Амалбек Тшанов: «Кім болсаң да, кісілік келбетіңді жоғалтпауға тиіссің»

Амалбек Тшанов: «Кім болсаң да, кісілік келбетіңді жоғалтпауға тиіссің»

Амалбек Тшанов: «Кім болсаң да, кісілік келбетіңді  жоғалтпауға тиіссің»
ашық дереккөзі
1154

Ұлытауда басталып, Астанада жалғасын тапқан Қазақ хандығының 550 жылдығы жуырда Тараздағы торқалы тоймен түйінделді. Тарихымыз ұлықталып, елдігіміз дәріптелген ауқымды мерейтой жас-кәріні, елімізде тұратын барлық ұлт пен ұлысты көне шаһарға жинады. Қаланың қақ төрінен бой көтерген «Қазақ хандығы» монументін, ғасырлардың қалың қатпарынан сыр шертетін «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығын, дүбірлі той қарсаңында салынған өзге де нысандарды дүйім жұртпен бірге тамашаладық. Таразды тотыдай таранған бүгінгі келбеті арқылы ғана танығандар тарихтың қойнауындағы көне болмысы тұрмақ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қызыл-жасылынан гөрі сұрқайлығы басым тіршілігінен де бейхабарлау. Ұзақ жылдар бойы жыр алыбы – Жамбыл атын иемденіп келген шаһарға тарихи атауы қалай қайтарылғанын, экономикалық қиындықтардан тұралап, бір кездері жарықсыз, жылусыз қалған қаланың аяқтан қалай тік тұрғанын да білмейтіндер көп. Той тарқап, Тараздан қайтқан жолда осы олқылықтың орнын толтыру төңірегінде көп ойландық. Алматыға келе салып, белгілі қоғам қайраткері, Педагогика ғылымдарының докторы, 1995-1998 жылдары Жамбыл облысын басқарған, бүгінде Республикалық спорт колледжіне жетекшілік етіп жүрген Амалбек Тшанов мырзаны іздегеніміз сондықтан. 

Тарихтың тереңіне бойлағанда...

Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, әңгіме-дүкен құрсақ деген өтінішімізді бірден құп алған Амалбек Қозыбақұлы бізді жұмыс орнына, Республикалық спорт колледжіне шақырды. Ол кісі тәртіптің, уәденің адамы екенін білгендіктен айтқан уақытынан кешікпей баруға тырыстық. Қағаздарын бір бұрышқа ысыра қойып, қашанда кішіпейіл қалпымен төрін ұсынды.

Ыңғайсыздау болса да, әңгімені төтесінен бастап, Тараздан арқалап қайтқан күпті ойларымызды жайып салдық. Сөйтсек, тойдан оралғалы Амалбек Қозыбақұлы да қалың ойдың құрсауында жүр екен. Көңіліндегісін дөп басқандықтан болар, бірден ашылып сөйлеп кетті:

– Басқару жүйесінің заңдылығы солай ма, әйтеуір бізде біреудің орнына екінші адам келсе, өзінен бұрынғының ісін жалғастырғысы келмейді. Алысқа бармай-ақ, өз тәжірибемнен сан мысал келтіруге болады. Әсіресе, Жамбыл облысын басқарған кезде көтерген бастамаларымның аяқсыз қалғаны көңіліме кірбің түсіреді. Тараздағы той дүркіреп өтті. Жетістігі де, кемшілігі де баршылық. Бірақ оған баға бергелі тұрған жоқпын. Ең бастысы, бұл мерейтой мемлекеттілігіміздің қай кезден бастау алғанын шегелеп берді. Ал енді Қазақ хандығының мерейтойы неге дәл Таразда аталып өтті дегенге назар аударайықшы. Шудың бойында, Қозыбасыда хандықтың іргетасы қаланды, Жәнібек пен Керей хандар сол жерге ту тікті, сондықтан тойды Жамбыл облысының орталығы – Таразда өткізу туралы шешім қабылданды деп жалпылама түсінді жұрт. Бірақ сол көне шаһардың өткеніне үңіліп, Тараз деген тарихи атауының қайтарылуына мұрындық болған кім, қаланың тарихын зерттеуге бастамашыл болған кім десе, ешкім жақ ашпайды. 1997 жылға дейін қала облыспен аттас Жамбыл атауын иемденіп келді, – дейді ол.

 Расында да, сол жылға дейін Жібек жолы бойындағы көне шаһардың тарихи атын қайта жаңғырту туралы бастаманы ешкім көтермеген болатын. Арқалар міндеттің жеңіл болмайтынын сезсе де, бұл жауапкершілікті Амалбек Қозыбақұлы өз мойнына алды. Бастамашыл болып қана қоймай, қаланың тарихын зерттеу жұмыстарының қақ ортасында жүрді. Сол кезеңдерді еске түсіріп, кеңінен баяндап беруін сұрадық.

