ЛАҚАП АТЫ – ҚОЛТЫРАУЫН

Апта басында Зимбабве президенті Эммерсон Мнангагва Қазақстанға алғаш рет келді. Ол 2017 жылдың қараша айында президент лауазымын атқарушы ретінде жаһан назарын аудартты. Оған дейін вице-президент болған «Lacoste», 2018 жылғы президент сайлауында 50,8 пайыз халық дауысын жинап, 6 жылға басшылық қызметке тағайындалған-ды. Зимбабве президенті өткен аптада Ресейде, Белоруссияда болды. Оның ізін суытпай Қазақстанға келуінің мәнісі неде?

Бір кездері Британияның колониясы болған Звишаванда 1946 жылы туған Мнангагва ғұмыр жолында талайды басынан өткерген. Құрылыс мектебін тәмамдап, техникалық колледжге оқуға тапсырады. Саяси тәуелсіздік жолындағы партияларға қатысы болғаннан кейін колледжден шығарылған. Осыдан кейін партизан соғысының белді мүшесі болған. Қытайда әскери және идеологиялық дайындықтан өткен ол Танзанияға келіп әскери-диверсиялық «Қолтырауындар тобына» қосылады. Осы жерде жүріп «Қолтырауын» лақап атын еншілеген Мнангагва тек партизан соғысында емес, саясат сахнасында да әлі де осылай аталып келеді. Сол кезеңдегі Оңтүстік Родезия, қазіргі Зимбабведегі партизан отрядтарына қару-жарақ тасымалдауда ол алдына жан салмаған. Родезиядағы ақ фермерлер мен бай-манаптарға қарсы шабуылдарға жоспар түзіп, партизандарға басшылық еткен. 1965 жылдың қаңтар айында родезиялық полицейлердің қолына түскен Мнангагва Форт Виктория қаласындағы теміржол терактісіне қатысы барын мойындайды. Өмір бойы бостандығынан айыру жазасынан құтылып, 10 жыл түрмеде отырады.

Одан шыққаннан кейін Лондон университетінен заңгер бакалавры дәрежесін алады. Оқуын Замбия университетінде аяқтайды. Тіпті, Лусакада адвокат болып та қызмет істеген. Замбияның бұрынғы президенті Роберт Мугабенің сенімді адамы ғана емес, биліктегі оң қолы болды. Эммерсон Мнангагва осылайша әккі саясаткер ретінде әлемге танылып келеді. Бұған дейін оның есімі дүниежүзілік алмас сатушылар арасында аса белгілі болатын. Сол арқылы Зимбабве экономикасы мен Мугабе партиясын аяққа тұрғызуға талпынған. Мнангагва ел экономикасынан ақтарды ығыстыруды көздеген Мугабе саясатын ұйымдастырушылардың бірі деген де қауесет бар. Кей сарапшылардың айтуынша, Зимбабвенің шетелдік инвестицияларға жол ашуы ел жағдайын жақсартуы мүмкін. Онан өзге Мнангагва Қытайда екі рет білім алған, сол себепті аспан асты елімен тығыз қарым-қатынас орнатады деген болжам бар.

Қазақстан мен Зимбабве арасында дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнаған. Сол кезеңнен бері алыс-беріс үдеген емес. Өткен жылғы тауар айналымы 637 мың доллар болып, 2017 жылдағыдан 24,7 пайызға артқан. Осы сапар нәтижесінде тараптар саяси диалогты қолдау және сауда ынтымақтастығын кеңейту жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізді.

Back to top button