1194
«Túrkistan» газетінің негізін қалағандар
«Túrkistan» газетінің негізін қалағандар
«Тәуелсіздік туын көтеріп, өркениет көшіне батыл бет бұрған жас республикамызда халықаралық жаңа бір басылымның жарық көруі мәдени өміріміздегі елеулі оқиғалардың бірі. Дүниежүзілік қауымдастықта өзінің лайықты орнын алуға ұмтылып келе жатқан Қазақстан үшін бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше болмақ. Осы орайда халықаралық «Түркістан» газеті Тәуелсіз Достастық елдерімен, шет мемлекеттермен әлеуметтік-экономикалық, рухани байланыстарымыздың нығая түсуіне өз үлестерін қосып, халықтар арасындағы достастық пен ынтымақтастыққа ұйытқы бола біледі деп сенемін».
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ
1994 жылғы 28 қаңтар
Қалтай Мұхамеджанов (1928-2001 жж.)
«Түркістан» газетінің негізін қалаған. 1994-1999 жылдар аралығында газеттің бас редакторы қызметін атқарды. Қазақ әдебиетінде, драматургиясында есімі алтын әріппен жазылып қалған Қалағаңның қайсар мінезі, басшылық бейнесі де талайға үлгі. Өмірдің небір құқайларына қасқая қарап, оларға қарсы тұрып қалыптасқан парасатты тұлға. Қалағаңнан көп шенді-шекпенді қаймығатын. Елбасы да сыйлап, санасатын. Қалтай Мұхамеджановтың арқасында журналистердің де көп түйткілі шешілді. Талай тілшінің баспаналы болуына көмек көрсетті.Әбілмәжін Жұмабаев (1929-2013 жж.)
«Түркістан» газетінің алғашқы нөмірінен бастап басылымның өркендеуіне көп үлес қосқан қаламгер. Қай жанрда қалам тербесе де көркем жазатын публицист газеттің халықаралық деген статусқа сай болуы үшін аянып қалған жоқ. Шетел баспасөздерінде жарияланған тың дүниелерді, танымдық деректерді қазақша сөйлетті. Одан бөлек әлем әдебиетіндегі шығармаларды да қазақ тіліне аударып, газет бетінде жариялап жүрді. Аудармалары түпнұсқадан да алыстамайтындығымен, қазақылыққа да жақындай түсетіндігімен ерекше. Оның газет бетінде жариялап отырған туындыларының өзінен мол білім алуға, ой түюге болады. «Түркістандық» әріптестері арасында «Алтын шал» атанған. «Түркістанның» танымдық мүйісі» айдары бойынша қазақ газеттерінде бұрын-соңды жарияланбаған перғауындар жайында «Перғауындар қарғысы» атты мақаласы газеттің бірнеше нөмірінде жарияланды. Бұл – оқырмандардың қызығушылығын оятқан дүниелердің бірі болды.Әбіраш Жәмішев (1928-1995 жж.)
«Заман – Қазақстанда» Қалтай Мұхамеджанов оны газеттің жауапты хатшысы етіп бекітті. Ең алғашқы басылым қызметкерлерінің құрамына енгендердің арасындағы газет үшін жанын салатын жандардың бірі еді. «Түркістан» газетінде талай жыл қызмет атқарған ақын, аудармашы кезінде Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін қазақ халқының игілігіне ұсынған бірден-бір жанашыр. «Түркістан» жарыққа шыққан алғашқы жылдары «Азаттық аңсаған алыптар» атты айдармен қазақ әдебиетіне, қазақ қоғамына еңбегі сіңген майталмандар жайында материалдарын жариялап отырды. Ол үшін әлем әдебиеті де жат тақырып емес.Нұрқасым Қазыбек (1936-2011)
1991 жылдан еларалық «Заман-Қазақстан» газетінің тілшісі, кейін халықаралық «Түркістан» газетінің әлеуметтік және рухани мәселелер бөлімінің меңгерушісі болды. Оның қаламынан туған әр туындыдан ұлттық сипат білініп тұрады. Шет жұрттағы қандастар, дін, тарих тақырыбында жиі қалам тербейтін. «Біз Атажұртқа осылай оралдық» атты мақаласында «Біз елге аяғымыз жетсе екен деп келдік, ешкімнен ештеңе сұрамаған едік» деп жырақтағы қазақтың басындағы мәселені, көші-қон түйткілдерін жан-жақты баяндайды. Бұл шағын әңгіме болса да, үлкен повестің жүгін арқалаған дүние болды.Дидахмет Әшімханұлы (1950-2015 жж.)
Дидағаңның «Түркістан» газетіне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Басылым жарыққа шыққан алғашқы күннен бастап ақтық демі таусылғанша осында адал қызмет етті. Қалтай Мұхамеджановтың сүйенер інісі, сүйсінер ізбасары бола білді. Оны әуелден бірге қызметтес болған әріптестері осылай бағалайды. Ұлт туралы, қазақ туралы сөз бола қалса, ой қоспай қалмайтын. Көпсөзділік ол үшін жат. Тақырып қоюдың шебері. «Түркістанның» бетіндегі тіліп түсетін тақырыптардың біразы Дидахмет Әшімханұлының идеясымен туғаны рас. Ең алғаш «Түркістанның» танымдық мүйісі» деген жаңа айдарды ашып, сол бойынша көпшілікке беймәлім жайлардың жариялануына мұрындық болған. Халықаралық «Түркістан» газетінің тұрақты шығып тұруына және оқылымды болуына көп еңбек сіңірген, бүгінде дүние салған жаны жайсаң тұлғалардың рухына тағзым етеміз.