Мамандыққа адалдық

Мамандыққа адалдық

Мамандыққа адалдық
ашық дереккөзі
Ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеу ерікше ерік-жігерді, зор қайратты талап етеді. Ұстаздықтың биік шыңы абзалдық әліппесінен басталса керек. Елімізде жарты ғасырдан астам ғұмырын мектеп қабырғасында өткізген ұстаздардың саны аз. Сондай абзал азаматтардың бірі һәм бірегейі Мырзахан Қабасов. Алматы қаласындағы №98 мектепте ардагер ұстаз,  «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Мырзахан Қаббасовпен кездесу кеші өтті. Еңбек кітапшасына екі мекеменің мөрі басылған ұстаз бұл күнде шәкірттеріне ғана емес, барлық мұғалімдерге үлгі. Саналы ғұмырының 51 жылын математика ғылымына арнап, шәкірттерін білім нәрімен сусындатты. Мерекелік шарада сөз алған мектеп директоры Мырзахан Қабасовтың мамандығына адалдығын айтып, кәсіби шеберлігін әйгіледі. Мырзахан Қабасовпен кездесу кешіне Медеу ауданының орынбасары Ғани Майлыбаев, құрметті қонақтар мен БАҚ  өкілдері қатысты. Мырзахан Қабасұлы 1998 жылы Медеу аудандық оқу бөлімінің жолдамасымен №98 мектепке математика пәнінің мұғалімі болып орналасты. Содан бері аталған оқу орнында еңбек етіп, үлгілі ұстаз атанды. Алматы қалалық білім жетілдіру институтымен тығыз шығармашылық байланыс орнатып, лекциялар оқыды. Оқу бағдарламалары мен тест тапсырмаларын дайындады. 2000 жылы республика мектептеріне арналған тест тапсырмаларын құрастырушылардың бірі болды. «Орта мектепте логарифм тақырыбын оқыту туралы», «Элементтер математиканың негізгі формулалары», «Алгебра және анализ бастамаларынан есептер жинағы», «Математикадан ҰБТ тапсырушыларға көмекші құрал» сынды оқу құралдарының авторы.