БАРШАҒА БІЛІМ ШАШҚАН «ДУЛЫҒАЛЫ» МЕШІТІ

БАРШАҒА БІЛІМ ШАШҚАН «ДУЛЫҒАЛЫ» МЕШІТІ

БАРШАҒА БІЛІМ ШАШҚАН «ДУЛЫҒАЛЫ» МЕШІТІ
ашық дереккөзі
Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен дүниеге келген «Мәдени мұра» бағдарламасы арқасында көптеген тарихи жәдігерлер жаңғыруда. Соның бірі – заманында өзіндік өркениет орталығы болған  Құлмұхаммед  ишанның кесенесі мен қызыл үйін және Бұқара үлгісімен салынған тоғыз күмбезді  мешіт әрі медресені қамтитын «Дулығалы» рухани-мәдени кешені. Мемлекет  қамқорлығына алынған кешен 2011 жылы  консервацияланды. Кешенге кіретін нысанның бірі – Құлмұхаммед ишан кесенесін жаңғырту бұрнағы жылы бітіп, кезек тоғыз күмбезді мешітке келді. Биыл азан шақыратын мұнарасын бұзып, жаңадан іргетас құйып, қайта қаланды.

Жаңғырту жалғасуда

«Алғашқы мешіті ойға шымнан тұрғызған. Қыста қар басып қала бергесін, биік саңның үстіне тоғыз күмбезді етіп жаңасын салған. Қазір оның қабырғасы мен мұнарасы ғана сақталған. Күмбезі құлаған. Жаңа мешіттің салынған жылы жөнінде екіұдай пікір бар: бірі – 1904, екіншісі – 1910 жыл. Екі дерек те негізді. Себебі консервациялық сараптама кезінде анықталғаны: алдымен мешіт шикі кірпіштен көтеріліп, кейін сырты қызыл қышпен өрілген. Оған он түрлі оюлы қыш пайдаланылған. Кем дегенде 30 мыңдай қыш күйдірілген. Негізінен – қыш күйдіру Ұлытау өңіріне таңсық емес. Құлмұхаммед ишан қалыбының ерекшелігі – қыш пресс-қалыптан өткен, ал ұлытаулық –  аударма қалып. Құлмұхамбет (Құлмұхаммед) қалып шабу мен қыш күйдіруді Ташкентте үйренген. Мешіт құрылысында ою-өрнекті қышты орынды ұқсатып пайдалану – көп жылғы ізденісі мен  еңбегінің нәтижесі. Ол жиырма жылдай Бұхара, Бағдат, Мысырда діни білімін ұштап, Қазанда дәріс береді. Қасбеттің тәуір сақталған тұсынан мешіттің сыртқы қабырғасының жалпы қалану тәсілімен танысуға мүмкіндік бар. Көне ұстаның қалау шеберлігіне риза боласың. Ал  қыштың сапасы әлі күнге дейін сыр бермеген, кеше ғана пештен шыққандай. Қабырғаның ою-өрнекті қышын кейін Кеңес үкіметі бұзып алған. Себебі  2011 жылы  жүргізілген  консервациялау кезінде  қызыл қыштың жетіспейтіні анықталды. Консервациялық жұмыс жүргізер алдында жасалған сараптама мешіттің жобалық құжатын дайындауда көп септігін тигізді. Жобаны талдау кезінде көзкөрген кейбір қариялардың пікірі ескерілді, мешіттің ішкі-сыртқы жағының қалау конструкциясы мұқият тексеріліп, сараптамадан өтті. Мешіт  сәулеттік  ерекшелігі жағынан ортаазиялық үлгіге  ұқсас. Жобасы алдын ала әзірленіп барып, құрылысы қолға алынған. Мешіт 9 күмбезді болған. Күмбезі құлаған мешітті көзге елестету қандай қиын болса, оның жобасын жасағанда талай қиындық туындады, көп мәселе шешімі консервациялық жұмыс жүргізгенде анықталды. Сараптама кезінде мамандар талқысына түскен жоба мешітті толық кескіндеп тұр. Мешіт салғанда Құлмұхамбет ишан осы өңірде құрылыс инженериясы саласында, сәулет өнерінде  көптеген тәсіл мен түрді тұңғыш рет қолданып, ұтымды  пайдаланған. Инженерлік тұрғыдан дәл «Дулығалы» мешітіндей құрылысты осы күнге дейін Жезқазған-Ұлытау жағынан кездестірмедім.

Және бұрын-соңды мұндай мешіт салынбаған. Ишанның елге сіңірген еңбегін бір сөзбен жеткізе алмайсың. Ал артында қалған мұрасын сақтау – азаматтық борыш қана емес, мемлекет тарапынан көрсетілетін мерейлі міндет», – дейді «Ұлытау-Ұлар» мамандандырылған жөндеу-жаңғырту фирмасының басшысы Әнуар  Төлебаев.                                                                                                                                                             Құлмұхаммед ишан  кім?

