339
Партияның басты күші – бастауыш партия ұйымдары
Партияның басты күші – бастауыш партия ұйымдары
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Атырау облысына барды. Сапар барысында ол бастауыш партия ұйымдарының жандандыру аясында жасалып жатқан жұмыстармен, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына бақылау жүргізіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Ағымдағы жылдың маусым айында өткен партияның Саяси кеңес отырысында Президент бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыруды тапсырған болатын. Бүгінгі күні «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, оны жан-жақты талқылау басталып кеткен. Шымкент, Қарағанды, Павлодар қалаларында 800-ге жуық партия мүшесінің басын қосқан «Бастауыш партия ұйымдарының» форумдары өтті. Алқалы жиындарда жаңа даярланған тұжырымдама жобасына байланысты айтылған пікірлер, ұсыныстардың барлығы іріктеліп, жыл соңында Астанада өтетін бастауыш партия ұйымдарының республикалық форумында жарияланатын болады.
БПҰ-ның жұмысына байланысты жаңашылдықтар туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев: «Партияның іргетасы, басты күші – бастауыш партия ұйымдары. Қазақстанды үшінші жаңғырту аясында Елбасының бастамасымен қолға алған бағдарламалық құжаттардың, партиялық жобаларды жүзеге асыру жолында бастауыш ұйымдарының рөлі ерекше. Қазіргі күні партия қолға алған: ІТ-сыныптар мен ІТ-орталықтарын ашу, кітапханаларды, мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңғырту бойынша жобаларды халық арасында насихаттау, түсіндіру жұмысына белсенді қатысуларыңызды күтеміз», – деді.
Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясы тарапынан «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруға қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мақсатында орталық және өңірлік деңгейде Қоғамдық кеңестер құрылған болатын. Қоғамдық кеңестің құрамында жетекші саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлерінің және өңірлік палаталарының, елдегі ірі ҮЕҰ-ның басшылары мен өкілдері, танымал блогерлер, салалық сарапшылар мен ғалымдар бар.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев облыс орталығында Елбасының үшінші бастамасы «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бойынша «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің жатақханасында болды. Оқу орнында биыл 4 қабатты 100 орынға арналған жатақхана қолданысқа берілді.
Нысанды аралаған партия Төрағасының Бірінші орынбасары 2018 жылы «ҚазТрансОйл» компаниясының Батыс филиалы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне 700 орынға арналған жатақхананы пайдалануға бергенін атап өтті. Жыл соңына дейін қосымша тағы да 200 орындық екі жатақхана тапсырылады деп жоспарланған. «Жатақханада студенттердің алаңсыз тұрып және оқуы үшін барлық жағдай жасалған. Студенттермен, жас ұстаздармен әңгімелестік, олар жаңадан бой көтерген студенттер үйіне қол жеткізгеніне қуанышты. Ал бұл Президент бағдарламасының жүйелі жүзеге асып жатқанының көрсеткіші. Бес әлеуметтік бастама нақты xалықтың әл-ауқатын көтеріп, өзге де әлеуметтік мәселелердің шешім табуына септігін тигізуде. Бұл бағдарлама тұрғындар тарапынан үлкен қолдауға ие», – деді ол.
Елбасының бес әлеуметтік бастамасының тағы бірі – шағын несие беруді көбейту. Осы бастаманың облыста қалай жүзеге асырылып жатқанын қадағалау үшін Мәулен Әшімбаев «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС алаңында орналасқан «Бастау Бизнес» бағдарламасын оқытатын орталықта болды. Кәсіпкерлермен кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Президент бастамасының маңыздылығына назар аударып, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған партиялық жобалар туралы айтып, партия кәсіпкерлерді қолдау, қорғау бойынша жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді.
Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев партия бастамасымен жүзеге асып жатқан «Үздік әлеуметтік жоба» байқауының аймақтық жеңімпазы, облыстық оңалту орталығында орналасқан «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінің жұмысымен танысты.