Тыңшылық хикаясының жаңа тарауы

Тыңшылық хикаясының жаңа тарауы

Тыңшылық хикаясының жаңа тарауы
ашық дереккөзі
Солсберидегі оқиғаны жарты жылдан астам уақыт бүкіл әлем бақылап отыр. Тіпті, бұл оқиға талай атышулы телехикаялардан асып түсті. Өйткені Солсбериде уланған Скрипаль ісіне қатысты «тосын сыйлар» әлі де бітер емес. Таяуда журналист Марк Урбан британдық тыңшы және Солсберидегі оқиға туралы шулы романының тұсауын кесті.  «Скрипаль ісі» деп аталатын туынды қазір сатылымға шығып та үлгерді. Күллі әлемнің назарын өзіне аудартқан туынды Солсберидегі оқиғадан 7 ай өткенде жарыққа шықты. Автор аталмыш кітапты жазуды бірнеше жыл бұрын бастапты. Урбанның әу бастағы мақсаты – Ресей мен Батыс арасындағы тыңшылық жайында зерттеу жүргізу болатын. Тақырыпты тарқату үшін таңдалған кейіпкерлердің бірі – Сергей Скрипаль. Осы мәселе бойынша 2016 жылы Марк Урбан мен Сергей Скрипаль алғаш рет кездесіп, кең тілдескен. Бірақ ол кезде журналист Солсберидегі оқиғаның орын аларын, сол арқылы өз туындысына бүкіл әлем назар аударатынын болжаған емес. Марк Урбан кітапты жазып жүргенде Скрипальмен кездесу ұйымдастыруға тырысып, тіпті бұл іске «түрлі құзіретті ұйымдарды» да араластырыпты. Бірақ Скрипальмен қандай да бір байланыс орнату қиындық тудырған. Соған қарамастан, Марк Урбан туындысын аяқтап, жарыққа шығарды. Британ журналисінің бұл туындысынан жұрттың күткені көп болған. Өйткені шығарманың жарнамасы жер жарған еді. Алайда Урбанның еңбегі жұрттың сенімін ақтай қоймаған сыңайлы. Сонымен, ВВС журналисі Марк Урбанның «Скрипаль ісі» кітабында не айтылды? Марк Урбан кітапта Сергей Скрипальдің британдық барлау қызметімен байланысын тереңірек зерделегенін айтады. ГРУ-дің барлық қызметкерлері секілді Сергей Скрипаль де КСРО-ның құлауына және Ресейдегі жаңа демократиялық биліктің келуіне қуана қойған жоқ. Урбанның жазуынша, Скрипаль Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаңа мемлекетке ант бергісі келмеген. Тіпті, 1992 жылы ГРУ (Мемлекеттік барлау басқармасы) полковнигі өз еркімен қызметтен кетуге ниет білдіреді. Алайда басшылық мұны қуаттамаған. Оның үстіне, барлау қызметіндегілер зейнет жасына жетпей тұрып қызметтен кете алмайтын еді. Осылайша, ГРУ Скрипальді Испаниядағы Ресей елшілігіне жібереді. 1996 жылы Испаниядағы үш жылдық іссапар аяқталуға жақындағанда Скрипаль тыңшылық қызметсіз өмірін қалай қалыптастыруға болатынын ойлана бастайды. Дәл осы уақытта МИ-6 агенті оған британдық билікпен бірлесіп жұмыс істеуді ұсынады. Урбан бұл кураторды Ричард Багналл деп атағанымен, бұл шынайы есім еместігін айтады. Британдықтар өмірін бір қалыпқа түсіруге көмек көрсететінін есепке алған Скрипаль бұл ұсынысқа көп ойланбай-ақ келісті. Испаниядағы сапарының соңғы айларында Сергей Скрипаль МИ-6 агентімен жеке кездесіп, құпия мәліметтерді сата бастаған. Ал МИ-6-ның Скрипальге қатысты өз жоспары бар еді. Британдықтар Скрипальдің Ресейге оралып, ГРУ-дағы қызметін жалғастырғанын қалады. Бірақ Сергей Скрипаль бұл ұсынысты қабыл алмады. Мәскеуге оралғаннан кейін ол МИ-6-дағы кураторымен байланысты үзді. Араға бірнеше ай салып, Скрипаль МИ-6-мен байланысын қайта жаңғыртты. ГРУ-дың қызметкері бола тұра куратормен жеке кездесу аса қауіпті