–  Жамбылға әкім болып келгенде ең әуелі қаланың тарихына тереңірек үңілдім. Тарихи деректерді ақтара келе, шаһардың атауы қаншалықты дұрыс деген сауал мазалай бастады. Қарап тұрсақ, Қазақстанның әр облысында  Жамбыл атамыздың атымен аталатын қаншама мектеп, көше, өнер ошақтары бар. Тіпті тұтас бір аудан мен ауылдар да ақынның есімін иемденген. Бұл тұрғыдан алғанда, Жамбылдың есімі Абайдың есімімен қатар аталады десек, қателеспейміз. Абай – ең әуелі философ. Ол – қазаққа өмірдің мәні мен мағынасын, адамның мақсаты мен міндетін өз тілінде түсіндіріп берген ең бірінші адам. Абай – қазақтың Конфуцийі. Оның айтқандарының бәрі шындық екені қай заманда да дәлелденіп келеді.

Жамбыл қаласына өзінің тарихи атауын қайтару мәселесіне барынша ден қойып, өз ұсынысымды деректермен дәйектедім.  Шынын айту керек, бұл ойым бірден қолдау таппады. «Сау басыңызға сақина тілеп қайтесіз? Қаланың атауында тұрған не бар?» деп жан-жақтан «жанашырлық» танытқандар да жеткілікті болды.  Жамбыл атамыздың аруағынан кешірім сұрап, Президенттің алдында Жамбылдың көне атауын қайтару туралы ұсыныс жасаудың негізі бар екенін дәлелдедім. Өзбекстанға ғалымдар жіберіп, тиянақты зерттеу жүргіздік. Қаланың тарихына қатысты мұрағат материалдарын топтастырдық.  Сол кезде Түркістан қаласының 1500 жылдығын тойлауға дайындық жүріп жатқан болатын. Тараз – Түркістаннан әлдеқайда көне қала. Сондықтан тарихи деректерді салмақтай келе, ғалымдармен ақылдасып, Тараз қаласының жасын 2000 жыл деп белгілеуді жөн көрдік, – дейді Амалбек Қозыбақұлы.

Зерттеу нәтижесінде жиған-терген деректерін арқалап, әкім Президенттің алдына барады.  Елбасына Жамбыл қаласына тарихи атауын қайтару туралы ұсынысын дәйекті түрде жеткізеді. Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысы әкімінің бұл ойын бірден қуаттайды: «Амалбек, бұл ұсынысың өте орынды. Тараз бен Жаркент – Қазақстандағы ең көне қалалар. Ескі карталар қаланың тарихы тереңде жатқанына бұлтартпас дәлел бола алады. Қаланың атауын ауыстыру үшін қажетті шаруалардың бәрін ретте, содан соң уақытын белгілерміз», –  дейді Мемлекет басшысы. Президенттің  Амалбек Қозыбақұлының ұсынысын сөзге келместен қолдауы тарихты терең білетіні мен қай істе де тарих сабақтарына сүйенетінінің тағы бір айғағы болды. Бұл 1996 жылдың қазан айы еді. 1997 жылға дейін Амалбек Қозыбақұлы Президент айтқан тапсырмаларды бұлжытпай орындап, істің жоба-жоспарын, құжаттарын сақадай сайлайды.

Қаңтар айында  Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына екі күндік жұмыс сапарымен келеді. Елбасының бұл сапары жамбылдықтар үшін ғана емес, бүкіл қазақстандықтар үшін тарихи оқиғаға айналды. Өйткені 8 қаңтар күні Президент ашық аспан астында, Қарахан кесенесінің қасында тұрып Жамбыл қаласын ежелгі аты – Тараз қаласы деп атау туралы Жарлыққа қол қойды. Ел тарихынан айрықша орын алған елеулі күнді «Егемен Қазақстан» газетіне басылымның Жамбыл облысындағы тілшісі Көсемәлі Сәттібайұлы былай деп баяндаған екен: «Президент Жамбыл облысының орталығы – Жамбыл қаласының атын өзгерту туралы Жарлығын оқыды. Елбасы: «Жамбыл облысының жергілікті атқарушы орындарының өтінішін және жұртшылығының тілегін ескере келіп, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде қаулы етемін: Жамбыл облысының орталығы – Жамбыл қаласының аты Тараз қаласы болып өзгертілсін. Жамбыл бабамыздың әруағы да риза болсын. Облыстың аты Жамбыл облысы болып қала береді. Қаланың аты – байырғы Тараз. Қазақстан жерінде баяғы Жібек жолынан бері қарай барлық карталарда белгіленген екі-ақ қала бар. Біреуі – Тараз, екіншісі – Жаркент. Сондықтан біздің көне тарихымыз бар екенін дүние жүзіне таныту үшін осы шешім дұрыс болар деп санаймын», – деген кезде жиналғандар ризашылықпен қол шапалақтады». Осылайша есте жоқ ескі замандарда Талас, Тараз, ал XVIII ғасырда Әулиеата, 1936-1937 жылдар аралығында Мирзоян, 1937-1997 жылдары Жамбыл аталған тарихы талайлы қалаға 1997 жылдың 8 қаңтарында көне аты – Тараз атауы қайтарылды. Елбасының шешіміне риза болған әкім дәл сол күні облыс халқының атынан Н.Ә.Назарбаевты «Тараз қаласының нөмірі бірінші құрметті азаматы» деген атақпен марапаттады.

