Минск қаласына Дәнелия аттанады

Минск қаласына Дәнелия аттанады

Минск қаласына Дәнелия аттанады
ашық дереккөзі
25 қарашада Минск қаласында өтетін «Junior Eurovision Song Contest 2018» байқауында Қазақстанды таныстыратын ұлттық іріктеу туры финалының жеңімпазы аталды. Халық­аралық «Балалар Еуровидениесінде» ел намысын 12 жасар алматылық Дәнелия Төлешова қорғайтын болды. Жас, дарынды әнші «BraVo» музыкалық сыйлығының лауреаты, украиндық «Голос Діти» байқауының төртінші маусымының жеңімпазы,  2015 жылғы «Балалар Жаңа толқынының» («Новая волна») финалисі және көрермендер көзайымы. Дәнелияның «Голос Діти» кешінде шырқаған «Stone Cold» әнін YouTube-та 26 миллионнан астам көрермен тамашалаған. Беделді байқауға ақтық жолдама алу үшін 10 қазақстандық  жас бүлдіршін барын сала өнер көрсетті. Олардың «Халық арена» сахнасындағы қойылымдары нағыз шоуға айналды. Көрермен көз алдында күтпеген акробаттық трюктер, ерекше қойылымдар орындалып, тамаша әндер шырқалды. Барша қазақстандықтар әр өнерпаз үшін ниеттес болып отырды. Жеңімпаз қазылар алқасы және көрермендердің дауыс беру (50/50) нәтижелері арқылы анықталды. Әділ қазылар алқасы қатарында Роза Рымбаева, Тамара Асар, Бағым Мухитдинова, Ринат Гайсин, Мәдина Сәдуақасова және «Хабар» АҚ Басқарма төрағасы Алан Әжібаев болды. «Көрермендердің ең көп дауысы Дәнелияға берілді – 946 адам, сонан кейін Максим Ержанға 338 адам дауыс берген. Ал әділ қазылар алқасы бірінші орынды ақтөбелік Жидебай Мейіржанға, ал екінші орынды Дәнелияға берген екен. Жалпы есепте, Дәнелия қазылар алқасынан 10 ұпай және көрермендерден 12 ұпай жинап, жеңімпаз атанды», – деді республикалық байқаудың продюсері Жан Мұқанов. Ал қуанышы қойнына сыймаған Дәнелия, өз кезегінде дауыс берген барша қазақстандықтарға алғысын айтып, «алда өтетін халықаралық «Балалар Еуровидениясында» Қазақстан атынан шығу мен үшін үлкен мақтаныш», – деді. Екі жыл бұрын «Хабар» агенттігі Еуропалық хабар тарату одағының қауымдастығының мүшесі болуының арқасында Қазақстан «Балалар Еуровидениясына» алғаш рет қатысуда. Сондай-ақ, көңілді кеште Роза Рымбаева, Тамара Асар, Мәдина Сәдуақасова әдемі әндерін шырқап,  көрермен қошеметіне бөленді. Ал «Славян базарының» финалисі Әміре айтқан «Құстар әніне» барлық «Халық арена» қосыла кетті. «Балалар Евровидение» байқауы алғаш рет 2003 жылы Данияның Копенгаген қаласында өткізілген еді. Биыл байқау Белоруссия астанасында 25 қарашада өтеді. Онда 19 елдің әншілері өнер көрсететін болады. Ал біз басқаларына сәттілік, Дәнелиямызға жеңіс тілейміз. Ел байрағы әлемдік жеңістерде желбірей берсін!