317
Ынтымақ — Құт-берекенің бастауы
Ынтымақ — Құт-берекенің бастауы
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммитіне қатысты. Бұл жиында кеңес мүшелері ретінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев және Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков те болды. Саммитте алғашқы болып сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы саммитке бақылаушы ретінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның арнайы келгенін атап өтті.
Одан кейін Елбасы қазіргі жаһандану заманында ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетімізді ұрпаққа аманаттап қалдырудың маңыздылығына тоқталды. «Бүгінгі саммит ұлттық ойын түрлерін және жастар саясатын дамытуға арналып отыр. Жүйелі түрде Түркі кеңесі жастары көшбасшыларының форумын, ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізуді, түркі әлемінің бірегей тарихи жерлеріне өлкетану экспедицияларын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл шаралар жастарымызды жақындастырып, елдеріміздің мәдени ерекшелігі туралы білімдерін тереңдетуге септігін тигізеді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өз сөзінде еліміздің Түркі кеңесіне төрағалық еткен кезеңдегі нәтижелеріне мемлекет басшыларының назарын аударды. «Біздің төрағалығымыз барысында ғылыми-ағартушылық жұмыстарға айрықша көңіл бөлінді. Атап айтқанда, «Ортақ түркі тарихы» оқулығы әзірленіп, Әзірбайжанның, Түркияның, Қырғызстанның және Қазақстанның мектеп бағдарламаларына енгізілді. Түркі Академиясы тарихымызды танытып, сананы жаңғыртуға бағытталған 90-нан астам кітап шығарды. Төрт мың жылдық мәдени мұрамызды жинақтап, оны жариялауға арналған «Аталар мирасы» порталы іске қосылды. Туысқан елдердің тіршілік тамырын басып отыратын «Түркбарометр» әлеуметтік зерттеу жобасы жүзеге асырыла бастады. Туризм саласындағы әріптестігімізді жандандыру мақсатымен «Заманауи Ұлы Жібек жолы» атты жоба іске қосылды. Бұл Ұлы Жібек жолында орналасқан елдеріміздің көне тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін киелі орындарын 14 күнде аралап шығуға мүмкіндік береді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастық мемлекеттердің одан әрі өркендеуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін баса айтты. «Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін бірлесе пайдалануымыз керек. Онда қаржы құралдарын дамытуға, капиталды шоғырландыруға және танымал инвесторлар мен қаржы эксперттерін тартуға барлық жағдай жасалған. Осыған орай, елдеріңізді қаржы орталығының жұмысына белсене қатысуға шақырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде бауырлас мемлекеттер арасындағы тарифтік саясатты жеңілдетіп, сауда-экономикалық қарым-қатынасты жақсартуды ұсынды. «Біздің елдеріміз құрлықтың ортасында Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғастырып жатыр. Ақтауда қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенция өңіріміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға септігін тигізеді. Сондықтан Түркі кеңесі көлік және теңіз әкімшілігі министрлерінің кездесуі аясында тариф саясаты мен әкімшілік тәртіптерді жеңілдету жөніндегі жұмыстарды белсенді жүргізуі керек», – деді Қазақстан Президенті.
Одан бөлек «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуына орай Мемлекет басшысы түркі халықтарының рухани жаңғыру мәселесіне тоқталып, осы елдердің қасиетті орындарын көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа лайықты мұра етіп қалдыру үшін Түркі кеңесінің жанынан «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім», «Түркі әлемінің киелі жерлері» арнайы жобаларын әзірлеуді ұсынды.
Кіріспе сөзінің соңында Елбасы Түркі кеңесінің төрағалығын Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековке табыстай отырып, оның жаңа мәртебесіне табыс тіледі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы сапары барысында Шолпан-Атада бастау алған ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсіміне де қатысты. Қазақстан Президентінен бөлек бұл шарада Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоған, Татарстан Республикасының басшысы Рустам Минниханов және Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан да бой көрсетті.