Айтпақшы, сол жолғы сапарында Президент Әулиеата мешітінің жобасын мақұлдап, оның алғашқы кірпішін де қалап кеткен еді. «Болашақ ұрпаққа аманат» деп өз қолымен келер ұрпаққа хат жазып, оны қола құтыға салып, көмдірді. Өкінішке қарай, Әулиеата мешітін салу жоспар күйінде қалды. Бірақ Елбасының болашақ ұрпаққа жазған хаты өз орнында, ұмыт болмасын деп оның үстіне граниттен монумент қойылған. Нұрсұлтан Назарбаев оны 100 жылдан кейін ашып оқуды аманаттаған болатын. Одан бері 18 жыл өтті, демек көмулі хат 82 жылдан соң ашылуы тиіс.

Тараз топырағында Қазақ хандығының 550 жылдығынан бұрын тойланған тағы бір торқалы той – ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен қаланың 2000 жылдығы. Бұл мерейтойды ауқымды етіп өткізу туралы бастаманы алғаш көтерген де  – Амалбек Тшанов. Бірақ оның мақсаты – ат шаптырып, аста-төк ас ішіп, отыз күн ойын, қырық күн той тойлау емес-тін. Амалбек Қозыбақұлының көздегені мүлдем басқа.

– Тараздың 2000 жылдығын атап өту туралы бастаманы көтергенде екі мақсатты көздедім. Әуелгісі – тойға дайындық жұмыстарына деп бөлінетін қаражатқа байырғы қаланың дәл орталығында орналасқан цитадельде археологиялық қазба жұмыстарын кеңінен жалғастыру. Ол үшін шаһардың қақ ортасындағы Орталық базарды қаланың сыртына көшіру туралы шешім қабылданды. Бірақ бұл шешім «белгісіз» себептермен араға 15 жыл салып, облыс басшылығына Қанат Бозымбаев мырза келгенде ғана жүзеге асты.

Тараз Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан, суы да, ауа райы да өмір сүруге қолайлы болғандықтан, оның маңайында ірілі-ұсақты бірнеше қала орналасқаны белгілі. Қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша солардың орнын белгілеп, үлкен сағаналар (пантеон) жасатқым келген еді. Кезінде Айша-бибінің кесенесі пластиктен жасалған саркофагпен қоршалған болатын. Ауа кірмеген соң кесененің қабырғасы үгітіліп, әбден бүлінген. Кейін әлгі пластикті алдырып тастадық. Бұл сағаналар да соның күйін кешпесін деп, биіктігін де, көлемін де ауқымды етіп жасауды ойға алғанбыз.

Екінші мақсатым – Тараздың тарихынан сыр шертететін үлкен картина салдыру болды. Белгілі суретші Бексейіт Түлкиевтің 1 жыл 4 ай бойы үздіксіз еңбектенуі арқасында тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең алғашқы көлемді картина – «Ұлы көш» туды. Облыс жұртшылығының атынан мен оны Президентке тарту еттім. Бұл – атақты орыс суретшісі Глазуновтың үлгісімен салынған еліміздегі тұңғыш бейнелеу өнері туындысы. Бірақ аталған жұмыс қазақтың тарихын толық қамти алмайтын болған соң, үш кезеңнен тұратын ауқымды картина салдыруды құп көрдік. Белгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаевты, талантты суретші Ерболат Төлепбайды шақырып, комиссия құрдық. Комиссия картинаны үш кезеңге бөліп, көне ғасырды суреттейтін бөлігін Тараз суретшілеріне беруді жөн деп тапты. Олардың керек-жарағына қаражат қарастырып, Қазығұртты зерттеуге жібердік. Суретшілердің Қазығұртта бір жұмаға жуық жұмыс істеп келгеннен кейінгі ынта-ықыластарын көрсеңіз ғой. «Амалбек Қозыбақұлы, біз мұндай кереметті көрген емеспіз» деп таңырқасты. Міне, негізгі мақсатым – осы екі істі тындыру болатын. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, оның нәтижелерін өнер тілінде мәңгілік ескерткішке айналдырғым келді, – деп өткен күндерден сыр шертті.

Ізгілікті істердің ізін іздегенде...