Әуелде әкесі Арыстанбайдан ашқан діни сауатты қанағат тұтпаған қаршадай Құлмұхаммед жайлаудағы ауылға сауда-саттық жасап келген саудагердің керуеніне ілесіп, он бір жасында алыстағы араб еліне аттанады. Содан араға едәуір уақыт салып «қари және «ишан» атанып, елге оралады. Ол басы артық дүние-мүлік жинамаған, мал ұстамаған. Қолына түскен малды жәрмеңкеге шығарып, ақшасына кітап пен оқу құралын алдырған. Жат жерде жиған-терген өнерін өзгеге үйретуге ұмтылған. Ғұмырын елдің рухани қазынасын еселеуге, көңіл көкжиегін кеңейтіп, кемелдендіруге арнаған. Имандылық үйі – мешіт, білім ошағы – медресе салған. Алғашқы мешітті «Ақсудың» табанынан ойған шымнан ауылдың еңісіне тұрғызған. Оны күмбездемей, тек төбесіне ай орнатқан. Алғашқы мешітте Әліби Жанкелдин, сардар Аманкелді сауат ашқан. Жаңа мешіт жобасын Бұқара үлгісімен Құлмұхаммед ишанның өзі  сызыпты. Кірпіш құйғанда басы-қасында болып, басшылық жасаған. Бетіне арабша жазу, әртүрлі ою-өрнек түсірілген кірпіш құйып, күйдірген. Кесек құятын қалыпты өзі үш жыл шапқан. Қалыптың дайын болуына қарай дереу кесек құйып, күйдірген. Мешіттен кейін 24 бөлмелі медресе салады. Төбе жабатын ағашты, едендік тақтайды өгіз жегілген арбамен Аманқарағай, Наурызымнан тасыған. Құрылыс 1920 жылы бітеді. Оған дейін балалар мешітте оқиды. Бұқара үлгісімен салынған тоғыз күмбезді мешіт, сырты өрнекті қызыл кірпішпен өрілген жиырма төрт бөлмелі медресе, Құлмұхамбет ишанның келісті кесенесі мен қызыл үйі – «Дулығалы» өз заманында тұтастай бір рухани-мәдени кешен болғанын айғақтайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру жөніндегі маңызды мақаласы талайдың санасына саңылау түсірді. Туған жерге деген түсінікті тереңдетті.

Ол  – Аманкелдінің  түп нағашысы

Өктем ақ патшаның майдандағы қара жұмысқа қазақты жегу жөніндегі күтпеген жарлығы қатты қарсылыққа ұшырағаны белгілі. Алайда Арқадағы Аманкелді бастаған сарбаздар бір байламға келіп, серттескен жері «Дулығалы мешіті» екенін екінің бірі біле бермейді. Алмағайыпта алыс сапарға батасыз аттанбайтын қазақ осы мешіт басына жиналып, құрбандық шалып, көтерілісшілерге ақжол тіледі, Аманкелді Имановты қолбасшы-сардар деп таныды. Жиынға бірнеше болыстың игі-жақсысы, сыйлы азаматы мен атқамінерлері қатысты. Көтеріліс дүрбелеңі қазақ даласын дүр сілкіндірді. Ол алпауыт елдің езгісінен қатты күйзелген халықтың бейберекет қарсылығы деңгейінде қалмай, егемендікке ұмтылған ұлттың күресі дәрежесінде соны сипат алды. Қарулы көтеріліс үш жүзге жуық болысты қамтығаны туралы дерек бар. Сондай отты ошақтың біріне айналған Торғай өлкесінде өрттей лаулаған толқудың жалынын басып, тұншықтыру үшін патша тың қарулы күшті дүркін-дүркін аттандырады. Алайда Аманкелді сарбаздары мұздай қаруланған жазалаушының жазасын беріп отырған. Өйткені ол брдеңке ұстап, бұқпантайлаған бытыраңқы топ емес, белгілі бір темірдей тәртіп жүйесіне бағынған берік әскер болатын. Жасақта негізінен Ұлытау, Қарсақбай, Байқоңыр, Жезқазған төңірегіндегі жұмысшы мен шаруа болды. Қайдауыл болысының қару ұстауға жарайтын ер-азаматы «Әруақ!» деп аттандап, алғашқы жиынды Дулығалыда өткізді. Қазақстанның көпшілік өңірінде толқу екі-үш айдан аспаса, Торғай даласында жеті айға созылып, патша тақтан түскенше тоқтамады. Кейбір деректер Аманкелді сарбаздарының саны елу мыңға жеткенін айғақтайды: «Генерал Сандецкий 26 ноября сообщал, что в восстании участвуют до 50 тысяч аскеров...» (История КазССР с древнейших времен до наших дней. КазОГИЗ 1946 г. 391 стр). Көтеріліске Торғай уезіндегі он үш болыстың қару ұстауға жарайтын ер-азаматы тегіс қатысқан. Оның үстіне іргелес болыс, дуаннан да адам келіп қосылған. Ал Қайдауыл болысына қарасты ел бас қосып, атқа қонған жер – «Дулығалы». Құлмұхаммед ишан – Аманкелдінің түп нағашысы. Сардар мұсылманша сауатты болған, дінді құрметтеген. Қолына құран ұстап келгеннің сөзіне сеніп, аңғалдықпен 1919 жылы тұтқынға түсуі де сондықтан...  

Әлібек ӘБДІРАШ,

Қазақстан Журналистер одағы

сыйлығының лауреаты

Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы