Халықтың мүддесіне  қызмет етеміз

Шығыс Қазақстанда Партиялық бақылау комиссиясы ағымдағы жылдың тоғыз айында 6 отырыс өткізді. 2015-2025 жылдарға арналған ҚР Жемқорлыққа қарсы стратегиясы, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен мекемелермен «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-әрекет» бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыстық Әділет және мемлекеттік кіріс департаменттері мен оның бөлімдерінде, ауыл шаруашылығы салаларында арнайы жұмыстар жүргізілді.

Жалпы, өткен жыл мен биылғы аралықты қосқанда партия Жарғысы мен Әдеп кодексін бұзғаны үшін 25 адам партиялық жауапкершілікке тартылды. Партия қатарынан 12 адам шығарылды. Партия мүшесінің Әдеп Кодексін бұзғаны үшін қала әкімі орынбасары мен екі басқарма басшысы, сондай-ақ, аумақтық партия филиал жетекшілері жауапкершілікке тартылып, сөгіс алды.

Аймақтық филиал жанындағы комиссиясы мемлекеттік «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларының жер-жерде нақты орындалуын қадағалайды, бақылауға алады. Сонымен қатар, қырағы комиссия мүшелері өзге де мемлекеттік іске қатысты заң бұзушылықтарды саралаудан өткізеді.

Жалпы, Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев белгілеп берген негізгі бағыттардың бірі – партиялық жауапкершілікті арттыру, қарапайым адамдардың мұң-мұқтажына мұқият қарау, мемлекеттік қызметкерлердің менмендігімен күресу. «Нұр Отан» – министрлік те, атқарушы билік те емес. Ол келешектің мүмкіндігін ескере отырып әрекет ететін, жалпыұлттық тәртіпті белгілейтін стратегиялық күш», – деген еді Елбасы.

Бұл ретте Өскемен қаласы әкімдігінің қызметіне қатысты қаралған кезекті мәселеге тоқталған жөн. 2018 жылдың 17 қаңтарында «Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша баспана алуға кезектің сақталуына орай облыстық филиалдың қоғамдық қабылдауына арыз түсті. Бақылау комиссия мүшелері мәселені анықтау үшін Өскемен қаласының ТҮКШ бөлімінің жұмысына мониторинг жүргізді. Алдымен 2014 және 2017 жылдар аралығында аталған санат бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға мұқтаж және баспаналы болған жандардың тізімімен танысты. Анықталғаны, ресми сайтта ескі тізім өзгерусіз қалып қойған. Құзырлы орын тарапынан ескерілмеген мәселе осы кезекте тұрғандардың тізімі жыл сайын бірінші тоқсанда жаңартылып тұруы тиіс.

Ағымдағы жылғы наурыздың 16-сы күні Шығыс Қазақстан облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының отырысында осы мәселе қаралып, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаев пен тұрғын үй қатынасы бөлімі басшысы Фархат Жылыбаевтың түсініктемелері тыңдалды. Айта кету керек, өтініш білдірушілерге құзырлы мемлекеттік органдар тарапынан толыққанды жауап берілді. Яғни, сайттағы тізімнің дер кезінде жаңартылмауы себебінен өтініш білдірушілер бөлім жұмысына күдікпен қараған. Сондықтан, Комиссия тарапынан бөлімге жұмысын жақсарту, қатаң түрде ҚР «Тұрғын үй қатынасы туралы» заңнамасын сақтау және қызмет жариялылығын қамтамасыз ету туралы ұсыныстар берілді. Қазіргі таңда тұрғын үй қатынасы бөлімінің қызметі ашық, жариялы түрде атқарылуда. Кезекте тұрғандар тізімі Өскемен қаласы әкімдігінің сайтында көрсетілген. Тұрғын үй комиссия құрамына қоғам өкілдері енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыс партияның бақылауында.

Бүгінде облыс бойынша 20 аумақтық Партиялық бақылау комиссиясы қызмет етеді. Олардың тарапынан өткізілген жалпы жиын саны 60-тың үстінде. Мәселен, Шемонаиха ауданында комиссия құрамына 7 адам кіреді. Оның ішінде 3 аудандық мәслихат депутаты бар. Аумақтық комиссияның соңғы өткізген отырысында Шемонаиха қаласындағы №2 дәрігерлік амбулаторияның жағдайы талқыға түсті. Емхана орналасқан ғимарат екі бөліктен тұрады. Өзара өткел арқылы байланысқан нысанның сол жақ бөлігінде қабырғалары сөгіліп, қауіпті болғандықтан, қызметкерлер мен науқастардың кіруіне тыйым салынған. Ал оң жақта орналасқан амбулатория жағдайы санитарлық талапқа сай келмейді. Тұрғындар тарапынан ғимараттың техникалық ахуалына байланысты көңіл толмаушылық көптеп айтылуда. Ол түсінікті, себебі бүгінде ол жерде 5490 адамға қызмет көрсетіледі. Ал олардың 1095-і – бала.

