Сағатбек Медеубекұлы: Қазақ журналистикасының басты кемшілігі – жалтақтық

Сағатбек Медеубекұлы: Қазақ журналистикасының басты кемшілігі – жалтақтық

Сағатбек Медеубекұлы: Қазақ журналистикасының басты кемшілігі – жалтақтық
ашық дереккөзі
Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының тізгінін ұстап, халыққа ақпаратты дер кезінде жеткізу міндетін адал атқарып жүрген майталмандардың басым көпшілігі – журналистика факультетінің түлектері. Сол себептен журфак десе, қасиетті қарашаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ойға оралатыны заңдылық. Білім ордасында ХХ ғасырдың 1933-34 жылдарынан бері журналистер дайындап келген журналистика факультетінің өзіндік тарихы, сара жолы бар. Біз бүгінгі қазақ журналистикасының әлеуеті мен мүмкіндігі жайында журналистика факультетінің деканы, журналист-ғалым Сағатбек Медеубекұлымен әңгіме өрбіткен едік. – Сағатбек Медеубекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті еліміздің ақпарат саласына журналист мамандарын дайындап жатқанына 85 жыл толыпты. Әрине, аз уақыт емес. Алайда заман өзгерді, талап басқа. Қазір журналист дайындап шығару ісі қай деңгейде? Сападан гөрі сан басым емес пе? – 85 жыл тарихы бар журналистика факультетінің босағасында тәрбиеленіп, білім алғандардың бәрінің бойына тән ең негізгі қасиет – азаматтық, патриоттық сезімнің биік болуы, еліне, жеріне, мемлекетіне деген ықылас-пейілінің жоғары болуы. Шындығында, факультеттің 85 жылдық тарихына шолу жасасақ, әр жылдары, мәселен, 70, 75, 80, 85 жылдығында жарық көрген арнайы шежіре кітапты мерейтой сайын толықтырып келеміз. Біздің түлектердің басым бөлігі мемлекетке, қоғамға, ұлтқа қызмет еткен қайраткерлер. Дәл осы журналистика факультетін тәмамдаған түлектің көпшілігі елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүргендер. Олар үнемі ел алдында, газет-журнал бетінде, радио және телеарнада пікірлерін айтып, халықтың жадында қалады. Мәселені жай ғана көтеріп қоймай, содан нәтиже шығарып, өз көзқарасын сақтап, халыққа қызмет етеді. Мұндай тұлғалар кешегі қылышынан қан тамған Кеңес дәуірінде де болды. Кеңестік саясат қанша басым болды деген күннің өзінде ақылды азаматтар газетті басқарып отырып-ақ, әр сөйлемнің астарында ұлтына, тіліне деген жанашырлығын білдіріп отырды. Тіпті, орыстандыру саясатының өршіп тұрған кезінде қазақ тілінің сақталып қалуына бірден-бір қызмет еткен – қазақ журналистері. Өйткені қазақтілді газетті шығару арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясының тарылмауына, жойылмауына, әрі қарай өркендеуіне еңбек сіңірді. Сол дәстүр сабақтастығы әлі бар. Мәселен, мектепте қазақ тілін, математиканы, физиканы, химияны, биологияны, т.б. ғылымды оқытады. Бірақ бірде-бір мектеп журналистиканы оқытпайды. Біздің факультетке «журналист боламын» деп келетін қыз-жігіттер көп. Олардың бойында азаматтық-патриоттық рух, мемлекетшілдік пейіл, отаншылдық сүйіспеншілік туа бітті қанында, жүре келе мінезінде пайда болады. Сондықтан бізге жүрегінде оты, санасында сәулесі бар, елге сөз айтам дейтін жастар келеді. Ал мұның екінші қыры бар. Сол патриоттық рухқа бай жастардың сауаты қаншалықты? Бізге студент қайдан келеді? Олар 11 жыл бойы мектепте не оқыды? Егер оқушы 11 жылда жазып қалыптаспаса, сөйлеп үйренбесе, сауаты тұрақталмаса, 4 жыл ішінде кәсіби біліктілікті үйреніп кете ме?! Әрине, әр студенттің қарым-қабілеті әртүрлі. Алғыры да, әлсізі де болады. Мәселен, жақында телеарнада жас журналист апталық шолу жасап тұр екен. Сол