Астанадағы халықаралық конференция

Астанадағы халықаралық конференция

Астанадағы халықаралық конференция
ашық дереккөзі
277
«Ауғанстанда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» деген тақырыпта Астанада халықаралық деңгейдегі конференция ұйымдастырылды. Оның жұмысына Ауғанстан, Армения, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қытай, Ресей, Үндістан, АҚШ және тағы да басқа мемлекеттердің делегациялары, Қазақстан тарапынан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Үкімет мүшелері және Парламент депутаттары қатысты. ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президенті жанындағы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссиясының төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының конференция қатысушыларына арналған құттықтау хатын оқып берді. «Конференциядағы күн тәртібінің өзектілігі әйелдердің заманауи өмірдегі ерекше рөлін және көптеген саяси, әлеуметтік мәселелерді шешуге, шиеленістерді реттеуге, бейбітшіліктің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін айшықтай түседі. Тәуелсіздік алған сәттен бері Қазақстан гендерлік саясат мәселелерінде жоғары әлемдік стандарттарға қол жеткізу үшін және елдің әлеуметтік-саяси өміріндегі әйелдердің рөлін күшейту үшін жүйелі жұмыс істеп келеді. Қазақстан гендерлік теңдік жөніндегі барлық іргелі халықаралық құжаттарды ратификациялады, оның қағидалары біздің стратегиялық және саяси құжаттарымызда дами түсті» делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде. Президент Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде тұтас әлемдік қауымдастықтың белсенді қолдауымен Орталық Азия мен Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді. Бұл процесте Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту маңызды. «Ауған үкіметінің елдегі әйелдердің жағдайын жақсарту және гендерлік теңдікті қамтамасыз етудегі қадамдарын жоғары бағалай отырып, Ауғанстанда ауған халқына арналған тұжырымдама мен халықтың өз күш-жігері арқылы тезірек бейбітшілік орнағанын қалаймыз. Мұндағы басты аспект азаматтық сектордың, халық­аралық, өңірлік және ұлттық Үкіметтік емес ұйымдар әлеуетін белсенді пайдалану болып отыр», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазіргі шақта Ауғанстанда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту өзекті болып отырғаны белгілі. Бұған халықаралық деңгейде айрықша мән-маңыз берілуі де жайдан-жай емес. Қазақстан Президентінің айтуынша, Астанада ұйымдастырылған конференция секілді басқосулардың барысында тұтас халықаралық қауымдастықтың кең ауқымды пікірін білуге жол ашылады. «Бүгінгі конференция Ауғанстанды одан әрі дамыту және оңалтуға, ауған әйелдерінің жағдайын жақсартуға және елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын іздестіруге қосымша серпін беретініне сенімдімін. Конференция қатысушыларының жоғары сапалы құрамы мен өкілеттілігі барлық қатысушылар үшін пайдалы пікір мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді», – деді өз құттықтауында Елбасы. Конференцияда Ауғанстан әйелдеріне қатысты өзекті мәселелер қозғалды. Соның бірі – Ауғанстандағы білім беру жайы. Соңғы деректер бойынша Ауғанстан халқының 48,8 пайызы нәзік жандылар. Бірақ, өкінішке қарай, олардың 12 пайызы ғана сауатты. Яғни, бұл елде қыз-келіншектердің лайықты білім алуына мүмкіндік жоқ деген сөз. Ауғанстандағы қазіргі ахуал осындай жағдайға әкелген. Осыны түзеуге халықаралық қауымдастық қандай көмек бере алады? Жағдайды жақсарту үшін не істеген жөн? Осы жөнінде конференцияда кең талқылау болды. Білім беру саласындағы жағдай осындай, ал ауғандық әйелдердің бизнеспен айналысуы қалай? Бұл да өзекті тақырыптың бірі екен. Сондықтан конференцияның сессияларында осы жайында да кең сөз қозғалды. Барша әлем халқы бірлесе отырып, Ауғанстанға қолдау мен көмек көрсетуі керек екені айтылды. Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыру үшін қандай қам-қарекет жасаған жөн? Бұл да назардан тыс қалған жоқ. Айта кетейік, мұндай форматтағы конференция Орталық Азия өңірінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін 2013-2018 жылдары Ауғанстандағы әйелдер мәселесі бойынша симпозиумдар сериясы Вашингтон, Осло, Кабул қалаларында өткен.

Серіктес жаңалықтары