331
Қазақстан – суретшілер көзімен
Қазақстан – суретшілер көзімен
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның заманауи өнер көрмелері әлемнің үлкен қалаларында көрсетіледі. Еліміздің тарихында алғаш рет халықаралық өнер сахнасында ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап қазірге дейінгі отандық бейнелеу өнері мен заманауи өнерге шолу жасайтын «Фокус Қазақстан» кең ауқымды жобасы іске асырылмақшы.
Көрмелер мен тақырыптық шаралар 2018 жылғы 18 қыркүйек пен 2019 жылғы 3 наурыз аралығында Лондон (Ұлыбритания), Берлин (Германия), Джерси Сити (АҚШ) және Сувон (Оңтүстік Корея) қалаларында өтеді.
«Фокус Қазақстан» жобасы «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының Қазақстан өнерін әлемдік мәдени және зияткерлік кеңістікте ілгерілетуге бағытталған «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы шеңберінде іске асырылуда.
Жоба презентациялық бөлімнен және суретшілерге арналған кәсіби-білім беру бағдарламасынан тұрады.
Көрмелер әртүрлі кезеңдер мен ұрпақтардың суретшілерінің туындыларын көрсетуге, әлемдік өнер сахнасы тұрғысынан қазақстандық өнерді зерттеуге, кеңес кезеңінің және заманауи суретшілердің шығармашылығын зерттеу арқылы ХХ және ХХІ ғасырлардағы Қазақстан өнерінің сипатын айқындауға, сондай-ақ, республиканың тәуелсіздік алған кезеңіндегі көркем өнер дәстүрінің жалғасы мен қазіргі заманғы өнердің туындауын көрсетуге бағытталған.
Сонымен қатар, ҚР Ұлттық музейі шет елдерде қазақстандық суретшілерге арналған арт-резиденцияларды ашуға бастама білдірді. 1 маусымнан 30 қыркүйекке дейін Бетания (Берлин) суретшілер үйінің шеберханалары мен студияларында суретшілер жаңа тәжірибе, білім және дағды жинай алады. «Фокус Қазақстан» көрмесінің басты тақырыптары – қазақстандық қоғамды жаһандандыру, феминистік қозғалыс, «жергілікті модернизм» феномені және көшпелі дәуірден кейінгі өнер.