Алтын күздегі алқалы жиын

Алтын күздегі алқалы жиын

Алтын күздегі алқалы жиын
ашық дереккөзі
«Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» Н.Ә. Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті Қыркүйек – әркез молшылықтың, жақсылықтың жайдарман айы. Алтын күз жаны нәзік, жүрегі жұмсақ жазушылар үшін де айрықша қымбат. Осы орайда, 20-21 қыркүйек күндері Астанада «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форумы өтіп, онда Қазақстан мен Иран жазушыларының арасындағы әдебиет мен мәдениетті жақындастыратын құжатқа қол қойылды. Еуразия халықтарының көркем әдебиетін танымал ету, ұлттық мәдениет өкілдерінің арасындағы байланысты нығайту, бірыңғай еуразиялық әдеби кеңістікті қалыптастыру, сондай-ақ, жастар арасында таланттарды анықтау мақсатында өткізілген форумға Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Латвия, Венгрия, Польша, Молдова, Армения, Украина, Болгария, Моңғолия, Әзірбайжан және өзге де мемлекеттердің қаламгерлері қатысты. Алыс-жақын жұрттарды рухани жақындастыруды көздеген форум екі күнге созылып, жазушы-қаламгерлердің ғана емес, күллі ұлттың да қуанышына айналғаны сөзсіз.

Қазақстан Жазушылар одағы мен Иран жазушылар қауымдастығының

меморандумы

Қос тарап Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы тарихи, мәдени және әдеби саладағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты дамыту және нығайту ұмтылыстарын білдіре отырып, әдеби саладағы байланыстар мемлекеттік мүдделерге қызмет ететініне сеніп, төмендегі баптар туралы келісті:

1-бап

Тараптар Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы халықтарының тарихи, әдеби байланыстарына сүйеніп, екі ел арасында жоспарлы әдеби-мәдени ынтымақтастықты орнату мен дамытуға алдағы уақытта да көмектеседі.

2-бап

Әрбір Тарап өз оқырмандарына басқа Тарап әдебиетінің жетістіктерімен танысуға кең жол ашып береді. Тараптар өз қарамағындағы мекемелер арасында тікелей ынтымақтастық пен байланыстарды орнатуға және нығайтуға, мүдделі ұйымдар арасында тәжірибе алмасуға мұрындық болады.

3-бап

Иран Жазушыларының қауымдастығы өзіне қарасты және серіктес басылымдарда екінші Тараптың көмегімен қазақ әдебиетіне байланысты айдар ашып, тұрақты түрде жүргізу және Қазақстан Жазушылар одағы өзіне қарасты «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Простор» басылымдарында екінші Тараптың көмегімен парсы әдебиетіне байланысты айдар ашып, тұрақты түрде жүргізу ісі қолға алынады.

4-бап

Тараптар әдеби ынтымақтастықтың екі жақты дәстүрлері мен жобалары негізінде шығармашылық ұжымдар, баспалар, газет пен журналдар қызметкерлерінің және белгілі жазушылардың шығармашылық сапарларын жүзеге асыруға көмектеседі.               5-бап Тараптар қазіргі заман әдебиетін бір-біріне таныстыру және оқырмандарға ұсыну мақсатында тұрақты түрде екі мемлекетте жылына екі рет ғылыми-практикалық кездесу не конференция (Workshop стилінде) өткізуге келіседі. Бұл кездесуде әр Тараптан кем дегенде екі ақын не жазушы қатысады.

6-бап

Тараптар қазақ ақын-жазушыларының антологиясын парсы тіліне аударып, басып шығару және парсы ақын-жазушыларының антологиясын қазақ тіліне аударып, басып шығару, сондай-ақ, қазақ және парсы ақын-жазушыларының жеке кітаптарын аударып, басып шығару мәселесін ынтымақтаса отырып жүйелі түрде қолға алады..

7-бап

Тараптар жазушыларға, ақындарға, әуесқой шығармагерлерге әдеби-көркем байқауларға, конференцияларға, оқу-семинарларына қатысуына көмектеседі.

                                                           8-бап

Екі тарап Қазақстанда Иранның, Иранда Қазақстанның әдеби апталығын өткізуді ұйымдастырады. Түсіндірме: бұл шараны өткізу мәселелері, жобасы осы Меморандум шеңберінде Тараптармен қосымша келісіледі.

9-бап

Жылына бір рет қазақ-парсы әдебиеті альманағын шығаруға екі Тарап бірлесіп қолдау көрсетеді.

10-бап

Тараптар кітапхана ісінде кітаптар, баспалар, каталогтар, тағы басқа ақпараттық материалдармен ауысу арқылы ынтымақтастық жасайды.

11-бап

Қазақстандық жас ақын-жазушылардың парсы әдебиетімен жақын танысып, қазақшаға аудару мәселесін қамтамасыз ету және қолдау мақсатында жыл сайын берілетін әдеби сыйлық тағайындау бірлесе қолға алынады.

12-бап

12 баптан және бір түсіндірмеден тұратын осы Меморандум қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Меморандум 5 жыл мерзімге жасалады және Тараптардың бірі оның жүзеге асуын тоқтату туралы өзге Тарапты тиесілі мерзім таусылуынан алты ай бұрын жазба түрде хабардар етпегенше әркез кейінгі бес жылдық мерзімге өздігінен созылған саналады. Құжатқа Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан Басқарма Төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Иран Ислам Республикасы Жазушылар қауымдастығы тарапынан Хади Саиди Киасари қол қойды. Құжат 2018 жылдың 21 қыркүйегінен бастап күшіне енді.