257
«Астана» биік асуды бағындырды
«Астана» биік асуды бағындырды
«Астана» футбол клубы қазақстандық жанкүйерлерге кезекті рет қуаныш сыйлады. Өткен аптада «Астана-Арена» стадионында Кипрдің АПОЭЛ командасын қабылдаған елордалық клуб Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты.
Еуропа лигасының топтық кезеңінде елордалық клуб киевтік «Динамо» мен француздардың «Ренн» және чехиялық «Яблонец» командаларына қарсы ойнайды. Ал кипрлік команданы 2:1 есебімен жеңгеннен кейін «Астананың» УЕФА рейтингіндегі позициясы бір саты (24,5 ұпаймен 55-тен 54-орынға) жоғарылады. «Астана» ойыншылары үшін АПОЭЛ-ді тізе бүктіру оңай болған жоқ. «Бұл нағыз финал болды. Мұндай ойындарды тек осылай ойнайды. Иә, қателіктер болды, бірақ команда жұмыс істеді, күресті. Ойыннан бұрын қосымша таймдарға да дайын болу қажеттігі айтылған. Ойында бізде де, оларда да гол соғатын сәттер болды, гол жіберіп алмағанымыз өте маңызды. Жігіттер нағыз ерлік танытты. Тағы да Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алдық, бұл орасан зор жетістік», – деді ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында елордалық ұжымның бас бапкерінің міндетін уақытша атқарушы Григорий Бабаян.
«Астана» кипрлік командамен бірінші рет кездескен жоқ. Елордалық клуб АПОЭЛ-дің осымен үшінші рет еурокубоктік додаларда жолын байлады. Осы жетістігімен «Астана» футбол клубы Еуропаның белді деген командаларын артқа тастағанын атап өткен абзал. Алайда кипрлік команда өздерінің жеңілісін мойындап отырған жоқ. Ойын соңындағы баспасөз мәслихатында АПОЭЛ-дің бас бапкері Бруно Бальтазардың сөзінен осыны ұқтық. «Мен кездесу алдында «Астана» ойынды үлкен күшпен бастайтынын күтіп отырғанымызды айтқан едім. Жіберілген голдан соң, қарымта шабуылдар арқылы ойнауға әрекет жасадық. Гол соғатын мүмкіндіктеріміз болды, бірақ соға алмадық. Екінші таймда жақсырақ ойнадық, допқа иелік еттік, «Астана» қорғаныста көп күш жұмсады. Ойын аяқталған соң, төреші маған келіп, пенальти белгілеп қателескені үшін кешірім сұрады. Мен команданың атынан жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Пенальти үнемі лотерея. Біз төрешінің қателігі және сәтсіздік салдарынан жеңілдік», – деді Бруно Бальтазар.
Айта кетейік, Еуропа лигасының жеребе тарту рәсімінде Германияның «Лейпциг», «Айнтрахт», Францияның «Бордо» командалары мен Ресейдің «Спартагы» елордалық клубтан дәрежесі төмен командалар себетіне түскен. Ал «Астана» енді топтық кезеңдегі алғашқы ойынын қыркүйек айының соңына қарай өткізеді.
«Астана» биылғы жылы отандық клубтар арасында еурокубок жарыстарын жалғастырып келе жатқан жалғыз команда. Бұған дейін «Тобыл», «Ертіс», ел үміт күткен «Қайрат» та жарыс жолынан шығып қалған еді. «Астана» енді жыл соңына дейін топтық кезеңде жақсы өнер көрсететін болса, Еуропаның үздік 50 командасының құрамына кіретін толық мүмкіндігі бар.