Жаңа міндеттерді жүзеге асыруға кірісті

Жаңа міндеттерді жүзеге асыруға кірісті

Жаңа міндеттерді жүзеге асыруға кірісті
ашық дереккөзі
Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы бойынша мәжіліс өтті. Актив жиналысын ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев негізгі алты бағыттан тұратын саяси құжаттың мәні мен мағынасына жеке-жеке тоқталып, оның қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, орта және шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, халықтың өмір сүруіне қолайлы, әрі қауіпсіз қоғамдық орта құруға бағытталғанын жеткізді. Ел Президентінің Жолдауындағы әрбір тармақты талқылаған аймақ басшысы ондағы міндеттерді Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстармен байланыстыра баяндады. – Елбасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуды жүктей отырып, оның болжамды нәтижелерін де атап өтті. «Бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді», – деді Президентіміз. «Бұл тапсырма жаңадан құрылған Түркістан облысында да кәсіпкерлік саласының одан әрі дамуына тың жол ашады»,– деді Ж.Түймебаев. Отырыста, сонымен бірге, облыс әкімі Жолдауда айтылғандай, ел экономикасын алға сүйрейтін, атап айтқанда, индустрияландыру, өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үй, туризм, агроөнеркәсіп сынды салалардың өңірдегі көрсеткішімен, алдағы даму жоспарларымен бөлісті. Мемлекет басшысының саяси құжатындағы міндеттерді насихаттауда мінберге бірқатар азаматтар шығып, өз ойларын ортаға салды. Олардың ішінде, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы Тұрсын Маханұлы, «Бөрте Милка» кәсіпорнының құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты Нұралы Әбішев, Сайрам аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, ардагер ұстаз Амангелді Қабылбеков, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов және Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің 4-курс студенті, «Түркістан студенттері альянсы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Алуа Тұрсынхан да бар. Актив соңында Ж.Түймебаев Елбасы Жолдауында атап көрсетілген мәселелерді негізге ала отырып, ең алдымен, оның тиісті деңгейде түсіндіріліп, БАҚ-та насихатталуын облыстық ішкі саясат басқармасына тапсырды. Насихаттау шаралары, сондай-ақ, облыстық білім, отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармалары мен аудан, қала әкімдіктеріне, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалына да жүктелді.

Сейітхан Зеберханұлы