екенін ұғынған Скрипаль құпия мәліметтерді әйелі арқылы беріп отырған көрінеді. Ал зейнетке шыққаннан кейін қауіп сейілгендіктен, Испанияда куратормен өзі кездесе бастаған. Әйелі мен қызы Испанияға демалысқа барарда Сергей Скрипаль жұбайына бір кітапты олардың ортақ танысына тапсыруды өтінеді. Және ол кітаптың досына арналған сыйлық екенін айтады. Шын мәнінде, кітапта көрінбейтін сиямен – сүт пен лимон шырынының қосындысымен жазылған жазба болған. Скрипаль авторға әйелінің «отбасылық достарының» шын мәнінде кім екенін білмегенін айтыпты. Бірақ Урбан Скрипальдің бұл сөзіне күмәнмен қарайды. Өйткені Скрипальдің әйелі «отбасылық достарынан» кітаптың орнына қомақты қаражат алған. Кітапта жазылған деректерге сенсек, Сергей Скрипаль құпия ақпараттарды арзан бағаға сатқан, яғни әр материал үшін 3 мың доллар алып отырған. Әйелінен беріп жіберген «кітап» та, куратормен жеке кездесулерде берілген деректер де 3 мың долларға бағаланыпты. Урбанның жазуынша, Скрипаль МИ-6 агентіне 15-16 рет құпия мәліметтер жеткізген. Демек, МИ-6 агентімен серіктес болған уақыт аралығында Сергей Скрипаль 70-90 мың доллар ғана пайда тапқан. Марк Урбан туындысында «Новичок» улы затын да айналып өтпегені белгілі. Оның жазуына қарағанда, 1990 жылдардың соңына қарай неміс арнайы қызметі химиялық қару жасау ісіне қатысты адамды Ресейден шығаруға мүмкіндік алған. Сол адам «Новичок» затының үлгісін елден алып шыққанға ұқсайды. Ол уақытқа дейін батыс елдерінде улы заттың жаңа сынамасы туралы естігенімен, оның үлгісін көзбен көрмеген еді. Германия «Новичоктың» үлгісін серіктестерінен жасырып қалған жоқ. Осылайша, Швеция, АҚШ, Ұлыбритания, Нидерландтар және Франция «Новичокпен» таныс болды. Солсбери қаласына жақын маңдағы Портон-Даун зертханасына да бұл препарат осы жолмен жеткен. Бұл өз кезегінде аталмыш зертхана қызметкерлерінің Сергей Скрипальдің улануына себеп болған «Новичок» екенін тезірек анықтауларына мүмкіндік берді. Ұлыбританияда тұратын тыңшылардың біразы жергілікті биліктің көмегімен өздері туралы ақпараттарды жасырып отырған. Бірақ Скрипаль бұл қатарға кірмейді. Мысалы, оның мекенжайын Солсбери сайлаушыларының тізімінен көруге болады. Дегенмен Скрипальді Ұлыбританияның қатардағы тұрғыны деуге болмас. Сергей Скрипаль ауруханаға түскеннен кейін аурухана қызметкерлері оның жеке тұлғасын анықтау үшін фамилиясын жиынтық деректер базасына енгізеді. Сол кезде Скрипаль тегінің жанында полицейлерге арналған «тоқтатпау» деген белгі қойылғаны анықталды. Мамандар бұл белгі британдық полицейлердің деректер базасында өте сирек қолданылатынын айтады. Сонымен қатар, Скрипальдің фамилиясы жанында арнайы телефон нөмірі көрсетілген. ВВС журналисі Марк Урбанның туындысынан кейін тағы біраз нәрсенің беті ашылғандай болды. Көпшілік Сергей және Юлия Скрипальдердің қоғамнан оқшауланғанына сенімді болып еді. Бірақ  Марк Урбан Скрипальдердің британдық достары олар ауруханада жатқанда келгенін жазады. Ал ауруханадан шыққаннан кейін олар электронды поштаға, әлеуметтік желілерге кіруге мүмкіндік алды. Телефон да қолдарында. Жақындарымен, таныстарымен үнемі байланыста. Тек олар журналистермен жүздесуге ниетті емес. Марк Урбанның жазуынша, Сергей Скрипаль анасы Еленаға өте жақын екен. Бірде Скрипаль Урбанға анасын қатты сағынатынын, оған қатты алаңдайтынын айтыпты. 