Cырдың жағасындағы сұлу қала

Cырдың жағасындағы сұлу қала

Cырдың жағасындағы сұлу қала
ашық дереккөзі
Айтулы тойдың қарсаңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Мемлекеттік хатшы Қызылорданың 200 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларға қатысты. Г.Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салтанатты іс-шараға қатысушыларға арналған құттықтауын оқып берді. Онда Қызылорда өңірі ежелден қазақ ұлтының ұйысқан ордасы болғаны, бүгін де сол мәнін сақтап отырғаны атап өтілген. Қобыз атасы – Қорқыт бабамызға топырақ осы өңірден бұйырды. Бұл жерде қазақ жыршылық өнерінің мектебі қалыптасты. Сырдарияның жағасында жоғары дамыған қалалардың пайда болуы кездейсоқ емес. Еліміздің тұңғыш мәдени-ағарту орталығы болған Қызылорда облысы бүгінде Қазақстанның дамыған өңірлерінің біріне айналды. Қазіргі Қызылорда – Тәуелсіздіктің және бірліктің символы. Қазақстанда еліміздің Үшінші жаңғыруы ауқымды түрде жүзеге асырылуда. Оның маңызды басымдықтарының бірі – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында Smartcity тұжырымдамасы әзірленді. Мұнда «ақылды» және өмір сүруге ыңғайлы қала қалыптастыруды көздейтін негізгі бағыттар, жобалар мен шешімдер қамтылған. Биыл Қызылорда облысы ақылды басқару тәжірибесі сыннан өтетін аймақ болып белгіленіп отыр. Осы мақсатпен 33 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жұмыс сапары барысында Мемлекеттік хатшы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, «Рухани жаңғыру» облыстық орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Бұл нысан 1925 жылы ұлттың ресми «қазақ» аталуы туралы тарихи шешім қабылданған  Қазақ Орталық Атқару Комитетінің сызба-нұсқасы негізінде салынған. «Қазақстан бойынша ауқымды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асуда. Соның ішінде Қызылорда облысында ескерткіштер салынып, тарихи жерлерді  қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгін біз тек архитектуралық ескерткіштің жай көшірмесі ғана емес, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шаралар өткізілетін маңызды мәдени нысанның ашылуына қатысып отырмыз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова. «Жаңа қала – сол жағалаудан инвесторлардың қаржысы есебінен салынып жатқан 16 көпқабатты тұрғын үйдің, 320 орындық балабақша мен «Болашақ» университеті кампусы және жастар ресурстық орталығының жыл соңына дейін пайдалануға берілуі  қала тұрғындары үшін негізгі мерейтойлық тарту болмақшы. Бүгін біз ұлтымыздың ресми «қазақ» аталуы туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару Комитетінің сызба-нұсқасымен салынған сол жағалаудағы алғашқы нысанның салтанатты ашылу рәсімін өткізіп отырмыз», – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. «Сыр сүлейлері» аллеясынан бастау алған мерекелік шаралар легі тұрғындарға ұлттық тағам түрлерінен дәм татқызған «Қауын-қарбыз», «Қымыз-шұбат» және «Бауырсақ» дәстүрлі фестивальдері, сондай-ақ, қол­­өнер бұйымдарының көрмесі, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, ұлттық-этнографиялық концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар, киіз үй қалашығында Елорданың 20 жылдығына арналған көрме мен сол жағалаудың даму жоспары, құрылысының үлгілері және макеттері, Ы.Жақаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығы жайлы мәліметтер таныстырылды. Өңір тұрғындарын айтулы мерекесімен құттықтаған Қ.Көшербаев: «Биыл біз Астана мен Қызылорда қаласының мерейтойын атап өтудеміз. 20 жыл бұрын Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның Елордасын Астана қаласына көшіру туралы стратегиялық шешім қабылдап, сол арқылы жасампаз мемлекетіміздің тұтастығын қамтамасыз етті. Қызылорда Жанкент, Шірік-Рабат, Сығанақ сынды ежелгі астаналардың және Ақ Орда мен Алтын Орда сияқты хан ордаларының аумағы, Кеңес Одағы кезінде Қазақ Республикасының  астанасы, сондай-ақ, ағарту, саяси және өнеркәсіптік даму орталығы болды. Ұлтымыздың ресми «қазақ» аталуы туралы шешім де осы киелі мекенде қабылданды. Биыл Елордамыз Астананың 20 жылдық және Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойларын қатар атап өтудеміз. Бұл Қазақстанның алғашқы және қазіргі астаналары арасындағы ерекше рухани байланысты аңғартады деп ойлаймын», – деді аймақ басшысы. Салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Виталий Брынкин, академик Асқар Жұмаділдаев, ҰҒА академигі Сұлтан Сартаев, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иранбек Оразбаев және ҚР Елтаңбасының авторы, «Құрмет» орденінің иегері Жандарбек Мәлібеков Қызылорда қаласының 200 жылдығы  мерейтойлық медалімен марапатталды.