Амалбек Тшановтың аты аталса, тағы бір оқиға еріксіз ойымызға оралады. Қаланың көнелігін білдіретін атрибуттардың бірі болсын деп жасалған, халық арасында «Тшанов қақпасы» деп аталып кеткен қаланың кіреберіс қақпасына әкім кезінде Фирдоусидің: «Мөп-мөлдір көздің қарасын Тараздан ғана табасың» деген сөзі жазылған тақта ілдірген болатын. Өткен жылы Таразда өткен республикалық ақындар айтысынан соң шығыс шайырының әлгі өлең жолдары қақпадан алынып тасталды. Бұған ақын Біржан Байтудың:

Құлақ түрсе Тараздың саналы елі.

Қалаңның қақпасында тұрған жазу,

Сан ойға жетеледі жаңа мені.

«Мөлдір көздің қарасын,

Тек Тараздан табасың» дегенді көз шалар еді.

Қыз іздесең Таразға кел дегендей,

Көңілге күдікті ойды салар еді, – деген «сыны» себеп болды. Облыс әкімі сол айтыстың үстінде сахнаға шығып, «Тараздың қыздарын жарнамалап тұрған» Фирдоусидің сөзін алып тастау туралы тапсырма берді. «Абайдың өзі «Науаи, Сағди, Фирдоуси» деп медет сұраған шығыс шайырының бұл өлең жолдары қаланың қаншама ғасырлық тарихынан хабардар етеді» деп көпшілік наразылық танытқанына қарамастан, әлгі тақта өз орнына қайтарылған жоқ. Әкімдік оны қаладағы «Махаббат аллеясына» апарып ілді.

Бұл жайтқа ақпарат құралдары арқылы әбден қаныққан Амалбек Қозыбақұлының көңілі көпке дейін жай тапқан жоқ. Ақыры Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкірекбаев мырзаға телефон соғады. «Аға, ол тақтайша сынға ұшыраған соң қақпадан алып тастауға мәжбүр болдық. Есесіне жуырда ғана ашылған «Махаббат аллеясына» апарып орнаттық», – дейді әкім. «Кәрім, бұл – XI-ғасырда өмір сүрген шығыс шайыры Фирдоусидің сөзі. Осы өлең жолдары, ең әуелі, Тараздың тарихы тереңде жатқанын көрсетеді. Екіншіден, сұлулық қай қоғамда да әйел болмысымен байланыстырылады емес пе? Қазақ қыздарының мақтауын асырса – қазақты мақтағаны. Аллеяға қою керек болса, көшірмесін жасатуға болар еді ғой», – деп Амалбек Қозыбақұлы өз ойын білдіреді. «Тақтайша орнына қайтарылған шығар...» деп кешегі торқалы тойға барғанда қақпаға елеңдеген үмітті көңілі тағы да су сепкендей басылған.

Той қарсаңында күрделі жөндеуден өткен қақпаның кейпіне де көңілі толмаған. Кезінде Құрылыс министрі болған Амалбек Қозыбақұлы кез келген нысанға кәсіби көзқараспен қарайды. Әу баста өзі сызған жоба бойынша кіреберіс қақпаның сұлулығын көрсететін негізгі «фишкасы» – төбесі тұтастай өрнектелген металдан, ал бағандары аппақ гранитпен қапталуы тиіс болған. Бағандардың төрт бұрышындағы кертпешін граниттің гавра деп аталатын ерекше түрінен жасатып, жолаушыларға арналған ақ тілектер, Құранның аяттарын жаздырамын деп ойлаған. Гавраның бір ерекшелігі, бетіне қашалған жазу алыстан менмұндалап  тұрады әрі ұзақ сақталады екен. Бірақ қаражаттың жоқтығына байланысты қақпаны безендіру жұмыстары бітпей қалған. Мерейтой қарсаңында қақпаға жөндеу жұмыстары жүргізілетінін естіген Амаблек Қозыбақұлы Кәрім Көкірекбаев мырзаға хабарласып, бұрынғы жоба бойынша жасауды мәслихат етеді. Қаржы көп кетеді деп қиналар болса, қаржылай көмектесуге дайын екенін жеткізеді. Телефон арқылы аймақ басшысы Амалбек Қозыбақұлының айтқанына көнгендей сыңай танытыпты. Бірақ травертимен қапталып, тартымдылығын жоғалтқан қақпаның жаңа кейпі қайраткердің күткеніндегідей болмай шыққаны өкінішті.

Қаланың әрбір бұрышын бес саусағындай білетін Амалек Қозыбақұлын кезінде өзі салдырған дендросаябақтың маңайы да шошытқан.