тілші сөз арасында «Аспанға қарап, ай санап жүр ме?» дейді. Бұл тұрақты тіркес солай айтылушы ма еді?! Демек, әлгі тілшінің санасына тұрақты тіркес, мақал-мәтелдер мектепте, отбасында сіңбеген деген сөз. Дұрысы, «Ай қарап, жұлдыз санап жүр ме?» емес пе? Тағы мысал, бір газеттің бетінде «Ауыздан шыққан сөз – атылған оқ» деген тақырыппен мақала жарияланды. Бұл «Айтылған сөз – атылған оқ» емес пе еді?! Жасыратын несі бар, кейінгі буын журналистердің арасында осындай тіл шалалығы, тіл шұбарлығы жиі кездеседі. – Сонда әлгіндей сауатсыз журналистердің көбеюіне факультеттің еш кінәсі жоқ па? – Жоқ. Біздің факультеттен түлеп ұшқан кейінгі толқынның арасында тіл шалалығы болып жатса, бұл біздің кінәмізден емес. Мектепте білім берудің деңгейі тек журналистика факультеті студенттеріне ғана қатысты деп ойламаймын. Сауатсыз жастар қайсыбір факультетте де бар. Меніңше, білім іргетасы қаланатын мектепте ең алдымен оқушының сауатына аса мән беру керек. – Дегенмен тілшінің қателігін бетіне басатын жұмыс беруші айналып келгенде таяқтың бір ұшын факультетке сілтемей ме? – Мектепте дұрыс оқымаған бала жоғары оқу орнына кездейсоқ түсіп кетсе, әйтеуір ілдабайлап бітіреді. Және жол тауып жұмысқа да орналасады. Бұл жерде «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген де бар. Ал бірлі-екілі сауатсыз тілшіге бола басқаларының еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Кез келген салада білікті, білімді мамандармен қоса солардың ығында күнелтіп жүретіндер көп. Онсыз тағы болмайды. Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрмай ма? – Соңғы кезде қазақ журналистикасына тағылатын сын көбейіп кетті. Тіпті, қазақ және орыс журналистикасы деп бөліп, баға беретіндер басым. Сондай кезде орыстілді журналистиканың мысы басып кететіні тағы бар. Осыған көзқарасыңыз қалай? – Бұл мүлдем дұрыс ұғым емес. Екеуін салыстыруға да келмейді. Қазақ және орыстілді журналистика деп бөліп жүргендер кім екенін түсінбеймін?! Қазақ журналистикасы қазақ ұлтына қызмет етеді. Егер ұлт ұйысып, ынтымақ-бірлікте өмір сүрсе, өркениетке қол жеткізуге талпынса, демек бұл істе қоғамдық сананы бір арнаға тоғыстырып отырған сөзсіз – журналистер. Мемлекеттік, ұлттық саясатты түсіндіріп, қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің шешу жолын ашық әрі нақты көрсететін де қазақ журналистері. Қайталап айтамын, қазақтың мұңын қазақ журналистері ғана мұңдайды. Тәуелсіздігіміздің болашағы, мемлекеттік тілдің келешегі үшін жүрек қанын сорғалатып жазатын, айтатын тек қана қазақ журналистері. Бәлкім, арандатушылар әдейі бөлуге ұмтылатын болар. Бір жағынан бәсекелестік тұрғыдан келгенде «шынында да, біз осы қалып қойған жоқпыз ба?» деген қамшылау тұрғысынан керек шығар. Бірақ тіл, әлеуметтік, ұлттық мәселеге келгенде қазақ журналистикасы бәрібір озық. Бір ғана мәселе бар. Ол – материалдық-техникалық игіліктерді игеруге келгенде кешігіп жатқан болуымыз мүмкін. Соған қарамастан, өзгеден кеш қалып жатқан жоқпыз. Қазір жастар тұрмақ, өзіміз де цифрлы технологияны меңгеріп, емін-еркін қолданып жүрміз. – Сонда Қазақстан мемлекетіне қазақ журналистикасы ғана адал қызмет етеді демексіз бе? Бұған келіспейтіндер көп болар... – Әрине, бұл – шындық. Жаңағыдай екіге бөліп, арасына от қоюға тырысатындар неге көп? Мұны санамыздың толық азат болмай тұрғаны деп білемін. Кешегі әкімшіл-әміршіл жүйе қалыптастырған психология, орыстандыру идеологиясы, шовинистік рух әлі күнге өзімізді төмен санау әдетінен арылтпай келеді. Бұл