықтай отырып, алдағы уақыттарда да жемісті еңбек етіп, биік белестерді бағындыра берулеріне тілектестік білдіреміз.

 

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,

ҚР ҰҒА вице-президенті, академик

Соңғы жаңалықтар