ЖӘУТІКОВ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ

Жуырда Алматыда Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті. Физика, математика, информатика пәндерін қамтитын халықаралық байқау  жылдан-жылға тартысты, әрі қызықты болуда. Ең алғаш 2005 жылы 5 мемлекет бақ сынаса, биыл оның саны жиырмадан асты. Тіпті, мұхит асып АҚШ-тан келген қатысушылар бар. Жалпы командалар саны 80-ге жетіп, 540 жас талапкер байқау көркін кіргізді. Жәутіков олимпиадасының ерекшелігі тапсырмалар мазмұны жылдан-жылға күрделеніп отырады. Осы ретте қатысушыларға қойылатын талап та жоғары. Биылғы бас жүлдені ресейлік оқушылар иемденді. Жастар жылы қарсаңында 100-ден астам ерікті Қазақстанның халықаралық байқауының жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Қазақстан құрамасында жүлделі болған Данияр Закарин: «Биылғы байқау өте тартысты өтті. Бағдарламалаумен 7-сыныптан бастап айналыссам да, 8-9 сыныптарда толықтай бет бұрдым. Осы олимпиададан алған жүлдем емес, мықты қарсыластармен бақталасып, білім-тәжірибе алмастым. Бұл менің болашағым үшін маңызды», – деді. Олимпиаданың барлық кезеңі аяқталғаннан кейін командалар Алматының көрікті, мәдени мекендерін аралауға мүмкіндік алды. Бір аптаға созылған байқау мемлекеттер арасындағы достықты нығайтып, жастардың дамуына үлкен серпін берді.

Шерхан ТӘПИ

Back to top button