әдет біздің кезіміздегі буынның бойында кездесетін. Меніңше, кейінгі жастар бұдан ада сияқты. Демек, қоғам мен сананың өзгеретінін үкілі үмітпен айта аламын. Оны Елбасының өзі де асқан сенімділікпен айтқан жоқ па?! 2020 жылы Қазақстандағы барлық мектептерде оқушылар мемлекеттік тілде білім алатын болады деді. Мұның нәтижесін көріп те жатырмыз. Биылғы жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант иеленген қазақ балаларының саны – 64,5 мың, ал орыс тіліндегі талапкерлердің саны – 14,5 мың. Демек, орыс тілі табиғи, тарихи үдеріс жағынан ысырылып келеді. Тіпті, мұны қоғамдық ортаға шықсаң да байқайсың. Біз кәсіби бағдар беру үшін орыс мектептеріне де барамыз. Талапкер аз. Меніңше, көп ұзамай мемлекеттік тіл – қазақ тілі өз тұғырына толық қонады. Оның үстіне әлемнің 70 пайызы сөйлейтін ағылшын тілін үйрену, латын әліпбиіне көшу мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Егер жастар бәсекеге қабілетті болсын десек, әлемге терезе кеңінен ашылу керек. – Жыл сайын факультеттен ұшқан түлектер жас мамандардың санын арттыра түсуде. Олардың жұмысқа орналасуы қалай? – Соңғы жылдары жұмыс берушілермен байланыс орнату жолға қойылды. Түлектер қауымдастығы мен жұмыс берушілер қауымдастығы бар. Біз жұмыс берушілерге арнайы хат жазып, «Сіздерге қандай журналист керек?», «Ол журналистің бойында қандай қабілет жетіспейді немесе қандай машық көбірек үйрету керек?», «Оқу бағдарламасына нендей өзгеріс енгізуді қалайсыз?» деген түйткілді төтесінен қойып, атсалысуын сұраймыз. Яғни, тәжірибе мен теорияны ұштастыру бағытында студенттің кәсіби білім алуы үшін «Шеберлік сағаты» деген тәжірибелік сағат енгіздік. Баспасөзде, радио және телеарнада жұмыс істейтін білікті журналист келіп, бір сағаттың ішінде тәжірибесімен бөліседі. Күнделікті теорияны өтіп жүрген оқытушыдан гөрі іс маманының дәрісі әлдеқайда қызықты әрі пайдалы. Бұл болашақ журналистер үшін өте қажет нәрсе. Кәсіби машықты игеріп, жұмысқа орналасқан кезде іліп әкетуіне септігін тигізеді. Мәселе – сол журналист дер кезінде жұмысқа тұра ала ма? Біз мұндайда үнемі Кеңес үкіметінің жақсы жағын тілге тиек етеміз. Бұрын факультетті бітірген түлекке арнайы жолдама беретін. Жолдамаға ие болған журналисті жұмыс беруші де біліп отырады. Себебі сол жас маманға қажетті әлеуметтік жағдайды қамтамасыз ету жұмыс берушіге жүктелген міндет. Ал қазіргі нарық заманында кім мықты, соны жұмысқа алады. Бірақ қазір кейбір редакция мүмкіндігінше аз құраммен көбірек жұмыс істеуге мәжбүр. Меніңше, Үкімет, министрлік тарапынан елімізде қанша бұқаралық ақпарат құралдары әрекет етеді, қай редакцияда бос орын бар, мемлекеттік грантпен оқыған студент жұмысқа орналаса ала ма, осы мәселе нақты жүйеленуі керек сияқты. Қанша дегенмен, білікті, мықты маман қай жерде де сұранысқа ие. Айта алатын, жаза білетін студенттердің бәрі журналист болып кете алмайды. Он адамның ішінен екі-үшеуі мықты болса, жақсы. Біздің курста 50 журналист дайындалса, соның 20 шақтысы ғана ел алдында жүр. Қалған 30-ы қайда? Әрине, олар жұмыссыз қалған жоқ. Бірақ өз кәсібінің биігіне шықпады. Бәрі бірдей дарынды, талантты деуге болмайды, кәсіби машық жылдар бойы қалыптасады. Бүгін бітірген маманды «Неге мықты болып кетпедің?» деп кінә арта алмайсың. Сондықтан мүмкіндігінше жұмыс берушілермен байланысты дамытуға тырысамыз. Жас маман талапты, ынталы болса, жаңа технологияны үйренеді, меңгереді. Бірақ санадағы, жүректегі рухты, наным-сенімді, қабілет-қарымды Алланың өзі береді. Егер қанында