Елбасы  2018 жылғы егін орағының табысты аяқталуымен құттықтады

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордада өтіп жатқан Astana Agroforum-2018 республикалық кеңес қатысушыларына құттықтау жолдады. Елбасы құттықтауын ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті ауыл еңбеккерлері! Аграрлық секторы дамыған Қазақстан үшін астық жинау науқаны әрдайым маңызды оқиға саналады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан биылғы жиналған мол өнім Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіздің нәтижесі. 22 млн тоннадан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. Бұл ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, шетел нарықтарына үлкен көлемде астық өнімін экспорттауға мүмкіндік береді. Мұндай жоғары көрсеткіш Қазақстанның әлемдегі ірі астық өнімін өндіруші елдердің бірі екенін тағы да айғақтай түседі», – деп атап өтеді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығында жүргізілген жүйелі реформалардың арқасында стратегиялық маңызы зор осы саланың әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығы едәуір арта түскендігін баса айтады.

«Мемлекет алдағы уақытта да агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетіп, заманауи технологияны тартуға, еңбек өнімділігін молайтуға, және оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жағдай жасайтын болады. Еліміздің барлық еңбеккерлерін 2018 жылғы егін орағының табысты аяқталуымен құттықтаймын. Қазақстан халқы Сіздердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономиканың өсуіне және еліміздің өркендеуіне қосқан үлестеріңізді жоғары бағалайды. Сіздерге мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, бүгін форум аясында түске дейін «Ауылдық жерде азаматтық қоғамды дамыту» тақырыбында өткен республикалық конференцияға қатысқан Өмірзақ Шөкеев екінші деңгейлі банктердің агроөнеркәсіп кешенін несиелеудегі тәуекелдерін төмендету қажеттігін айтқан болатын.

Back to top button