Бұрынғыға хат «Мен кіммін?»

Бұрынғыға хат «Мен кіммін?»

Бұрынғыға хат «Мен кіммін?»
ашық дереккөзі
Шоқан Уәлиханұлы, сіз «Біздің заманымызда халықтың нағыз мұң-мұқтажына тікелей қатысы бар, халыққа ең маңызды, ең керекті реформа – экономикалық және әлеуметтік реформа» депсіз. Араға жүз жылдан астам уақыт салып сол тілегіңіз орындалып отыр. Қазір сіз айтқан экономикалық саясат елімізде бірінші кезекке қойылған. Бірақ бүгінгі жұрттың көбі мемлекет үшін емес, өздері үшін жұмыс істейтін сияқты. Әркім байысам деп ойлайды. Мен де соны ойлаймын. Мен кіммін? Ыбырай Алтынсарыұлы, сіз болсаңыз: «Қазақтарға – осы дарынды, ақыл-есі мол халыққа – кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру – қалай дегенмен аса қажет болып отыр», – деген екенсіз. Шүкір делік, ол да орындалды. Қай мектепке барсақ та, сіздің «Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық» деген өлеңіңіз жазулы тұрады. Оны жатқа білмейтін бала жоқ. Новеллаларыңызды оқып, тәрбиемен сусындап мен де он бір жыл бойы мектептен білім алып өстім. Оқу міндет деп қарамадым, білім алу мақсатым деп ұқтым. Мен кіммін? Абай ата, сізді жақсы тани бастауым, шамасы, тоғызыншы сыныптан басталды. Өзім емес, өзгенің көмегі арқылы. Әдебиетті жақсы көруім де сол кезеңнен бастау алған еді. Айтуды ұмытып кетіппін! Сіз туралы Мұхтар Омарханұлы «Абай жолы» атты роман-эпопея жазып, күллі қазақтың даңқын көтерді. Сізді отыз жылдан астам уақыт зерттеген ол: «Абай деген дария ғой. Мен одан қасықтап қана алдым», –  депті. Ал қазіргі жастар олай демейді. Түймедей ғана білсе де, түйедей білетін түр танытады. Жарайды-ақ, жұртқа білімді боп көрінгісі келетін шығар. Бірақ жүрекке ауыр тиетіні өзін-өзі шынымен алдайтыны. Бірінің жақсы ойын, өнегелі сөзін бірі ұрлап, басқаға өз сөзі, өз ойындай жеткізіп, бір күннен кейін шынымен өзінікі етіп иемденіп ала қояды. Мейлі, ала берсін, мағынасын өзі түсінгеніне сенімді ме? «Әдебиет – ардың ісі» дегенмен шаруасы жоқ. Бас десең, құлақ жайында сөз қозғағанды ұнатады. «Я тілмаш, я адвокат  болсам деген бәрінде ой». «Пайда ойлама, ар ойла» деген керісінше болып кетті қазір. Пайда үшін арын таптайды. Орысша білсе, жоғарыда ағасы болса – сол батыр. Білімсіз қызы да, ұлы да –  батыр. Бес саусақ бірдей емес, десек те мұндайлар тым көп. Сансыз түмен.  Барлығына күйініп отырғанда аузыма өзінен-өзі сіздің өлеңдеріңіз бен қара сөздеріңіз оралады. Осы кезде «қалай дәл айтты екен?» деймін. Мақтағаным емес, расында солай. Бір жағынан жас қызға ол да қиын екен, қателік жасайын деп тұрғанда өлеңдеріңіз есіме түседі. Амалым не, біліп тұрып батпандай қателік жасаймын. Одан да білмей жасағаным жақсы еді ғой деймін кей кезде. Мен кіммін? Өмір – нүктесіз сөйлем. «Ащыны бермесе, тәттіні білер ме едік». Бүгін жылағаныма қуанам, себебі ертең жақсылық күтіп тұрғанын білемін. Ал қуансам, ізінше ертеңгі күннен қорқамын. Айтушы көп, орындаушы аз қоғамнан шошимын. Мен кіммін?..

Бұрынғыдан хат

Шоқан: 1.Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет; 2.Адамның тұрмыс қажетін өтейтін реформа ғана пайдалы, ал бұл мақсатқа қандай да болса кедергі келтіретін реформа зиянды болмақ; 3.Реформа оңтайлы жасалғанда, яғни қоғамдық организм жан-жақты дами алатын мызғымас прогресс заңына негізделіп жасалғанда ғана ұтымды реформа болады. Тек ақиқат білім ғана күдік туғызбайды. Қазақ халқын «тағы халық» деп қарау мүлде қате, бұл білместіктен айтылған сөз, халқымыз ертеден елдігі, өзіндік өнері бар, ылғи да көшіп-қонудың салдарынан оқу-білімнен кенжелеу қалса да, рухани дүниесі бай, прогресс атаулыға ұмтылғыш, жаңалыққа бейім халық. Ыбырай: Саны-сапасы жоқ көп сөйлеген мылжың шын сөзді азайтады деп білемін. Мал, дәулеттің байлығы – Бір жұтасаң, жоқ болар. Оқымыстың байлығы– Күннен күнге көп болар, Еш жұтамақ жоқ болар. Абай: Жамандықты кім көрмейді. Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің! Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жаз келмеуші ме еді! Адам баласын замана өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват. Жамандықтан арамдық көрмей қалмас, мың күн сынбас бір күні сынар шөлмек. Сөзіне қарай кісіні ал,  кісіге қарап сөз алма. Адам – жақсы мен жаманды айыра білетін ақыл иесі. Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ! Ең бастысы, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста! Ең үлкен жетістік – өзіңді кәміл танығаның.