– Дендросаябақтың айналасына сірестіріп үй салып тастаған. Таразда басқа үй салатын жер қалмады дегенге кім сенеді? Облысқа басшылық етіп тұрғанда 120 гектар аумақты қоршап, оны бес аумаққа бөліп, бес құрлықтың ағаштарын отырғызуды жоспарладым. Ондағы ойым – дендросаябақты тек демалыс орны ретінде ғана емес, танымдық мақсатта да пайдалану еді. Дүниетану, биология сабақтарында мектеп мұғалімдері оқушыларды ертіп әкеліп, тәжірибелік жұмыстар жүргізсе керемет емес пе? Шымкенттегі дендросаябақ сынды жастың да, кәрінің де игіліне жарап тұрса дедік. Саябақты Елбасының өзі келіп ашып, ең бірінші ағашын отырғызып, қолтаңбасын қалдырды. Үш мың ағаш отырғыздық. Ыстыққа шыдамайтын ағаштарға өскенше сая болсын деп айналасын қоршай жүгері ектік. Қазір соның ізі де жоқ. Бұл істің бәрі қандай қиындықпен жүзеге асқанын білгіңіз келсе, бір ғана дерек келтіруге болады: мен басқарған тұста облыстың бюджеті қазіргі бір ауданның бюджеті шамасындай-ақ болатын. Бірақ соған қарамастан қаншама іс тындырдық, – деп  өткенге қайта қайырылды.

Күнгейдегі күндерді еске алғанда...

Әр оқиғаның бастамасы, әр дәстүрдің түп тамыры болады. Бірақ уақыт өте келе сол бастауға үңілуді ұмытып кететініміз өкінішті.  Мәселен, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін Шәмші Қалдаяқов әндерінің фестивалін ұйымдастыруды алғаш қолға алған Амалбек Тшанов екенін біреу білсе, біреу білмес.  Ең бірінші байқау 1992 жылы, Амалбек Қозыбақұлы Шымкент қаласын басқарып тұрған кезде өткен болатын. Бірақ ол кісі қала басшылығынан кеткен соң фестиваль тоқтап қалды. Жамбыл облысына келген соң әкім  бастаған ісін жалғастыру үшін Шәмшінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге қайта ден қояды. Композитордың Тараз топырағында 7 жыл тұрғанын, қала маңынан салып жатқан үйін бітірмей кеткенін, Жамбыл қаласының құрметті азаматы екенін біледі. Сөйтіп Шымкенттен бастау алған фестивальді арада 4 жыл өткен соң, 1996 жылы қайта жалғайды. Бірақ форматын өзгертіп, Шәмші әндерінің байқауын халықаралық деңгейге көтеру үшін композитордың барлық әндерін, мәтіндерін бір дискке топтап, Қазақстанның шетелдегі елшіліктеріне таратады. Ондағы ойы – Шәмші әндерін шетелдік әншілер мен жат жұрттағы қандастар арасында насихаттап, байқау шеңберін барынша ұлғайту еді. Амалбек Тшановтың тікелей бақылау жасауы арқасында фестиваль екі жыл қатарынан табысты өтеді. Байқау халықаралық деген атауына сай болуы үшін оған төрелік ететін қазылардың кем дегенде екеуі  шет мемлекеттен болуы шарт. Сондықтан өзге елдің өнер мамандарын шақыртады. Сол фестивальдің соңы сиырқұйымшақтанып кеткені де қайраткердің жанына батады.

Амалбек Тшанов Қазақстан тәуелсіздік алған тұста Елбасының сенімімен Шымкент қаласының тұңғыш әкімі болды.  Қала тарихындағы ең қиын кезеңге тап келген басшы тығырықтан шығар жол таба білді. Оқушылар мектепте аш-жалаңаш жүретін кез еді. Тақта алдында тұрып, аштықтан құлап қалған балаларды да көрді. Экономиканың қиындығына қарамастан, бір тиынды бір тиынға жалғап, бастауыш сынып оқушыларына бір мезгіл тегін тамақ беру туралы шешім қабылдады.

Инфляция шарықтау шегіне жеткен тұста Шымкентте басқаны айтпағанның өзінде қара судың құны шарықтап кеткен болатын. Тұрғындар кезекке тұрып, бір стақан газдалған сусынды 150 сомға сатып алып жатты. Шымкентттің 50 градусқа дейін жететін аптап ыстығында сусыз жүріп көріңіз. Халықтың қара суға зар болғанын көрген әкім қалалықтар тегін су ішсін деп жұрт көп жиналатын автобус аялдамаларының маңындағы 48 нүктеге су бұрқақтарын орнатады. Бұл бұрқақтарды өздеріне бәсекелес көрген газды су сататын дүңгіршектердің иелері әкімнің бұл ісін ұната қоймайды. Есесіне, шөліркеген уақытта жұрттың ақысыз су ішу мүмкіндігіне ие болғанын көріп, әкімнің көңілі жай тапты. Өкінішке қарай, шымкенттіктердің бұл қуанышы көпке созылған жоқ. Амалбек Тшанов басшылықтан кеткен соң, су бұрқақтары ізім-ғайым жоқ болды.

«Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» демей ме халқымыз? Қиын-қыстау заманда қаланы аяғынан тік тұрғызған әкімнің іс-әрекетін қалалықтар күні бүгінге дейін аңыз қып айтысады. Іскер басшының арқасында Шымкент қаласы сол жылдары ТМД бойынша ең таза қаланың бірі болғанын да мақтанышпен әңгімелейді.  Қарап отырсаңыз, Амалбек Қозыбақұлының әкім орынтағында отырып атқарған әр ісі осы күндері басшылардың имиджін көтеру, рейтингін жоғарылату үшін атқарылатын шығыны көп акциялардан әлдеқайда ауқымды, әлдеқайда өнімді болған. Ең бастысы, халықтың игілігіне жарады, мұң-мұқтажын қанағаттандырды. Сондықтан шымкенттіктердің Амалбек Қозыбақұлын қала атынан депутаттыққа бір емес, 4 мәрте ұсынуының себебін сан саққа жүгіртудің қажеті жоқ. Бұл – халықтың қайраткерге деген қалтқысыз сенімінің көрінісі.

Мәжілістің мәніне үңілгенде...

Амалбек Тшанов Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің 12 және 13-шақырылымының, 1999-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екінші шақырылымының, 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылымының депутаты болды. Әріптестерімен бірге ел өміріндегі сан түрлі өзекті мәселелерді көтерді. Халық қалаулыларының мұрындық болуымен талай түйткілдің оң шешімі табылды. Әйтсе де, Мәжіліс депутаты орынтағында өткен кейінгі 7 жыл оны қанағаттандырған жоқ.  «Сол уақытымды басқа іске арнасам, еліме тиген пайдам көбірек болар ма еді» деген өкінішін Амалбек Қозыбақұлы баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде айтып қалған екен. Мәжілістегі қызметі неліктен көңілінен  шықпағанын өз аузынан естігіміз келді.

– Әр адамның қабілеті әртүрлі. Менде ұйымдастырушылық жағы басым. Қағазға шұқшиып, бір жерде отырғаннан гөрі қызу тірліктің ортасында жүргенді құп көремін. Бала кезден бастап еңбектен қол үзген емеспін. Өмірімде қол жеткізген жетістігімнің бәрі соның арқасы. Институтта оқып жүріп цемент зауытында жұмыс істедім. Ауылдан келген 17 жастағы бозбала әуелгіде зауыттың түнгі ауысымына бару керегін ойласа, жүрегі су ете қалатын. Арада 2-3 ай уақыт өткен соң жұмысқа қарай асығатын болдық. 1-2 сағат ерте барып алатынбыз. Жұмысшылар киім ауыстыратын бөлмедегі тер мен май сіңген киімдердің иісі жаныма жұпардай жағатын. Орысы мен қазағы, өзге ұлт өкілдері бар, бірлігі мен берекесі жарасқан ұжымның үйреткені көп.

Мәжілістегі қызметіме көңілім толмағаны рас. Парламент Жоғарғы кеңес емес. Бастапқыда қуатты болып көрінгенімен, бірте-бірте қауқары төмендей бастады. Үнсіз бас шұлғи беретіндер көбейді. Пікірталас, қызу талқы азая бастады. Біраз келелі мәселелер көтеріп, сан түйткілдің шешілуіне мұрындық болсақ та, Мәжілісте отырған жеті жылда халыққа көп пайдам тиді деп айта алмаймын. Егер сол жеті жылда күш-қуатымды басқа салаға бағыттап, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқан болсам, өзім үшін де, халық үшін игілікті істер тындырар ма едім деп ойлаймын. Айлық жетеді, бас ауырып, балтыр сыздайтын жұмыс жоқ, құлақ тыныш. Құдайға шүкір, кеудеде депутаттың дербес құқықтылығын көрсететін төсбелгіміз бар...

Қазір депуттаттарды халық сайламайды. Партиялық тізім бойынша депутатты депутат сайлайды. Сондықтан Парламенттің халықпен байланысы әлсірегені рас. Егер тұрғындар сайлар болса, үміткерлер елдің ортасына барып, жақынырақ тілдесер еді. Жұрттың мұң-мұқтажын тыңдап, оларды шешудің жолдарын іздейді. Жоба-жоспарын ұсынып, оны орындау тетіктерін қарастырады. Қысқасы, халықтың көңілінен шығу үшін тер төгеді. Нәтижесінде халық өз үдесінен шыққан азаматтарды таңдар еді деп ойлаймын. Бұл менің жеке пікірім, – деп Амалбек Қозыбақұлы заң шығарушы органның өткені мен бүгінін салмақтады.

Спорт тынысын тыңдағанда...

