Халықтың әлсіз топтарын қорғау – өркениетті қоғам белгісі

Халықтың әлсіз топтарын қорғау – өркениетті қоғам белгісі

Халықтың әлсіз топтарын қорғау – өркениетті қоғам белгісі
ашық дереккөзі
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы өтті. Жиында Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы талқыланды. Үкімет отырысында алғашқылардың бірі болып баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Жалпыұлттық жоспарда еліміздің дамуы үшін қолға алынатын негізгі шараларды атады. «Қазақстандықтар үшін аса маңызды шаралардың бірі – 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп 1,5 есе арттыру. Халықтың кірісін қорғау үшін заңнамаға тариф белгілеу тетігінің, коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың қаражатын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін өзгерістер енгізілетін болады. Бизнесті тиімді қолдау мақсатында 2025 жылға дейінгі Бизнестің жол картасы бағдарламасы жалғастырылады», – деді Тимур Сүлейменов. Ұлттық экономика министрінің сөзінше, оқушылар орнының тапшылығын жою жəне үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында осы жылдың соңында өңірлерде мектептердің құрылысы басталмақ. Денсаулық сақтау саласында медицина қызметтерінің сапасын арттыру үшін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттаманы қағазсыз, цифрлы түрде жүргізуге көшеді. «Биыл Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталады. Ол қазіргі заман талабына жауап беретін құрылғылармен жабдықталады. Халықты сапасыз жəне денсаулыққа қауіпті тауарлар мен қызметтерден қорғау мақсатында Тауарлар мен қызметтер сапасын жəне қауіпсіздігін бақылау комитеті құрылады», – деді Тимур Сүлейменов. Сондай-ақ, көлік инфрақұрылымын, коммуналдық жəне тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының жүргізілу мерзімі ұзартылады. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, құқық қорғау органдарының жұмысын түбегейлі жақсарту жəне азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматын енгізуді, қоғамдық қауіпсіздікті мониторингілеу жүйелерімен қамтамасыз етуді көздейтін ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша Жол картасы қабылданады. «Жалпыұлттық жоспарды уақытылы орындау Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді жəне еліміздегі əлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге негіз болады», – деп қорытындылады сөзін Ұлттық экономика министрі. Жалпыұлттық жоспар жобасы қабылданғаннан кейін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев əкімдіктер мен министрліктер, барлық мүдделі мемлекеттік органдар жоспардың барлық шараларын орындауды қамтамасыз етуі қажеттігін ескертті. Ал «Білім берудің өзекті мәселелері» атты баяндама жасаған Білім жəне ғылым министрі Ерлан Сағадиев Елбасының Жолдауда мұғалімдердің мәртебесіне ерекше көңіл бөлгенін атап өтті. Білім жəне ғылым министрлігі əкімдіктермен бірлесіп, білім беру жүйесін жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізбек. Білім және ғылым министрі өз сөзінде саладағы мәселелерді жүйелеп ұсынды. Қазіргі уақытта 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 95 пайызды құрайды. Бұл іске заманауи сипат беру үшін балабақшаларға жолдама берудің электронды жүйесі енгізілді. «Бұл көрсеткіш 8 өңірде 100 пайыз болса (Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жəне Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Ақмола, Маңғыстау облыстарына), ең төменгі көрсеткіштер Қарағанды (44 пайыз), Түркістан (35 пайыз) жəне Алматы (30 пайыз) облыстарында орын алып отыр», – деді Ерлан Сағадиев. Сонымен бірге, балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау – мектепке дейінгі ұйымдардың басты міндеттерінің бірі. Бұл ретте Мемлекет басшысы балабақшалар мен мектептерде бейнебақылау орнату туралы тапсырма берді. «Елбасының тапсырмасына сəйкес балабақшалар мен мектептерді бейнекамерамен қамтамасыз етуге үш жыл беріліп отыр. Осы жұмысты бүгіннен бастап қолға алуды сұраймыз. Министрлік өзінің тарапынан ай сайын мониторинг жасап, ақпаратты жариялап отырады», – деді министр. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Педагог мəртебесі туралы» заң əзірленбек. Заңда педагогтердің əлеуметтік мəртебесін көтеру, оқу жүктемесін қысқарту, қажетсіз тексерулерден қорғау үшін нормалар қарастырылады. Заңды бекіту 2019 жылға жоспарланып отыр. Білім саласындағы мәселелерді қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев елімізде 127 мектепте оқытудың үш ауысымда жүргізілетінін, 321 мектепте тамақтандырудың ұйымдастырылмағанын, басқа да бірқатар түйткілдерді атап көрсете келе, білім беру мәселелерін шешуге бұрыннан жоспарланған 47 млрд теңгеге қоса енді Елбасының Жолдаудан туатын тапсырмаларын орындауға қосымша 50 млрд теңге қарастырылатындығын атап көрсетті. Ал мүгедектерді əлеуметтік қорғау мәселесі бойынша Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Мəдина Əбілқасымованың баяндамасы тыңдалды. Ол өз баяндамасында Қазақстанда 674,2 мың мүгедектігі бар адам тұратынын, оның 62 пайызы еңбекке қабілетті жаста, 25,4 пайызы зейнеткерлік жаста, 12,6 пайызы əлі 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдер екенін айтты. Сонымен бірге, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс шамасының өзгеруіне байланысты мүгедектерге берілетін жəрдемақы 16 пайызға дейін арттырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кəмелет жасқа толған бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім көрсетіп отырған адамдарға 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа жəрдемақы енгізілді. Бүгінгі күні жəрдемақы 10 мың отбасына тағайындалды, оның мөлшері 29 699 теңгені құрайды. Аталған мəселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, Білім жəне ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің, Инвестициялар жəне даму министрі Жеңіс Қасымбектің өз салалары бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы қосымша баяндамалары тыңдалды. Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев халықтың əлсіз топтарын қорғау мен мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі адамдар түйткілі Елбасының назарында тұрғандығын, жаңа Жолдауда бұл мəселенің де атап көрсетілгендігін еске сала келе, оларға жайлы орта қалыптастыру өркениетті қоғам белгісі екендігін айтып өтті.