Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев «Қазцинк» зауытындағы жарылыстан кейін Өскеменде ауа сапасын бақылау нәтижелері қашан белгілі болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, апаттан кейін бірден Шығыс Қазақстан облысының Экология департаментінің қызметкерлері ауаға өлшеу жүргізген.
Кейін «Қазгидромет» РМК «Қазцинк» ЖШС-нің санитарлық-қорғау аймағынан тыс жерлерде атмосфералық ауаның сапасын бақылау үшін мониторинг бекеттерін орнатқан.
— Қазіргі таңда алынған сынамалар өңдеу сатысында. Әр сынама бойынша химиялық және физикалық зерттеулердің өз регламенті бар. Бүгінгі күні нәтижелер дайын болады деп ойлаймын. Егер талдау нәтижелері бойынша нормадан асып кету анықталса, төтенше жағдай салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залал есептеледі, — деді Жомарт Әлиев Мәжіліс кулуарында.
Сондай-ақ ол халыққа өтемақы төлеу мәселесі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне кірмейтінін атап өтті.
— Қазіргі таңда «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, ауада нормадан асып кету тіркелмеген, — деп түйіндеді вице-министр.