Қандай қызмет атқарса да, Амалбек Тшановтың жұмыс істеу барысында сүйенетін ең басты қағидасы – қаталдық. Қаталдықты қатыгездікпен шатастырып, жұмулы жұдырық, қатулы қабақ деп түсінетіндер көп. Әсте де олай емес. Ол ең әуелі, өз-өзіне қатал, талапшыл. Қолға алған ісінен нәтиже шыққанша өзіне де, өзгеге де тыным бермейді. Айналасында тәртіптің, тірлігінде тиянақтылықтың болғанын ұнатады. Сондықтан бүгінгі басқаратын ұжымы –  Республикалық спорт колледжіндегі қызметіне көңілі тоқ. Президенттің тапсырмасымен бұл оқу ордасына жетекшілік еткеніне 8 жылдың жүзі болды. Таңнан қара кешке дейін жаттығу залында тер төгіп жатқан өрендерді көріп, олардың елдің туын көкке көтерсек деген асқақ  армандарына сүйсініп, атқарып жүрген ісінің зая емесін түсінеді.

«Қазіргі жұмысым өзіме қатты ұнайды. Спорт – еліміздің дамуына елеулі үлес қосып отырған сала. Еліміздің атағын асқақтатар жастарды тәрбиелеудеміз. Журналистер келіп: «Сіз облыс, қала басқардыңыз, депутат болдыңыз. Қазіргі қызметіңіз тақияңызға тар емес пе?» деп қыршаңқы сұрақтар қойып жатады. Әке-шешем мені өмір бойы әкім немесе депутат болсын деп туған жоқ қой. 500 баланы қанатының астына алып отырған үлкен ұжымды басқарып отырмын. Алға қойған мақсатымыз, ұмтылатын биіктігіміз бар. Ортақ мақсат бар жерде – бірлік, бірлік бар жерде тірлік бар. Бұдан артық не керек?  Колледж түлектерінің бірі Азияның, бірі әлемнің чемпионы атанады. Олардың әрқайсысы үшін көк туымыз жоғары көтеріліп, әнұранымыз әуелейді», – деді колледж жетекшісі мақтанышпен. Иә,  Амалбек Қозыбақұлы өзі басқаратын ұжымның жетістігі үшін қалай мақтанса да жарасады. 8 жылдың ішінде оқу ордасы дамудың даңғыл жолына түсті. Басшының толағай тәжірибесінің арқасында 2013 жылы колледж ішінен дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашылып, екі жылдан бері балаларды 7 сыныптан бастап қабылдап келеді. Бір кездері колледж студенттерінің бір күндік асының құны небәрі 880 теңгені құраса, бүгінде әр баланың тамағына бөлінетін қаржы 2,5 есе өскен. «Таңнан кешке дейін спортпен айналысатын жастарды тағамнан тарықтырмау керек» деп Амалбек Қозыбақұлы министрлікке қайта-қайта хат жазғаны, Тағамтану академиясынан Төрегелді Шарманов бастаған бір топ маманды арнайы шақыртып, үш ай бойы зерттеу жүргізгені де есте. Соның арқасында ел спортының ертеңі – бүгінгі жас өрендер қазір бес мезгіл құнарлы тамақпен қамтылған.

Колледжде тәртіп темірдей қатты. Дәлізде бей-берекет жүрген, ұстаздардан қашып, бой тасалаған жасты кезіктірмейсіз. Бірі жаттығу залында ақ тер көк тер болып жатса, бірі оқу аудиторияларында кітап кеміруде. «Спортшыға білімнің қажеті жоқ» деген қасаң стереотиптің быт-шытын шығарған да – осы білім ордасы.

– Спортта жүрген балалардың «мені» жоғары болатыны белгілі. Сондықтан қатарымызға жаңадан қосылған жастарды тәртіпке үйрету оңайға соқпайды. Әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеп, көпшіліктің ортасында өмір сүруге бейімдейміз. Жастарды жаман әдеттерге салынудан, басбұзарлықтан сақтандырудың жалғыз жолы – күн тәртіптерінде бос орын қалдырмау. Яғни үнемі пайдалы іспен айналысуларын қадағалау керек. Өрендердің көп уақыты негізінен жаттығу залында өтеді. Қалалық, республикалық, қала берді халықаралық деңгейдегі сайыстарға дайындалады. Сапалы білім алуларына да баса көңіл бөлеміз. Колледжге балаларын ертіп, қаншама ата-ана келеді. «Оқу үлгерімің қалай?» деп баласынан сұрасаң, ата-анасы одан бұрын жауап беріп: «Спортпен шұғылданады ғой...» деп ақтап алады. Спортпен шұғылданса, сабақ оқымауы керек деген сөз бе? Қара күш оларды өмір бойы асырайтынына кім кепіл? Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ бір жағдай болып, спортпен шұғылдану мүмкіндігінен айрылса, қайтіп жан бағады? Сондықтан спортшы тек қара күшке сенбей, білім-білігін де үнемі жетілдіріп отыруы керек. Біздің ұстанымымыз – осы, – дейді Аманбек Қозыбақұлы.