2010 жылы Сергейді ауыстырғаннан кейін анасына бір ай бойы хабарласа алмаған. Бірақ уланғаннан кейін де Сергей анасына бірде-бір рет қоңырау шалған жоқ. Бұл ретте автор Сергейдің анасымен әңгімесі жазылады деп қауіптенетіндіктен, бұл қадамға бармағанын айтады. Урбан Юлия және Виктория Скрипальдердің әңгімесі жазылып, кейін оның саяси мақсатта қолданылғанын еске сала кетеді. Дегенмен шілде айының соңында Юлия Скрипаль Сергейдің анасына хабарласып, олардың Британиядағы ем-домы қалай жүріп жатқанынан хабар берді. Сол кезде Юлия әзірге Сергейдің анасымен тікелей байланысқа шыға алмайтынын хабарлаған еді. Марк Урбан кітабында Скрипальді «нағыз орыс ұлтшылы» деп атайды. «Скрипаль ісі» кітабында: «Ол МИ-6 ақшасына сатып алған үйінде отырып Ресей саясатының сойылын соқты. Әсіресе, Қырымның Ресейге қосылуын қолдады. «Олар жақсы шопанға мұқтаж қойлар сияқты» деп жеккөрінішпен айтқан болатын», – деп жазады Урбан. Сондай-ақ, автор Сергей Скрипальдің есін жиғаннан кейін бұл қастандыққа Мәскеудің қатысы барына сенбегенін жазады. Дегенмен 6 наурыз күні Солсбериде орын алған оқиғаға қатысты айтылғанның бәрі тек болжам ғана. Бәлкім, қастандық жасағандар шынымен де Петров пен Боширов шығар. Олардың бұл іске мүлдем қатысы болмауы да мүмкін. Олар Англияның төлқұжаттық тексеруінен қалайша оңай өтіп кетті? «Қалай?» деп басталатын жауабы жоқ сұрақтар Скрипаль ісінен хабардар әр адамның санасында жүргені рас. Бұған Марк Урбанның да жауап бере алмағаны анық. Жарнамасы жұртты шулатқан туындыда Урбан аса өзекті сауалдардың жауабын ұсына қоймады. Солсберидегі Скрипальдердің улану оқиғасына айыптылар әлі күнге дейін нақтыланған жоқ. Бірақ бұған дейін күдікке ілінген Петров пен Бошировтың кім екені анықталды. The Insider басылымы мен Bellingcat зерттеу тобы Руслан Бошировтың шын есімі – Анатолий Чепига екенін жариялады. Басылымның хабарлауынша, Чепига – ГРУ полковнигі. Ал 9 қазан күні The Insider басылымы Александр Петровтың да шын есімін жарыққа шығарды. Олардың дерегінше, Петров есімін жамылып жүрген ГРУ қызметкері, әскери дәрігер Александр Мишкин. Басылым келтірген деректерге сенсек, Александр Мишкин 1979 жылы Архангельск облысында дүниеге келген. Мишкин Ресейдегі белгілі әскери-медициналық академияда білім алып жүргенде ГРУ қатарына қосылған. 2010 жылы Мәскеу қаласына көшіп, Александр Петров атына рәсімделген құжаттарға қол жеткізген. Сол құжаттармен 2011-2018 жылдар аралығында шет мемлекеттерге саяхаттап жүрген. Айта кетейік, Ресей билігі бұған дейін Александр Петров пен Руслан Бошировтың ГРУ-ға еш қатысы жоқтығын, олардың қарапайым азаматтар екенін мәлімдеген болатын. Тіпті, көрші ел басшысы Владимир Путин Скрипаль ісіне күдіктілерді «өзіміз ұстап бердік» деп жарияға жар салған. Алайда соңғы деректер Кремльді тағы да әуре-сарсаңға салатын түрі бар. Егер ағылшындар Петров пен Бошировтың ГРУ қызметкері екенін нақты дәлелдесе, Ресейге Скрипальдерді улағанын мойындағаннан өзге амал қалмайтын тәрізді. Әлде бұл істің әлі де басқа арнаға бұрылуы мүмкін бе екен? Өйткені тосын жайттарға толы Скрипаль ісінің ауаны күн сайын өзгеріп келеді.