НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: ТҮРКІСТАННЫҢ ТАРИХЫ – БАРША ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХЫ

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: ТҮРКІСТАННЫҢ ТАРИХЫ – БАРША ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХЫ

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: ТҮРКІСТАННЫҢ ТАРИХЫ – БАРША ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХЫ
ашық дереккөзі
Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс активінде Түркістан қаласын дамыту бойынша кеңес өткізді. Жиында Елбасы Түркістан қаласының дамыту бағытындағы ойларын ортаға салды. Түркістан қаласын дамыту жөніндегі жоспарды баяндаған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Бас жоспарға лайық үздік жоба анықталғанын атап өтті. – Түркістан қаласының бас жоспарын әзірлеуге қатысты xалықаралық конкурс ұйымдастырылды. 22 ұсыныстың ішінен үздік жоба таңдалды. Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтау, одан ары көркейту, Қожа Аxмет Ясауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлінді, – деді Асқар Мамин. Мәжілісте Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстың дамуы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жөнінде баяндама жасады. Облыс әкімінің келтірген мәліметтеріне қарағанда, 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өңірде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 250 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда  103,6 пайызды құрады. Мал басы артып, 3500 тонна ет экспортталған. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 2,7 млн тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. 500 мың тоннаға жуық өнім Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспортталса, 1 млн тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтіліп отыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 286,1 млрд теңгені құрап, өңір экономикасына 142 млрд теңге инвестиция бағытталды. Қазір облыста құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 8 айда құрылыс көлемі 66,2 млрд теңгеге жетіп, қаржыландыру көздерінен тұрғын үй құрылысына 21,2 млрд теңге инвестиция салынып отыр. Осы деректерді баяндаған өңір басшысы облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру бағытындағы жұмыстар мен қаланы дамыту жөніндегі жоспарларға да тоқталды. Мемлекеттік органдарды жайғастыру үшін Түркістан қаласынан қажетті 25 ғимарат белгіленді. Тұрғын үй мәселесін шұғыл шешу үшін жергілікті бюджет есебінен Түркістан және Кентау қалаларында 1 956 пәтерлі 33 тұрғын үйдің (122 мың шаршы метр)  құрылысы басталды. Бүгінде Түркістан қаласын дамыту, туристік әлеуетін көтеру бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынып, отандық және шетелдік кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп  келеді. 28 қыркүйекте Түркістан қаласында І «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форумы өтті. Аталған форумға шетелдік 17 қонақ және отандық 500-ге жуық адам қатысты. Нәтижесінде 1,7 млрд АҚШ долларын құрайтын 17 құжатқа қол қойылды. Баяндамаларды тыңдаған Елбасы: «Түркістанды халықаралық деңгейдегі қалаға айналдыру үшін Үкімет пен облыс әкімдігі мына мәселелерге назар аударулары тиіс. Біріншіден, өңірдің қаржылық тұрақтылығын арттыру керек. Екіншіден, жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту мәселесі назарда болғаны жөн. Жұртшылыққа жаппай кәсіпкерлікпен айналысуды үйреткен жөн. Түркістандағы құрылыс алаңдары мен жұмыс орындарында  өзіміздің жастар жұмыспен қамтылуы тиіс»,– деді. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытып, өнімдерді өңдеп, шетелге экспорттау міндетін жүктеді. Сонымен қатар, көлік-логистика қызметін дамытып, туризмге серпін беру керектігіне тоқталды. Түркістанды электр қуатымен, газбен, сапалы көлік жолдарымен, әлеуметтік нысандармен және ауыз сумен қамту мәселелерін шешу жөнінде де тапсырма берді. Баламалы қуат көздерін дамытуды жүктеді. Түркістанды дамыту жөніндегі алқалы жиында Мемлекет басшысы Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау және «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі тарихи Жарлықтарға қол қойды. Осыдан соң, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шаһардағы «Этноауыл» алаңында ұйымдастырылған «Түркістанға оралу» салтанатты іс-шарасының құрметті қонағы болды. Мемлекет басшысы алаңға жиналған көпшілікті Түркістан облысының құрылуымен құттықтады. – Түркістан – біздің халқымыз үшін үлкен маңызға ие. Орта Азиядағы көне де қасиетті қалалардың бірегейі. 2000 жылы біз Түркістанның 1500 жылдығын атап өттік. Мұнда қазақ халқының ұлы тұлғалары мен қайраткерлері жерленген. Тарихымыздың қилы кезеңдерінде бұл жерде ұлтымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданған. Жалпы, Түркістанның тарихы – күллі қазақ халқының тарихы, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Президент Түркістанның түркі халықтары үшін де аса маңызды қала екендігіне тоқталып, қабылданған Жарлыққа сәйкес қала жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдірді. Түркістанды ілгерілету ісінде барша тұрғындарға табыс тіледі.

Сейітхан Зеберханұлы