336
Жолдаудағы басымдықтар талқыланды
Жолдаудағы басымдықтар талқыланды
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылғы тоғыз айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды.
Жиында негізгі басымдық Елбасының 5-қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын жақсарту» атты жолдауында айтылған мәселелерді орындау барысына арналды. Ел Президентінің Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бойынша, «Әрбір отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруді» көздеу қарастырылды. Бұл міндеттің орындалуына Елбасы кезекті Жолдауды жариялау кезінде көңілтолмастық білдірген болатын. Бұған жауапты Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Үкімет мінберін әрі отырыстың интернетте таратылғанын пайдаланып, «7-20-25» бағдарламасының игіліктерін халыққа тағы бір түсіндіріп өтті. Өйткені халық бағдарламаның жүзеге асу тетігін жете білмейді. Ол ең алдымен, кез келген азамат бағдарламада көрсетілген талаптарға сәйкес келетін тұрғын үйді таңдауы керек. Екіншіден, бағдарламаға қатысатын банкке келіп, несие алу туралы өтініш жазуға тиіс. Үшіншіден, оның өз табысын ресми түрде растайтын анықтамасы болуға, ал жеке меншігінде баспанасы болмауға тиісті. Қазіргі уақытта жеті банк өтініш қабылдап жатыр, – деді Д.Ақышев. Оның дерегінше, әзірге жалпы құны 28 млрд теңге тұратын баспананы арзан несиеге алу үшін 2 мың 352 өтінім ғана мақұлданды. «Елбасы тапсырмасын жүзеге асырудың тез әрі табысты жүруі аса маңызды. Қысқа уақыт ішінде қажетті инфрақұрылым құрылып, банктер мен жұртшылық арасында ақпараттық науқан қарқын алды. Бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін оған қыркүйек айында бірқатар өзгерістер енгізілді», – деді Ұлттық банк басшысы. Атап айтқанда, ең жоғары 25 миллион теңгелік ипотека алуға ұлықсат етілетін аумақтар қатарына Шымкент қаласы және Астана мен Алматы қалаларының маңындағы аймақтар жатқызылған. «Бастапқы тұрғын үй» ұғымы кеңейтіліп, әкімдіктер мен құрылыс инвесторлары жүзеге асыратын тұрғын үй нысандары да сол қатарға кіргізілді. Тұрғын үй салуы үшін «Баспана» ипотекалық ұйымына жергілікті атқарушы органдардың теңгедегі облигацияларын нарықтық мөлшерлемемен сатып алуына мүмкіндік берілді. Алайда арзандатылған ипотеканы кез келген азаматтың қалтасы көтере бермейтіні белгілі.
– Бағдарлама төмен пайыздық мөлшерлемедегі ұзақ мерзімді несие ұсынуы арқасында әлеуметтік сипатқа ие. Дегенмен ол ипотека болып табылады. Яғни, кредитті өтеу үшін ресми расталған кіріс болуы керек. Мәселен, 10 миллион теңге тұратын пәтерді сатып алу үшін 2 миллион теңге көлемінде бастапқы жарна енгізу талап етіледі. Ай сайынғы төлем бұл жағдайда 57 мың теңге болмақ. Сәйкесінше, банк несиені мақұлдауы үшін азаматтың кем дегенде 120 мың теңгедей айлық табысы болуы міндетті. Себебі несиені өтеу мөлшері айлық жалақының жартысынан аспауға тиіс деген ереже бар, – деді Данияр Ақышев. Бағдарлама аясында бірқатар өңір бастапқы жарна мөлшерін 20 пайыздан 10 пайызға дейін түсіруде. Бірақ бұл көмек тек жас отбасыларға және мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала еңбеккерлеріне ғана таралады. Басқа жұрт банкке үй бағасының 25 пайызы көлемінде бастапқы жарна енгізуге міндетті. Президенттік екінші бастама «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтуды» көздейді.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, жалақысы 25 айлық есептік көрсеткішке (60 мың 125 теңгеге) жетпейтін жұмыскерлердің салық жүктемесі қазіргіден 10 есеге азайтылады. Тиісінше, салықтық база азаяды. – Осыған орай әзірленген нормалар 2019-2021 жылдары жергілікті бюджеттердің 93,7 млрд теңге көлемінде шығын шегуіне алып келеді. Бұл ретте 2019 жылғы 29,1 млрд теңге шығын 2017-2019 жылдардағы үш жылдық трансфеттердің қолданысы кезеңінде республикалық бюджет қаражаты есебінен өтелетін болады, – деді ол.