осы қасиеттер болмаса, қанша жерден амал, тәсілді игерсе де, түк шықпайды. Ұлы ғұлама әл-Фараби: «Тәрбиесіз берген білім – қауіпті» дейді. Осы қанатты сөз көп нәрсеге жауап береді. – Қазір жастардың ішінде журналист болуға деген құлшыныс ерекше. Соған қарамастан кейінгі кезде «журналистиканы 4 жыл оқудың қажеті жоқ» дейтіндер шықты. Әрі мұны осы факультет түлектерінің өз аузынан да естігенде абдырап қалатын кезіміз көп. Сіз не дейсіз? – Демек, мұны айтатындар осы мамандықты таңдағанда өзінің принципі мен көзқарасы айқын болмағаны ғой. Басқа мамандықты оқысаң да, журналист болуға қақың бар. Журналистиканың өзі уақытқа, заман талабына сай үнемі алға жылжып отыратын мамандық. Кешегі машық бүгін өзгеріске ұшырайды. Төрт жыл бұрын ғана «Журналистикаға кіріспе» пәнін оқыған студент оқу бітіргенше талай өзгереді. Мысалы, біз бұрын Марксизм, Ленинизмді жата-жастана оқып, Энгельс пен Лениннің томдарынан қысқаша конспект жазатын едік. Кейде бізде де «бес жыл бойы не оқыдық?» деген сауал туындайтын. Осындай сұрақ болмас үшін қазір «академиялық бостандық» деген үрдіс пайда болды. Оның арғы жағында академиялық адалдық жатыр. Оқу бағдарламасын жұмыс берушінің талап-тілегіне қарай үйлестіруге күш саламыз. Бірақ айналып келгенде, баланың өзі ұмтылып тұрмаса, «Жетектеген тазы түлкі алмайды». Әрине, журналистика мамандығына қызығып, телеарнадағы журналистер сияқты танымал болсам десе де, оның артында азапты жұмыс бар екенін сезінбейді. Сол сәтте алғашқы райынан қайтып «Бұрын басқа салаға кетуім керек еді...» деп өкініп жатады. Демек, әу баста мамандық таңдауда мақсат айқын болуы керек. Сол жолда басын бәйгеге тігуге дайын тұруы қажет. Журналистика – кәсіп. Бірақ ол – кез келген адам игере алмайтын кәсіп. Яғни Алладан берілетін өнер. «Қол бастаудан сөз бастау қиын» деген сөз бар қазақта. Журналистің аузынан шыққан бір ауыз сөз шартарапқа тарайды. Сондықтан журналистика – жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары мамандық. – Бәлкім, бұған факультетте салмағы басым, айтар ойы мығым оқытушылар құрамының әлсіздігі кері әсер ететін шығар... – Оны да жоққа шығара алмаймын. Үнемі ойда жүретін мәселе бұл. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген сабақтастық қазір үзіліп қалды. Журналистикаға бір жылы керемет лек келеді. Келер жылы сап тыйылады. Бір жылдардағы түлектер мықты, содан үзіліс орнайды, одан кейін тағы бір жалындаған толқын келеді. Бұл табиғи заңдылық шығар. Ал Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Қайыржан Бекхожин ағаларымыздан кейінгі ұстаздық сабақтастықты үзбейтін кімдер бар дегенде Кәкен Қамзинді, Сағымбай Қозыбаевты ғана айта аламыз. Демек, ұстаздық дәстүр сабақтастығы үзіліп қалды. Шындығында, үлгі алатын, еліктейтін тұлға болу керек. Оның үстіне қазақ журналистикасына білікті кадрларды дайындайтын факультетте білікті оқытушыларды ұстап қалу бәсеңсіп қалды. Шәкірт дайындау аманатына адал қарау керек. Заманның, қоғамның өтпелі кезеңінен өттік. Енді қазір ұлттық құндылықтарды ұлықтау мәселесі көтерілді. Қазір тіпті оқымаса да журналист болуға болады дейтіндерге түбегейлі қарсымын. Соны айтып жүргеннің өзі жау адам. Егер ұлтын, мемлекетін ойлайтын адам керек десек, мемлекетті дұрыс жолға бастайтын, соның қамын ойлайтын, күйттейтін журналистерді дайындау керек. Және оларға шығармашылық маманы ретінде ерекше мәртебе берілуі тиіс. Әйтпесе, Шерағаның «Арқалағаны алғыс, жегені жантақ» дегені өмір бойы айтыла береді. Ол үшін не істеу керек? Қазір