548
Туристік кластерді дамытуға қолайлы аймақ
Туристік кластерді дамытуға қолайлы аймақ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» ұлт жоспарында еліміздегі өзекті мәселелерді басты назарға алды. Соның ішінде, 57-қадам куристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тартуға арналды.
Бүгінде еліміздің туристік әлеуетін арттыруға барлық өңірлер атсалысуда. Әсіресе, тарихи шаһар – Тараздың туристік орталыққа айналуға мүмкіндігі мол.
Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметоватың төрағалығымен Жамбыл облысында ішкі және сыртқы туризмді дамыту жөніндегі жиын өтті. Онда өңірдегі туризм кластерін алға жылжытуға арналған жол картасының орындалу барысы қаралды. «Туризмді дамыту – табыс көзі» екендігі даусыз. Алайда, оны дамытып, Жамбылдың жаухар жерлерін жер жаханға таныту үшін нақты әрі жоспарлы жұмыс керек.
Бұл бағытта облыстық туризм басқармасының басшысы баяндама жасап, осы салада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты. Оған сәйкес, алдағы қазан айының басында Таразда «Тараз Аспара Фэшнуик» атты сән апталығы мен өзге де іс-шаралар жоспарланған. Бұл апталыққа 16 елден 3000 адам келеді деп күтілуде. Осының барлығы да Жамбыл жерін шет елдерге таныту үшін керек. Таразда сән апталығынан бөлек, туризмді дамыту үшін нақты жұмыс көп. Бір ғана табиғатымыз бен тарихымызды ақтарсақ, қаншама керемет көріністер мен орындар ашылады. Алайда, бүгінде олардың инфроқұрылымдық мәселесін шешу, жолы мен өзге де жағдайлар бойынша нақты жұмыс жоқ.
Осы басқосуда облыс әкіміне Таразда туристерді алып жүретін төбесі ашық автобус жалдау жөнінде ұсыныс тасталды. Алайда, аймақ басшысы мұны да дер кезінде байқап, керек еместігін айтты. Оған бөлінетін 8 млн. теңгені туризмді дамытудың басқа бөлігіне жұмсайық деген ой тастады. Сонымен қатар, Қазақ хандығының 550 жылдығына орнатылған монументтің қасында бір музей немесе ақпарат алатын орын жоқ. Кез келген турист, ескерткіш арқылы ол жерден ешқандай мәлімет ала алмайды. Туризм басқармасы осы жерді ары қарай қалай дамытамыз деген мәселені шешу керек деді аймақ басшысы. Жиында мұнан өзге де маңызды мәселелер айтылды.
Асқар Исабекұлы нақты жұмыс жоспарын түзеп, құр сөз емес, туризмді дамытып жатқанымыз айқын көрінетіндей жұмыс керек екендігін айтты. Кездесу соңында жауапты басшыларға өңірде медициналық туризмді, фито туризмді дамыту жөнінде шұғыл тапсырма берілді.
Жыл басынан бері туризм саласын дамыту бойынша құны 5,4 млрд теңге болатын бірқатар нысан салу жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасының басшысы баяндады.
Баспасөз жиынында археологиялық ескерткіштерге алып баратын жол белгілері мен арнайы маршруттарды жүйеге келтіру керектігі айтылды. Өйткені, көптеген туристер аталған мәселеге жиі тап болады. Басқарма жанынан құрылған арнайы шығармашылық топ, келген қонақтарға жаңа туристтік орындарды таныстырып келеді. Олардың ішінде балаларға арналған, спорттық, ат спорты, қымызбен емдеу, сондай-ақ, емдік шөптерді пайдаланып сауықтыру түрлері бар. Қазіргі таңда аймақта 33 туристік нысан кірген 12 бағыт бойынша арнайы маршрут әзірлеген. Бұдан бөлек, «Береке» бағдарламасы бойынша туризм саласындағы орта және кіші бизнес нысандарын қолдауға қосымша 250 млн теңге бөлінген.
Тараз – туризмді дамытуға қолайлы аймақ. Алайда қолда бар осы тамаша мүмкіндікті әлі де дұрыс пайдалана алмай отырған жайымыз бар. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл саланы дамыту үшін кәсіпкерліктен бөлектеп, туризм басқармасын да құрды. Сонымен бірге аймаққа туристерді тартып, Жамбыл жерінің жауһарларын барынша паш етуге арналған арнайы карта жасақтауды тапсырған болатын. Бүгін жауапты сала басшыларынан бұл мәселенің қалай шешіліп жатқандығы сұралды.
Жамбыл облысы шын мәнінде, туристік кластерді дамытуға таптырмас аймақ. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан шежірелі өлке тарихи мәдени ескерткіштерге бай. Туристердің қызығушылығын тудыратын дүниелер көп мұнда. Бірақ осыған қарамастан, өңірдің туризм саласының жағдайы мәз емес. Аймақ басшысы біздің облыстың туризм саласына ерекше екпін салу керектігін жыл басынан бері айтып-ақ келеді. Дегенмен, бұл саладағы жұмыс бір жүйеге түсе алмай отыр. туризмді дамыту басқармасы тарапынан жасалған Жамбыл облысының ішкі және көшпелі туризмінің ондаған беттік даму картасы қайта жасауды талап етеді.