РЫСҚҰЛОВ РУХЫНА ТАҒЗЫМ

РЫСҚҰЛОВ РУХЫНА ТАҒЗЫМ

РЫСҚҰЛОВ РУХЫНА ТАҒЗЫМ
ашық дереккөзі
ХХ ғасырдың басында Ресей патшалығында болған Қазан төңкерісі монархиялық билікті құлатып, осы бір оңтайлы сәтте алып империяның құрамындағы «бұратана» халықтардың көзі ашық оқығандары өз ұлтының тәуелсіз мемлекетін құрмаққа талпынғандары белгілі. Осылардың арасында, тек қазақтың ғана емес, күллі Орталық Азиядағы түркітектестердің біріккен күшті мемлекетін құруға талпынған көрнекті тұлға, қазақ халқының ардақты перзенті Тұрар Рысқұловтың  орны бөлек. Алмағайып заманда өмір сүрсе де, білімдарлығы, алғырлығымен биік лауазымдарға қол жетікізген, кезінде аты Кеңес Одағына ғана емес, жарты әлемге белгілі болған мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов өмірі – туған елі үшін тер төгудің, халқына қалтқысыз қызмет етудің үлгісі еді. Алайда әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып мемлекетті Сталин басқарған тұста жазықсыз жазалаудың құрбаны болып кеткен қазақтың арда ұлының еткен еңбегі еш болып, өлген соң да атының аталуына тыйым салынды. Тіпті, саяси тұрғыдан оның кінәсіздігі дәлелденсе де (Рысқұлов есімі КСРО Әскери коллегиясы Жоғарғы Сотының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталды), теріс бағаның салқыны ұзақ уақыт бойы Тұрар Рысқұловтың азаматтық тұлғасына көлеңкесін түсіріп келді. Дегенмен бәріне лайықты бағасын беретін уақыттың құдіреті қазақ перзенті туралы шындықтың үлкен мінбелерден айтылуына жол ашты. Бірнеше рет баспасөз бетінде мақалалар жазып, рысқұловтану мәселесімен шұғылданған тұлғаларды әңгіме тартып, сұхбаттар жүргізген, ұзақ жылдар бойы халықаралық «Түркістан» газетінде еңбек еткен белгілі журналист-қаламгер Көлбай Адырбекұлының осы жылы «Тоғанай-Т» баспасынан шыққан «Алты Алаштың ардақтысы» атты кітабы – танымдық мәні зор еңбек. Кітапқа автордың «Валериан Куйбышев: «...Аса қауіпті адам», «Мылтықсыз майдан» атты қос бірдей зерттеу мақаласы, «Ақиқаттың жоқшысы, арыстардың жанашыры» атты географ-картограф, рысқұловтанушы Молдияр Серікбаевпен сұхбаты және «Геолог-картограф Серікбаев» атты сыр-сұхбаты берілген. Материалдардың бәрі де мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі мен саяси қызметі жайында сыр шертеді. Алғашқы мақалада Тұрар Рысқұловтың елге белгілі еңбектері мен қызықты ғұмыры жайында әңгімеленіп, өткен ғасырдың басында КСРО-ны биік лауазымында болған тұлғалардың Рысқұловқа деген көзқарасы баяндалады. Мақалада келтірілген деректерге қарағанда, Рысқұловтың өз пікірін дәлелдеуге келгенде шешендігі мен мемлекеттік істердегі алғырлығы орталықтағы кейбір лауазымды тұлғаларға ұнамағаны байқалады. Сондай-ақ, Т.Рысқұловтың мезгілсіз қазасынан соң арадан 22 жыл өткенде және ақталғанына 4 жылдай уақыт болғанда алғаш рет қазақ баспасөзінде («Социалистік Қазақстан» газеті, 1960 жылы 19 қазан) ол туралы Рахмалы Байжарасовтың (1938 жылы Қарағанды қалалық партия комитетінің екінші секретары болып қызмет атқарып жүргенде тұтқындалып, сотталған. 1955 жылы, 25 мамырда ақталған) мақаласының жарық көруі және оған қарсы «Тарихи шындықты бұрмалауға болмайды» деген атпен («Социалистік Қазақстан» газеті 1960 жыл, 20 желтоқсан) Байжарасов мақаласын жоққа шығарған материалдың басылуы жайындағы деректер – рысқұловтанушылардың бастан кешкен қиындығын байқатса керек. «Мылтықсыз майдан» мақаласы – аты айтып тұрғандай, Т.Рысқұловқа қатысты түрлі жатыпатар зымиян пікірлердің шығуының себептерін, сондай-ақ Ә.Бөкейханов, Н.Нұрмақов, М.Шоқай, С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Н.Төреқұлов секілді тұлғалардың Т.Рысқұловпен қарым-қатынасын шынайы талдап-таразылайды. Публицист-жазушы Көлбай Адырбекұлының бұл кітабы – сталиндік репрессияның кесірінен мезгілсіз қаза тапқанына биыл 80 жыл болған қазақтың ардақты ұлы Тұрар Рысқұловтың рухына тағзым етудің үлгісі дер едік.