450
БПҰ белсенділігін арттыру – маңызды міндет
БПҰ белсенділігін арттыру – маңызды міндет
Өткен аптада Павлодарда «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Тамара Дүйсенова мен партияның Павлодар облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Болат Бақауовтың қатысуымен тұңғыш аймақтық бастауыш партия ұйымдарының форумы өтті.
Павлодарда өткен тұңғыш бастауыш партия ұйымы форумында жалпы саны 250 адамнан астам партия Орталық аппаратының қызметкерлері, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан келген ірі бастауыш партия ұйымдарының басшылары мен аумақтық партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары қатысты. Екі күндік жиынның басты мақсаты – БПҰ белсенділігін арттыру Концепциясының жобасын талқылау. Сонымен бірге, іс-шара барысында қатысушылар партиялық кадрлық резервті қалыптастыру мәселелерін қарастырып, «Әлеуметтік желілерде партиялық жұмысты жүргізудің технологиялары» секілді масс-медиа мамандарының шеберлік сыныптарына қатысты.
Шараның ашылу рәсімінде: «Бастауыш партия ұйымдарының белсенділігін арттыру Концепциясын әзірлеп, оны партия қызметін модернизациялау тұрғысынан қарастырудамыз. Мәселен, бастауыш ұйымдар жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастыруға қалай қатысады, Мемлекет басшысының жүктеген міндеттері мен мақсаттары туралы халыққа қандай ақпарат жеткізеді, жастармен қалай жұмыс істейді, аймақтардың әлеуметтік мәселелерін мониторингілеу үшін саяси және стратегиялық мүмкіндіктеріміз қандай болмақ, партия мүшелерінің сапалық құрамы қандай болуы керек деген мәселелер аса маңызды. Аймақтық форум нәтижесі бойынша түскен ұсыныстар Астанада өтетін БПҰ республикалық форумында талқыланады», – деді Тамара Дүйсенова.
Форум бірнеше секция бойынша өтті. Әрбір секцияда республиканың төрт облысынан келген партиялықтар партия Хатшысы Тамара Дүйсенованың қатысуымен болашақ БПҰ белсенділігін арттыру Концепциясын талқылады. Тамара Қасымқызы атап өткендей, партия басшылығы бастауыш ұйымдардан БПҰ қызметінің белсенділігін арттыру және ұйымның кадрлық әлеуетін күшейту бойынша нақты ұсыныстар күтеді. Әрі қарай форумға қатысушылар «Цифрлық партия» жобасымен танысты. Бұл жоба партия қызметін цифрландыруға, біртұтас мүшелер базасын қалыптастыру және қағазбастылықтан арылуға бағытталған.
Партия Орталық аппаратының Саяси жұмыс департаментінің директоры Данияр Әлжановпен бірге қатысушылар партияның идеологиялық жобалары, тұрғындардың цифрлық сауатын арттыру, үштілділікке көшу, бизнестің геоақпараттық онлайн-сервис, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік жастар саясатын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және қолдау және партиялық жобалардың жүзеге асырылуын талқылады. Орталық аппарат Баспасөз-қызметінің басшысы Әлия Бөриева және спикерлермен жұмыс жасау меxанизміне талдау жасалынды.
Сондай-ақ, аймақтық форумға қатысушылар назарына «Шешендік өнер», «Саяси коммуникациялар» және басқа да тренингтер ұсынылды. Форумның екінші күнінде партияның облыстық филиалында пленарлық отырыс өтті. Онда қатысушылар БПҰ белсенділігін арттыру Концепциясы мен өзге де мәселелер бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.
Бұған дейін мұндай шаралар Шымкент пен Қарағанды қалаларында өткен болатын. Үш аймақтық форумда түскен ұсыныстар болашақ концепцияның негізіне айналады. Оның тұсаукесері үстіміздегі жылдың қараша айында Астанада өтетін республикалық БПҰ форумында өтеді.