университет әлемдегі әйгілі 800 оқу орындарының ішінде 220-орынға табан тіреп, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингінде тағы да 16 сатыға жоғарылады. Халық­аралық рейтинг агенттік талаптарында ұстаздардың білігі мен білігінің ғылыми әлеуеттік деңгейі, сондай-ақ, түлектердің өз мамандығы бойынша жұмыс істеуі ескеріледі. Құдайға шүкір, ҚазҰУ түлектері сұранысқа ие. Оқығанын адал өтеп жатқандар көп. Өтпелі кезеңнен кейін ұлттық рухтың қайта көтеріліп, өзімізді өзіміз қадірлеуді жолға қойған кезде кімнің мықты, әлсіз екенін білмей қалдық. Әркім өзін мықтымын деп есептейтін заман. Қазір қарапайым студенттің өзі кеуде кереді. Сондықтан тез арада білікті оқытушылар корпусын жасақтасақ деген әппақ арманым бар. Ғылыми әлеуетті көтеру өз алдына, факультетке журналист-педагогтарды тарту өте маңызды. Ұстаздың білігі ең қажетті дүние. Әр ұстаз «мен сияқты бол» дегенді сенімді түрде айта алуға тиіс және соған лайықты болу керек. – Еліміздегі 26-27 оқу орнында журналистерді дайындайтын факультет, кафедралар, бөлімдер бар екен. Сіздіңше, бұл көп емес пе? – Бала кезден журналист болам деп, соның жолында жансебілденіп келе жатқан адаммын. Журналист мамандығына ерекше құрметпен, жауапкершілікпен қарайтын болсақ, көрінген оқу орнынан журналистика мамандығын ашудың қажеті жоқ. Біріншіден, жұрттың бәрі журналист болып кетуі мүмкін емес. Оған талантты, дарынды талапкерлердің ішінен іріктеліп келу керек. Өйткені журналист дайындау – мемлекеттік мәні мен маңызы зор мәселе. Ол мемлекеттің сөзін сөйлейтін маман. Оның арғы жағында саясат, халықаралық ынтымақтастық мәселесін жетік білу тұр. Соны көре білетін, саралай алатын мамандар дайындау қажет. Ерекше тұлғаларды іріктеу үшін сан емес, сапа керек. Бұрын журфакта Қазақстанның түкпір-түкпірінен «мен» деген қыз-жігіттердің ішінен таңдаулысы ғана оқитын. Журналистика факультетін бітірген түлектер мемлекеттік қамқорлықта болатын. Себебі мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын жұрттың санасына сіңіретін де журналист. Демек, журналистер дайындайтын факультет, кафедра, бөлімнің қаптап, көбейіп кеткеніне қарсымын. Әрине, нарық заңы мен талабына сай ашуға әркім құқылы шығар. Нарық бәсекелесті іріктеп алады дейді. Ең мықтылар қалады, әлсізі құрдымға кетеді дегенді күтіп жүре беретін болсақ, журналистердің сапасын әлсіретіп аламыз. – «Медиа Альянс» қоғамдық ұйымы құрылтайшыларының бірі Арман Шораев журналистерді әзірлейтін оқу орындарын қатаң сынға алып, ҚазҰУ-дан басқасының бәріндегі журналистика факультетін жабу керектігін айтқан еді. Себебі ол «қазіргі журналистика – депрессияда» деген баға берген болатын. Демек, бұл пікірді қолдайсыз ба? – Журналистерді бір ғана әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дайындап, қалғанын жабу керек дегені артықтау шығар. Шындығына келсек, бізде материалдық-техникалық база қалыптасқан, оқу-әдістемеліктің мол қоры жинақталған. Сенсеңіз, кейбір оқу орындарында дәріс беретін маман жоқ. Ол оқу орны журналистика мамандығын қалай ашты? Қандай оқытушылық құрамға арқа сүйеді? Нарық өзі реттеп алады деп күтудің қажеті жоқ. Егер оған мемлекеттік маңызы бар мамандық ретінде қарасақ, ең таңдаулы, ең озық, ең талантты мемлекетшіл рухтағы журналистерді бір-екі оқу орнында ғана дайындау керек. Бұл мәселе 15-20 жылдан бері айтылып келеді. Әзірге «Баяғы жартас – сол жартас». – Қазір интернет журналистика да ерекше қарқынмен дамуда. Алайда ақпараттың шынайылығы, дәлдігі деген мәселеге онша көңіл бөлінбейтін