Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Қазақстанда алғаш рет литий-ионды батареяларды кешенді қайта өңдеуге бағытталған ғылыми жобаны жүзеге асыруда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Инновациялық жоба университеттің Электрохимиялық өндірістер технологиясы зертханасы базасында орындалуда. Зерттеу жұмыстарына PhD, доцент Фёдор Мальчик жетекшілік етеді. Жобаның басты мақсаты – істен шыққан аккумуляторларды қауіпсіз кәдеге жаратып қана қоймай, олардың құрамынан литий, кобальт және никель сияқты сирек кездесетін бағалы металдарды бөліп алу. Бұл шикізаттарды кейіннен өндірісте қайта пайдалану көзделіп отыр.
Ғалымдар қолданбалы зерттеулер барысында механохимиялық, сонохимиялық және электрохимиялық әдістерді қамтитын бірегей технологиялық тәсілдерді қолдануда.

«Пайдаланылған батареялар – қоршаған орта үшін қауіпті қалдық қана емес, сонымен бірге бағалы металдардың көзі. Біздің жоба аккумуляторларды жинау мен қауіпсіз разрядтаудан бастап, олардан құнды компоненттерді бөліп алып, қайта өңдеуге дейінгі толық циклды қамтиды. Осылайша, біз қауіпті қалдықтарды экономикалық тұрғыдан тиімді ресурсқа айналдыруды мақсат етіп отырмыз», – деп атап өтті жоба жетекшісі Фёдор Мальчик.
Бұл бағдарламаның іске асырылуы еліміздегі экологиялық тәуекелдерді азайтуға және техногендік қалдықтар көлемін қысқартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, жоба Қазақстанның жасыл технологиялар саласындағы ғылыми әлеуетін нығайтып, импортты алмастыратын стратегиялық шикізат базасын қалыптастыруға бағытталған.