Елбасының тағы бір бастамасы «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға» бағытталған. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Президент тапсырмасын орындау үшін биыл-ақ қосымша 20 мың грант бөлінгенін баяндады. Гранттардың жалпы саны екі жыл ішінде 39 мыңнан 69 мыңға дейін ұлғайтылған. – Қазіргі уақытта осынша мың гранттардың барлығы өз иесін тапты. Грантқа ие болған балалар оқуға кірісіп те кетті. 51 мыңнан астам студент – бакалавриатта, 13 мыңы – магистратурада, 2 мыңнан астамы PhD бойынша білім алуда. Грант иегерлерінің жартысы, яғни 34 мыңнан астам студент техникалық мамандықтар бойынша оқуда. Олардың көпшілігі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, киберқауіпсіздік, радиотехника және электроника бағытында мамандық игеруде. 5 мыңнан астам грант «Серпін» бағдарламасы бойынша ауыл жастарына бөлінді, – деді министр. Гранттардың 20 пайызға жуығы мұғалімдерді, соның ішінде ағылшын тілінде әртүрлі пәндерді оқытатын ұстаздарды даярлауға арналған. Министр ЖОО-лардың маман дайындау ақысы да жоғарылағанын айтты. Тиісінше, оқу орындарына бағытталар миллиардтар тасқыны артқан. Мәселен, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша жоғары білімді 1 маманды даярлауға мемлекет беретін қаражат бұрынғы 346,6 мың теңгеден екі есе дерлікке, 635,8 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша гранттар құны барлық ЖОО-да 346,6 мың теңгеден ұлттық ЖОО-лар деңгейіне дейін көтеріліп, 635,8 мың теңгеге жетті. Е.Сағадиев атқарылған жұмыстар нәтижесінде жыл сайын шетелге оқуға кететін балалардың санын 1800-ден 630-ге дейін, яғни үш есе азайта алғандарын мақтана жеткізді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова биыл шағын несие беру көлемі тағы 20 млрд теңгеге, оның ішінде қалаларда – 6 млрд, ауылдарда 14 млрд теңгеге ұлғайтылғаны жөнінде хабардар етті. Сөйтіп, шағын несие берудің жалпы сомасы 62 млрд теңгеге жетіпті. Оның ішінде 45 миллиард теңге ауылдарға, ал 17 миллиард теңге қалаларға арна тартқан. Осы жылы өз ісін ашқысы келетін 14 мың адамға шағын несие беріледі деп жоспарлануда. Бірақ қарқын жоспардағыдан төмендеу көрінеді. – Жыл басынан бері шағын несие беру бойынша барлығы 38,4 миллиард теңге, оның ішінде қалаларда – 10,5 млрд, ауылдарда – 27,9 млрд теңге игерілді. Өңірлер арасында қаражатты игеру бойынша жақсы көрсеткіштер Алматы қаласында, сондай-ақ, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында байқалады, – деді М.Әбілқасымова. Жыл басынан бері барлығы 8 893 шағын несие берілген екен. Оның 7901-і ауылдарға, 992-і шаһарларға тиесілі. Бұл ретте ауыл бойынша жоспар тек 72 пайызға, ал қалаларда небары 33 пайызға орындалған. Ауылдарда іскерлер алған шағын несиенің орташа мөлшері 3,5 млн теңгені, ал қалаларда – 10,6 млн теңгені құрайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған 7914 адам және 979 жұмыссыз кәсіпкерлікпен айналысуға немесе «көлеңкелі» кәсібін заңдастыруға мүмкіндік алыпты. Мәселені талқылауды қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді. Бірінші бастама бойынша ол Үкімет мүшелерінің назарын жұмысты жандандыру қажеттігіне аударды. «7-20-25» бойынша тұрғын үй салу үшін барлық мүмкіндіктер жасалған, қаржыландыру мәселелері шешілген. Алайда жұмыстардың төмен қарқыны байқалуда. Өйткені құрылыс қарқыны сұранысқа байланысты. Ал банктер өтініштерді аз мақұлдап, сұранысты өсірмей отыр. Осыған байланысты облыс әкімдіктеріне құрылыс компаниялары мен банктерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Екінші бастама бойынша барлық дайындық жұмыстарының өткізілгені атап өтілді. Қолданыстағы заңнамаға қажетті өзгерістер енгізілді. Енді жұмыскерлердің салығын азайту 2019 жылғы 1 қаңтарда басталады. Үшінші бастаманы іске асыру аясында Б.Сағынтаев Білім және ғылым министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп студент жастарды жатақханалармен қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыруды тапсырды.