Кешегі мен бүгінгіні таразылағанда...

Маман дайындау мәселесі сөз болған соң, Амалбек Қозыбақұлынан елімізде жүргізіліп отырған кадрлық саясат туралы пікірін сұрағанды жөн көрдік. Ол маман даярлау ісінде кеңестік жүйе кезіндегі қағидалардың қайта жаңғырғанын қалайды екен.

– Қай заманда да жетістікке жетудің алғышарты еңбек екені дәлелденіп келеді. Бірақ қазір жастар арасында қасаң түсінік қалыптасқан. Қызмет сатысымен жоғары өрлеу үшін не қалтаң қалың болуы керек, не «крышаң» мықты болуы керек деген ой үстем. Мұндай ойдың орын алуына айналамызда болып жатқан келеңсіз құбылыстар себеп. Бұрын біз белгілі бір биіктікке жету жолында үлкен мектептен өтуіміз керек болса, қазір шетелдің оқу орнын бітірді деген дипломың болса жайлы жұмыс, жұмсақ креслоға жетудің жолы төте. Еңбек етпеген, қиындық көрмеген жастардың өзі туралы пікірі жоғары болады. Болдым, толдым деп ойлайды. Өз-өзіне көңілі толған адамда әрі қарай даму болмайтыны белгілі. Демек, бұл жүйе өскелең ұрпаққа кері әсерін тигізуі мүмкін. Мен қашанда жастардың жағындамын. Өйткені олар – елдің ертеңі. Келешегіміздің қандай боларын айқындайтын да – солар. Сондықтан олар білім алумен ғана шектелмей, өмір мектебінен өтуі шарт. Өмір мектебі дегеніміз не? Бұл, ең әуелі, адамгершілік негіздері. Қара болсаң да, хан болсаң да, кісілік келбетің болуы керек, – деп қайраткер өзі түйген өмір сабақтарын жастарға өнеге етті.

Спорт дамуындағы соңғы үрдістерді қалт жібермей бақылап отыратын маманнан Қазақстан спортының ертеңін, әсіресе келер жылы Рио де-Жанейро қаласында өтетін айтулы дода – жазғы Олимпиада ойындарындағы ел спортшыларының мүмкіндігін қалай бағайлайтынын да сұрадық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың спорттың дамуына ерекше көңіл бөлуінің арқасында 2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан 12-орыннан көрінгені белгілі. Амалбек Қозыбақұлының болжамынша, бұл жолғы Олимпиада кәрі құрлықтағы додадан әлдеқайда қиынырақ болуы мүмкін. Себебі Бразилия алыстағы Америка құрлығында орналасқан мемлекет. Тыныс-тіршілігі бөлек, ауа райы басқа. Оның үстіне, қазір мемлекеттердің барлығы спортқа баса көңіл бөле бастады. Бұрын Олимпиадада аты аталмайтын елдердің спортшылары шаршы алаңдарда топ жарып жүр. Сондықтан  ел спортшыларының босаңсуға қақысы жоқ.

Күні кеше Дохада өткен бокстан Әлем чемпионатының нәтижелері де Амалбек Тшановтың күдігін көбейткен: «Қазақстан негізінен боксшыларға арқа сүйейтіні жасырын емес. Бірақ Катарда өткен додада спортшыларымыз үмітті ақтамады. Ширек финалға тоғыз боксшының тым құрығанда жартысы да өте алмады. Ел қоржынына бірде-бір алтын салынған жоқ, қос күмісті місе тұтуға мәжбүр болдық. Меніңше, біздің жігіттер қатты шаршаған. Әлем чемпионаты, Азия чемпионатына да, Универсиадаға да соларды жібереміз. Универсиада – дүние жүзі студенттерінің спорттық форумы ғана. Спорттың әр мемлекеттегі даму процесіне баға беру үшін, сондай-ақ, спортшылардың өзара тәжірибе алмасу алаңы болсын деген мақсатпен ұйымдастырылады. Өзге елдің ортаңқол атлеттері қатысатын жарыстарда біздің ұлттық құраманың жігіттері жүреді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Үміт артып отырған жігіттерді ойға да, қырға да шапқылата бермей, бар назары мен күшін Әлем біріншілігіне, Олимпиада ойындарына жұмылдыруға мүмкіндік беру керек», – дейді маман.  Сөз соңында Амалбек Қозыбақұлы Бразилияда Лондонның деңгейінен төмен түспесек екен деген тілегін жеткізді. Біздікі де сол тілек. Көк туымызды желбіретер, әнұранымызды асқақтатар ұландарымыз көп болғай!

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары