БАҚ өкілдері бас қосты

БАҚ өкілдері бас қосты

БАҚ өкілдері бас қосты
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да жергілікті билік пен баспасөзге ортақ маңызды міндеттер жүктеді. Себебі БАҚ – мемлекет пен қоғам, билік пен халықтың арасын жалғайтын басты құрал. Сондықтан ұлттың ұлылығын асқақтатып, рухын көтеретін Елбасы мақаласын жүзеге асыру үшін «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығару аса маңызды. Ал бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны өте жоғары. Өткен аптада әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылауға арналған конференция өткізілді. Онда бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері, ғалымдар мен тарихшылар «БАҚ пен қоғам әріптестігінің жаңа форматын» әңгімеледі. Ғылыми-тәжірибелік конференцияға «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, саясаттанушы Дәурен Бабамұратов модераторлық етті.   width= Марат Тоқашбаев,  «Президент және халық»  газетінің бас редакторы: – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлтымызға пайдасы тиетін дүниелер өте көп. Онда ең алдымен бізбен бірге қатар өмір сүріп жатқан, алайда бізді онша мойындағысы келе бермейтін көршілеріміздің, отандастарымыздың назарына қазақ мемлекетін нығайтуға бағытталған қадамдары мен соны жүзеге асыратын ұрпақ қызметі көрсетілген. Өйткені халқымыздың жылқыны ең алғаш болып қолға үйреткені, металлургияның ең алғашқы қоспаларын шығару біздің жерден басталғанын әр қазақ біледі. Ал осының Елбасы атынан жазылып, шығуы сол дәйектерге айрықша салмақтылық, дем береді. Отандас басқа ұлт өкілдері мен диаспораларының мемлекет құраушы ұлтқа деген құрметін арттырады. Мақаланың екінші қызметі – қоғамның барлық топтарын біріктіруінде. Сондықтан осы сәтті мемлекеттігімізді нығайту жолында ұтымды пайдалануға тиіспіз. Мен тоқталатын мәселе – билік пен БАҚ арасындағы қарым-қатынас. Өз басым, билік пен БАҚ арасындағы қарым-қатынастың кемелденуі қажет тұсы көп деп ойлаймын. Өйткені қалыптасқан жағдайда билік пен БАҚ көбінесе жабық қақпаға доп ойнайтын сияқты. Ал іс жүзінде екі жақты болуы керек. Осы тұста Елбасы мен билік терминдерін бөліп қарастыру қажет. Себебі кейде Елбасы айтқан тапсырманы атқарушы билік басқа сипатта ұсынуы мүмкін. Осы себептен екі жақ бірін-бірі естімей, естісе түсінбей, түсінсе қабылдамай, осының салдарынан көп істер атқарылмай қалып жатыр. Әсіресе, БАҚ-тың жан айқайы жергілікті атқарушы органдардың құлағына жете бермейді. Осы тұста, ең қастерлі, ең қымбат Тәуелсіздік мерекесі Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қойып жатқанын айтқым келеді. 16 желтоқсан күні әдейі қаланы аралап көрдім, «Достық плаза» ойын-сауық орталығына бардым. Қойылған әндердің барлығы шетелдің жаңа жылдық әндері. Рухты көтеретін, Тәуелсіздік күнінен сыр шертетін, патриоттықты оятатын қазақтың бір әні жоқ. Үйге қайтып келе жатып, Республика сарайының алдынан концерттен шыққан қаумалаған адамды көрдім. Қандай концерттен шыққандарын сұрасам, «Мистер Адамның» концертінен деді. Тәуелсіздігіміздің ең көрнекті тұлғасы Мистер Адам ба? Осыны түсінбедім. Сол себептен Тәуелсіздік күнін шынайы халықтық мерекеге айналдыру қажет деп есептеймін.  width= Зиябек Қабулдинов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының  директоры: – Бірінші кезекте біз әлеуметтік экономика мәселесін шештік. Ал енді идеология мәселесін шешуде тарихи сана жолымен шешетін кез жетті. Себебі әлемде әртүрлі өзгерістер болып жатыр. Сондықтан Елбасы мақаласын біз құптаймыз және кеңінен насихаттауымыз қажет. «Ұлы даланың жеті қыры мақаласы» бұл ең алдымен еуроцентристік көзқарастардан арылу. Көп адам, оның қатарында студенттер мен магистранттар неге мақалада жеті қыр ғана айтылған деп сұрап жатыр. Қазақ үшін жеті саны өте киелі ұғым. Сондықтан Президент жеті санын құрметтеп, ата-баба сенімін дәріптеп осыған тоқтаған. Ал шын мәнінде жетінің астарында жетпіс, жеті жүз, я жеті мың қыр мен сыр жатыр. Оның ішінде қазақ пен түркі әлеміне ортақ ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, ата-бабаға тағзым, қонақжайлылық, туысқандық қатынастың беріктігі – осының барлығы ұлы дала халқының ең асыл қасиеттері. Сондықтан «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын іске асыруда БАҚ-тың атқаратын рөлі ерекше. Неге Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғыс музейі жүйесін қалыптастырмасқа? Бұл туристерді тартудың бір амалы. Қазір әлем бойынша бұндай музей тек екі елде ғана бар. Бірі – Қытайда, екіншісі – Польшаның Гданськ қаласында. Бұл музейдің ашылғанына бір жыл ғана болған, кіру құны 5 еуроға жуық. Ал оған ағылған туристер саны осы уақытқа дейін 1 миллионнан асып жығылған. Енді қараңызшы, кішкентай ғана музей Польша экономикасына қаншама табыс әкелді? Бізге де осы сияқты істерді қолға алып, оның ішінде ашық аспан астында музей ұйымдастыру сияқты ерекше әрі тың жобалар аса қажет. Жалпы, конференция барысында «Ұлы даланың жеті қыры» бойынша алға қойылған мақсаттар мен атқарылған жұмыстар талқыға салынды. Сондай-ақ, Елбасы мақаласынан туындайтын қоғамды ақпараттандырудың өзекті мәселелері талқыланып, газеттер мен электронды БАҚ-тың атқаратын қызметі мен тәжірибесі сараланды.