Дзюдо: Дидар Хамза Ташкенттегі Гран-придің жеңімпазы болды

Дзюдо: Дидар Хамза Ташкенттегі Гран-придің жеңімпазы болды

Дзюдо: Дидар Хамза Ташкенттегі Гран-придің жеңімпазы болды
ашық дереккөзі
Қазақстандық дзюдошы Дидар Хамза Ташкентте өтіп жатқан әлемдік Гран-при турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жарыс барысында 81 кг салмақта бесрет татамиге шыққан Дидар Хамза сол белдесулердің бәрінде де жеңіске жетті. Финалда қазақстандық дзюдошы моңғолиялық спортшы Дагвасурен Ниямсуренмен тартысты кездесу өткізді. Алдымен қарсыласы вазаримен алға шықса, белдесу аяқталуға санаулы секундтар қалғанда, Дидар таразы басын теңестіріп үлгерді. Қосымша уақытта Д.Хамза жеңіске жетті. Осылайша 21 жасар Дидар Хамза Гран-при турнирінде алғаш рет чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ташкент жарысында Дидар Қазақстан қоржынына бірінші медальді салды. Дүниежүзілік рейтингте Д.Хамза осыған дейін 21-орында тұрса, Ташкенттегі жеңісі үшін 700 ұпай алады. Яғни, бұл - рейтингте жоғарылайды деген сөз. Әкесі әрі жеке бапкері Марат Файзиев жаттықтыратын, бұдан екі жыл бұрын 73 кг салмақта Рио Олимпиадасына қатысқан Дидар Хамза содан кейін 81 кг салмаққа ауысқан болатын. Жалпы, биылғы жыл Дидар үшін сәтті болды. Азия ойындарының чемпионы атанған Д.Хамзаның бұдан бұрын Әбу-Дабиде «Grand Slam» турнирінде қола жүлдеге ие болғанын жазған едік.