Мәжіліс отырысында депутат Ерболат Сатыбалды «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Сенат қолдағанын және бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделі сақталатынын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутаттың айтуынша, заң тұжырымдамасы өзгермейді. Тек Сенат қаралып жатқан заң жобасына нақтылау сипатында бірқатар түзетулер енгізген.
«Сенат қаралып отырған заңға нақтылау сипатында бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, иесіз жануарлар санын реттеу мәселелері, оның ішінде тәртібі мен мерзімдері жергілікті өкілетті органдардың құзыретіне берілді, иесіз жануарлар ұғымы нақтыланды. Иесіз жануарларды жансыздандыру туралы шешімді ветеринариялық қорытынды негізінде қабылдау нормасы толықтырылды. Және өзге де түзетулер енгізілді. Жалпы алғанда, Мәжіліс қабылдаған заң тұжырымдамасы өзгеріссіз сақталады. Енгізілген түзетулер нақтылаушы сипатқа ие. Заңның тұжырымдамасы өзгермейді. Бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделі сақталады және оны Сенат қолдады. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін арттыруды, жануарларға қатыгездік жасамау, сондай-ақ жануарлар иелерінің жауапкершілігін күшейтудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында жануарларды есепке алу мәселесін нақты регламенттеу қажет. Сондықтан жануарларды есепке алу және чиптік меншік құқығын растаудың негізгі әрі тиімді тетігі болуы тиіс деп санаймыз. Қарапайым тілмен айтқанда егер жануар есепке алынбаса оның иесін анықтау мүмкін емес. Ал иесі анықталмаса жауапкершілік те болмайды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында Мәжіліс депутаттары тиісті түзетулер әзірледі. Аталған түзетулер жануарлар иелерінің жауапкершілігін күшейтетін нормалар мен бірге бүгін бірінші оқылымда мақұлданған аңшылық шаруалышығы және жануарлар дүниесін сақтау мәселесі туралы заң жобасы шеңберінде қаралатын болады. Жорғарыда айтылғандарды ескере отырып, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитеті Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңға Сенат енгізген түзетулермен келісуді ұсынады», - деді ол.