Мәселенің шешімі – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қамтамасыз ету және шағын аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін дәрігерлік амбулаторияға жаңа ғимарат қажет. Құрылыс құны 211,905 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда жаңа ғимарат қажеттілігі туралы негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға қаражат қажеттілігі туралы толық құжат Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолданған. Комиссияның кезекті отырысы қараша айында өтеді.

Дәл осы ауданда Красная Шемонаиха деген ауыл бар. Сол ауылда су алу ғимараты мен су жеткізу желісі трассасы салынып жатыр. Тұрғындар үшін аса маңызды жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бой көтеруде. Айта кету керек, құрылыс жұмысы өткен жылдың желтоқсанында бітуі тиіс еді. Алайда ауыл тұрғындарының үйлеріне сол күйі су жеткізілмеді. Оған себепші – жұмысты мерзімінде аяқтамаған мердігер мекеме. Шемонаиха ауданындағы Красная Шемонаиха ауылында комиссия қатарынан бірнеше рейд жүргізіп, ондағы жағдайды бақылап отыр.

Жұмыс уақтылы атқарылмаған соң, мердігердің келісімшарт міндетін орындамауы туралы сотқа арыз түсірілді. Шығарылған шешімге сай, «Өскемен құрылыс» ПСК ЖШС 2018 жылдың қаңтарына дейін істі аяқтауы тиіс еді. Алайда жобаны жүзеге асыру барысында тасты жердің ерекшелігін есепке алу және екі су қоймасын су айдауыш мұнараға ауыстыру қажеттілігінен жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізу құпталған. Партияның Шемонаиха аудандық филиалының бірінші орынбасары Елена Шабанова егер алғашқы нұсқаны қалдырса, ауылдықтарға судың құны алтынмен тең болмақ деп, жағдайдың жай-жапсарын жеткізді. Қазіргі таңда ЖСҚ түзету мен мемлекеттік сараптама нәтижесі алынды. Соның аясында облыстық бюджеттен қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Себебі бұған дейін игерілмей қалған 68 миллион теңге республика қазынасына қайтарылған.

Әлеумет тарапынан туындаған мәселені шешуге бағытталған тағы бір жұмысты Бесқарағай аудандық комиссиясы қарауда. Ұзақ уақыт бойы аудандағы Көпсалалы коммуналды кәсіпорынға қатысты жайсыз жағдай халықты алаңдатып жүрген еді. Үстіміздегі жылдың ақпан айында Бесқарағай аумақтық партиялық бақылау комиссиясында аталмыш мәселе қаралып, кәсіп­орын директоры С.Редкозубовқа Саяси Кеңес Бюросында партиялық жаза қолдануға ұсыныс беру жайлы қаулы шығарылды. Партиялық органның тікелей араласуынан кейін директорға жаза қолданылып, артынша жетекші өз еркімен орнын босатты.

Басшылық лауазымға жаңа азамат қабылданып, кәсіпорын қызметі толық реформадан өтті. Қазіргі таңда жұмысшылардың алдындағы еңбекақы қарызы азайды. Айта кету керек, партияның бұл іске араласып, халықтың, кәсіпорынның кәсіп ошағы ретінде ары қарай да қызмет ету мүддесі үшін тиісті әрі тиімді жолды нұсқауының арқасында бүгінде 3 айлық еңбекақы, яғни, 6 млн теңге қарызы өтелді. Қарашаның 1-іне дейін тағы 8 млн теңге төлеу жоспары тұр.

Бұл бағыттағы жұмыстар облыстық комиссия тарапынан ары қарай да жалғасатын болады. Себебі «Нұр Отан» партиясы – ең бірінші кезекте халықтың партиясы. Халықтың игілігі мен мүддесіне қызмет етіп, мемлекеттің, Елбасының салиқалы саясатын жүзеге асыруға, аймақта, аудан-ауылда тиісті бастаманың жарқын көрініс алып, нақты орындалуын бақылауға ала отырып, өз үлесін қосады. Бұл ретте бақылау органының бір тармағы бола отырып, бұл бағыттағы жұмыстың тиімді атқарылуын қамтамасыз етеміз деп айтамын.

 

Олег ЧЕРНЫШОВ,

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты,

Шығыс Қазақстан облыстық талдау және болжау институтының директоры, «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының  төрағасы

Back to top button