болды. Бұл журналистиканың беделін өсіре ме, өшіре ме? – Интернет журналистика қалыптасып, даму үстінде. Жаңа нәрсені әуелі сана қабылдау керек. Содан кейін ғана оны меңгеріп, игеріп, қолдану қажет болады. Интернетке жарияланатын ақпарат екі адамның арасындағы жеке бастың әңгімесі емес. Сондықтан ғаламторға ақпарат жүктер алдында оның арғы жағында ұлттық, мемлекетшілдік сана тұруы тиіс. Әрине, біздің елде сөз бостандығы бар. Алайда сөз бостандығы дегеніміз – ауызға түскен кез келген сөз емес, қажетті сөз. Кімге қажетті? Ұлтқа, мемлекетке, бұқараға. Яғни бүгінгі журналист – қажетті сөзді тап басып айта білетін қабілетке ие болуы тиіс. Ал сөз дегеніміз – әріптердің жиынтығы емес. Ой мен пікірдің қорытындысы. Қазір 8 мыңнан астам қазақ-орыс интернет порталы жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік сайттардан бөлек, мекемелік, бизнестік мүддені қорғайтындар да бар. Десек те, қазақ қауымы интернетті меңгеруде жоғары деңгейге көтерілді. Әлеуметтік желіде жазылған дүниелерді осыдан бес-алты жыл бұрынғы ойлармен салыстырғанда көш ілгері. Демек, деңгей дамыған сайын интернет те журналистиканың міндетін атқара алады. – Сонымен, қазақ журналистикасы идеологиялық, ағартушылық қызметін толыққанды атқарып отыр ма? – Біздің мемлекет үшін БАҚ – идеология құралы болуы қажет. Дамыған елдердің журналистикасы тек қана өзіне қызмет ететін ақпараттарды таратады. Шоу бағдарламалар мен телехикаялардың өзін тәрбие құралы ретінде пайдалана алуымыз керек. Журналистиканың ақпараттық, талдамалық, көркемдік, бергі жағында көңіл көтерушілік, тәрбие-ағарту қызметі бүгін де өз міндетін атқарып отыр. Бірақ соңғы кезде ақпараттық, көңіл көтерушілік бірінші орынға шығып кетті. Айналаның бәрі – шоу. Ақпараттың арғы жағындағы шындықты, ақиқатты халыққа саралап беру әлсіз. Факультет ұстаздарының мойнында тұрған міндеттің бірі осы шығар. Осы тұрғыда салалық журналистиканы дамыту да күн тәртібіндегі мәселе. Айталық, басқа саланы игеріп, сол салада жазу-сызуды меңгергісі келген маманды екі жыл оқыту қарастырылуда. Яғни, мамандығы басқа маман екі жыл журналистика факультетінің магистратурасында білім ала алады. Болон конвенциясына сәйкес, әр студент оқу траекториясын өзі таңдайды. Егер болашақта заң туралы қалам тербегіңіз келсе, заң факультетіндегі дәрісті тыңдауға мүмкіндік аласыз. Бұл уақыт талабы ретінде жолға қойылады. Одан бөлек, агрожурналистика, медициналық журналистика, арт журналистика, спорт журналистика, этножурналистика сияқты бағдарлама енгізу жоспарланды. Мысалы, атакәсіп – ауылшаруашылығы саласын жан-жақты талдап, жіліктеп жазатын журналист аз. Сол сияқты медицина терминін, аталымдарын бізде оқытпайды. Ал соны білетін маман қолына қалам алып жазайын десе, журналистика теориясын білмейді. Осылайша, сала бойынша маман табу қиынға соқса да, болашақта қаншалықты нәтиже беретінін уақыт өзі көрсетеді. Мұның бәрі дәріс беретін ұстаздың дайындығына байланысты. – Шоу дегеннен шығады, отандық телеарнаны журналистер емес, әнші-актерлер жаулап алды. Тіпті, олар журналистердің «нанын тартып алып жүр» деген пікірлер айтылады... – Бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу. Кімнің журналист, кімнің шоумен екенін білеміз. Бұл телеарна басшыларының ішкі саясаты. Жұртқа танымал адамды эфирге шығарсақ, көрермен көбейеді деп ойлайды. Негізінен ол ұлтқа, көрерменге қажетті ой айта алды ма? Оның екі сөздің басын құрай алмай, жылтырап шыққанынан гөрі ән айтқаны жақсы емес пе?! Бәрібір сөз