ІТ сыныптар көбеюде

Маңғыстау облысында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында «Нұр Отан» партиясының бастамасымен ІТ сыныптар ашылуда.

Бүгінге дейін Маңғыстау облысында жоспарланған 35 сыныптың 30-ы ашылып, ағымдағы айдың аяғына дейін қалған бесеуінің тұсауы кесілмек. Өткен аптада Ақтау қаласындағы №21 орта мектепте, облыстық «Дарын» мектеп интернатында, «Білім-инновация» лицейінде және Мұнайлы ауданындағы №4 орта мектепте ІТ сыныбы ашылды. Мұнайлы ауданы, Дәулет ауылындағы №4 орта мектепте ашылған ІТ сыныпта оқушыларды 3 модуль бойынша оқыта бастаған. Олар: вебсайттар құрастыру, анимациялық жобалар жасау және алгоритм бойынша жұмыс жасау.

Мектеп директоры Дина Күлмеханованың айтуынша, аталмыш білімді меңгеру – қазіргі заман талабы, себебі болашақ осы технологиялармен тығыз байланысты. «Жаңа технологиялардың тілін меңгерген балалар республикалық және әлемдік деңгейдегі сайыстарға еркін түрде қатыса алады. Сыныпта білім алуға ұмтылған балалар саны жетіп артылады. Біздің жастағы адамдар түсінбегенмен, оқушылар ІТ бағдарламаларын тез арада меңгеріп кетуге әзір», – дейді Дина Күлмеханова.  ІТ сыныптарындағы балалар топтарға бөлініп оқиды. Бір сабақ 45 минутқа созылады. Онда теория, тәжірибелік жұмыстар мен көпшілік алдында түсіндіру жұмыстары жүреді. Мәселен, дәріс беруші Қанат Елбаевтың айтуынша оқушылар жаңадан ашылған сыныпта білім алуға құштар.

Еске сала кетейік, жыл аяғына дейін елімізде 8-16 жас аралығындағы тәлімгерлер үшін 1000 мектепте ІТ сыныбы ашылады. Жалпы саны 450 мың баланы ІТ сыныбында оқыту жоспарланған.

 

Back to top button