саптауы, жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысынан журналистиканы оқымағаны көрініп тұрады. Ол экранда да, өмірде де өз рөлін ойнап жүр. Егер сол сахнада сауатты журналист болса, екі бастан сөзді де, ойды да тиянақты, тұжырымдап айтар еді. Әр сөз, сөйлемнің арғы жағында әлеуметтік, қоғамдық, мемлекеттік мүдде тұру керек. Телеарна – тәрбие құралы. Ал журналистер халықтың жүрегіне сөз арқылы жол табады. Қазір оқырман ойлы, көрерменнің талғамы биік. Шын мәнінде, солардың аузына сөз салып беретін – біздің журналистер. Журналист пен әртісті шатастырмау керек. Әртіс журналистің орнын тартып алған жоқ, ол өз ойынын ойнап қана жүр. – Қазақ журналистикасындағы басты артықшылық қайсы, кемшілік неде? – Басты кемшілік – жалтақтық. Себебі қарызға ақша алушы берушінің қас-қабағына қарайды. Бірақ қазақ журналистикасының озық тұрғаны – ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бет бұрып келеді. Бұрын мұндайды жазу арман еді. – Журналистиканы тежейтін тағы бір мәселе – цензура. Тоқсаныншы жылдары өзіңіз қызмет еткен «Ана тілі» газетінде өткір мақалалар жиі жарияланатын еді. Сол кездегі батылдық қайда? – Ол тоталитарлық жүйенің талқаны шығып, «мен – қазақпын» деген әрбір жанның бойында ұлттық рух қайта оянып, үлкен мақсатқа қарай қадам басқан кез болатын. Дәл сол тұста бір рухани басылым керек болды. Сөйтіп, «Ана тілі» газеті жарыққа шықты. Ол газетте Жарылқап Бейсенбай, Аманқос Мектептегі, Ғарифолла Әнес, Ертай Айғали, Байбота Серікбаев сынды ағалармен қатар жұмыс істедім. Бір ғажабы, ұлтқа қажетті дүниені халық өзі газетке жазып жіберетін. Әсіресе, тәуелсіздік алған жылдары «Ана тілі» газетінде жалпыхалықтық, ұлттық рух көтерілген еді. Сол кездегі бас редактор Жарылқап Бейсенбай: «Оқырманның өзі автор болса, стиліне тиіспеңдер. Өз дүниесінің жарық көргеніне мәз болсын» дейтін. Халыққа деген құрмет арқылы халықтық стиль қалыптасты. Әр қазақтың бойында ұлтшылдық, ұлтжандылық қайта буырқанған шақ. Қазір тәубе, азаттық қолымызда ғой. Бірақ сол кездегі мәселелер әлі өзекті. Ертең де мәнін жоймайды. Ұлт бар кезде, оның тілі, ділі туралы айтылады, айтыла береді. Бұл өзін-өзі іздеу, өзін-өзі түгендеу, өзін өзгеден кемсітпеу, азаттыққа ұмтылу – табиғи процесс. Қазақ ұлтын ешбір ұлттан кем дей алмайсың және барлық ұлттан биік деуге де құқың жоқ. Өзінің құндылығы, табиғи дәстүрі, өрнегімен, ерекшелігімен бағалы. Егер осы құнды байлығымызды жоғалтып алсақ, ұлт ретінде жойыла бастағанымыз. Осы тұрғыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бізге тың серпіліс берді. Осы бағдарламаның астарында жатқан керемет ойды науқанға айналдырмай, баспасөзде, телеарнада өз ретімен түсіндіріп отырсақ, мейлінше санаға сіңе түсер еді. 70 жыл бойы жоғалтқанымыз көп болды. Жоғымызды түгендесек, толыққанды ұлт ретінде рухымыз қайта оянады. Қазір көп нәрсеге алаңдаулымыз. Ең бастысы, алаң өмірде ұлтты ұйыстырып отырған қазақ журналистикасының еңбегін бәрінен биік қоямын. – Енді шығармашылығыңызға ойыссақ. Қаншама этнографиялық дүниелерді зерттеп, жинақтап жүрсіз. Әнші Жәнібек Кәрменов, белгілі ұста Дәркембай Шоқпарұлының еңбектері жайлы тың дүниелерді жарыққа шығардыңыз. Жоқты түгендеу әлі жалғасып келе ме? – Бала кезде «Кім болам?» деген шығармаға «журналист болам» деп нақты жазған едім. Ол шығарма мақталып, елдің алдында уәде бергендей болғам. «Жігіттің екі сөйлегені – өлгені» демекші, өмір бойы журналист болуға тырыстым, осы жолда күрестім. Облыстық, аудандық газетте, баспада, республикалық «Ана тілі» газетінде қызмет атқардым. Егер маған біреу өлең жазғаным үшін «ақын» десе, ұяламын, ыңғайсызданамын. Өлең шығармайтын қазақ кемде-кем. Өлең келеді, жазамын. Бірақ оның соңына түсіп, ақын болып, ел алдына шығып, күркіреп өлең оқиын деген ойдан аулақпын. Жазамын, бірақ оның бағасын оқырманның өзі береді. Кейде ән де шығарамын. Композитор болайын демеймін. Бұл ішкі жан-дүниемді сыртқа шығару формасы ғана. Егер Дәркембайдың қасында жүріп, бірдеңе үйренсем, бала кезден әжемнің бауырында өсіп, ұлттық құндылықты жаныма жақын сіңіргендіктен болар. Әнші Жәнібек Кәрменов арқылы әнге деген сүйіспеншілігім артты, белгілі этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбектің жанында жүргенім ұлттық мұраға деген махаббатым деп білемін. Мұның бәрі өзім үшін пайдалы болды. Ұстазым Тұрсынхан Шәлдибекова «Журналист – жан-жақты болуы керек» дейтін. Кейде үйде отырып алып, ою оямын. «Ою хан мен Жою хан» атты балаларға арналған кітабымның суретін өзім салдым. Домбыра тартып, ән айтамын. Ал ғылымның жөні бөлек. Оған тыныштық, уақыт керек. Бұл ақиқатқа жету ғой. Оны жинақтау, сараптау, тұжырымдау керек. Тұжырым – бұрын айтылмаған ақиқат болуы қажет. Қазір материалды жинағанды да, сараптағанды да ғалым дейтін болдық. Бірақ қорытынды жоқ. Нағыз ғалым ешкім айтпаған жаңалықты, ұлттық ғылыми ойды алға жетелейтін маман. –  Сіз ақынмын деуге ұялсаңыз да, оқырман қауым өлеңдеріңізбен таныс екенін білесіз... –  Осыдан он жыл бұрын «Көзім – жүрегімнің айнасы» тұңғыш өлеңдер жинағым жарық көрді. Бұл да аяқастынан, жедел басу типографиясынан Жанат деген азаматтың арқасында үш күнде шыққан еді. –  Ал терминдердің баламасын тауып, тілімізде бар, бірақ қолданысқа ене алмай жүрген сөздерді іздеуді қашаннан бері қолға алдыңыз? – Қайбір терминшіл боп жүр дейсің. Бұл да тілім үшін қолға алған жұмысым. Қазақ тілі ешбір тілден кем емес. Терминнің баламасы болса да, дайын түрін ала саламыз. Тіпті, ата-бабамыз дайын терминнің өзін ауызекі тілге бұрып айтатын болған. Ғылымға қалай келдім? Бізге ұстаздарымыз Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев «Журналист кез келген деректі зерттеп, тексеріп, ақиқатына жетіп барып, жазу керек» дейтін. Сөйтіп, зерттеп жүргенде ғылымға қалай келгеніңді білмей қаласың. Ғылым – тылсым дүние. Оған адалдық керек. Ал оның арғы жағында термин деген үлкен мәселе тұр. Мысалы, тіл ғалымы Ахмет Байтұрсыновтың публицистиканы «көсем сөз», «шешен сөз» деуінің астарында не жатыр? Осы арқылы ұлттың тілін сақтап қалған жоқ па? Әрине, халықаралық терминді қолданайық, бірақ оның ұлт тілінде баламасы бар ғой. Мысалы, балшыққа батқан көлікті көз алдыңа елестетші. Дөңгелекті батпақтан шығару үшін тас қояды. Қоғамдық сана да сол. Сол қарсылық алға қарай жылжуға ықпал етеді. Содан ортақ пікір туындайды. Ахмет Байтұрсыновтың «Әліптеме» дегеніне ұйқасатын «Дәріптеме» келді қолданысқа. Жақында 2 томдық хрестоматиям жарық көреді. Онда әліптемеге, дәріптемеге, пайымдамаға не жататыны анық әрі нақты көрсетіледі. Ой-сананың азаттығы қалыпқа сыймай жатыр. Тасқа басылған дүниелерді зерттеп, пайдаландым. Соңғы бес-алты жылда «замансөз» деген термин енгіздім. Мұның ауқымы публицистикаға қарағанда кең. Балама сөздерді іздеуді қолға алғаныма көп болды. Оны зерттеп, ғылыми мақалалар да жаздым. Тіпті, балама сөздерді орнымен қолдану мәселесін студенттерге де, журналистерге де жиі айтып, түсіндіруге тырысамын. –  Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен  Динара Мыңжасарқызы