244
Білімді ұрпақ тәрбиелеу үнемі назарда
Білімді ұрпақ тәрбиелеу үнемі назарда
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Шығыс Қазақстан облысына арнайы сапармен барды. Сапар барысында Мәулен Сағатханұлы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы», партиялық жобалар бойынша атқарылған жұмыстармен танысты.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары ең әуелі шығысқазақстандық педагогтардың тамыз мәслихатына қатысып, «Нұр Отанның» партиялық жаңғыру аясында білім беру ісіне қатысты бірқатар тың бастамаларды қолға алғанын атап өтті. Әсіресе, мектеп оқушыларының жаңа ақпараттық технологияларды меңгеріп, білімін жетілдіру үшін партия тегін ІТ-сыныптар жобасын жүзеге асырып жатқанына тоқталды. Жас буынның білімге деген кұштарлығын қалыптастыруды назардан тыс қалдырмаған еліміздің жетекші партиясы осы бағытта арнайы жобаны қолға алып отыр. «Партия Елбасының тапсырмасына сәйкес өз қызметін жаңғырту жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Осы бағытта білімді ұрпақ тәрбиелеу ісіне де қатысты көптеген жобаларды қолға алдық. Соның ішінде мектеп оқушыларына болашақтың мамандықтарын оқыту мақсатында ІТ-сыныптар ашу ісін жүргізіп жатырмыз. Одан бөлек, жастарымыздың дұрыс тамақтанып, саламатты өмір салтын ұстануын да партия басты назарда ұстап отыр. Осындай игі істерді табысты жүзеге асыруда ұстаздар қауымының да рөлі ерекше екені сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Мектеп оқушыларынан бөлек ересек азаматтарға да цифрлық сауаттылықтарын арттыруға мүмкіндік қарастырылған. Осы мақсатта «Нұр Отан» партиясы ІТ-орталықтар ашып, қазақстандықтарды оқыту жұмыстарын бастап кетті. Бұл игі іс жаңа партиялық жобалар аясында жүзеге асырылуда. Өскемен политехникалық колледжінде ашылған ІТ-орталыққа арнайы бас сұққан Мәулен Әшімбаев ондағы оқыту технологиясын бақылап қайтты. Аталған орталықта жергілікті жұмыссыз азаматтар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, инженерлік графика, видео монтаждау, дербес компьютерлерді диагностикадан өткізіп, жөндеу және робот техникаларымен жұмыс істеуге машықтанып, білім алуда. Бұл ІТ-орталық өз түлектерін жұмыспен қамту үшін жергілікті жұмыс беруші компаниялармен, кәсіпорындармен және атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатқаны да көңіл қуантады. «Нұр Отан» партиясы осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, Үкімет, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Бұл бастамаларды партияның «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуына қосқан нақты үлесі деп айтуға да толық негіз бар. Алдағы уақытта ІТ-сыныптарда білім алған жастардың түрлі олимпиадалар мен халықаралық жарыстарға қатысып, жан-жақты дамуына жағдай жасалуы тиіс. Ал ІТ-орталықтар кәсіби біліктілігін күшейтіп, заманға сай мамандықты меңгергісі келген кез келген қазақстандық үшін беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Партия орталық түлектеріне қолдау көрсетіп, олардың «Астана Hub» арқылы өзінің стартаптарын жүзеге асыруына да көмектесетін болады», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Сондай-ақ, партияның мектептегі спорт алаңдарын заманға сай қайта жабдықтау, ауыл балаларына ағылшын тілін үйрету, дәстүрлі кітапханаларды заманауи нағыз білім орталықтарына айналдыру жобалары да білім беру ісіне тікелей қатысты бастамалар екені сөзсіз. Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Пушкин атындағы облыстық кітапханада ашылған коворкинг орталыққа барды. Мұнда келушілердің кітап оқып қана қоймай, жайлы демалысы үшін де барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, кітапханада оқырмандардың «Электронды үкімет» жүйесінің жұмысы бойынша тренингтер мен бағдарламалау және дизайн негіздері жөнінде тегін дәрістерге қатысуға да мүмкіндік бар. Кітапханада мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасалғанын ерекше атап өткен жөн. Яғни, мұнда көзі нашар көретін жандарға арналған арнайы оқу залы мен саусақ буындарын дамытатын шеберлер мектебі бар.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Шығыс Қазақстан облысына сапары кезінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша жасалған жұмыстармен де танысты. Атап айтқанда, ол баспаналы болу үшін жеңілдікпен несие алған «7-20-25» бағдарламасының қатысушыларымен және екінші деңгейлі банк филиалдарының басшыларымен кездесті. Осы бағдарлама жарияланғалы бері еліміз бойынша жалпы сомасы 18,6 млрд теңгені құрайтын 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Соның ішінде Өскемен «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруды сәтті бастаған қалалардың бірі екеніне айрықша назар аударған жөн. Қазірдің өзінде мұнда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «Бәйтерек Девелопмент» АҚ және басқа да жеке құрылыс компаниялары салған 431 пәтер пайдалануға беруге дайын. Жыл соңына дейін тағы 798 пәтер дайын болады деп болжануда. «Қазіргі кезде баспана ең өзекті мәселелердің бірі екені сөзсіз. «7-20-25» бағдарламасы сол мәселені тиімді шешуге бағытталған маңызды бастама. Әсіресе, жас отбасылар үшін үлкен мүмкіндік. Баспананы кез келген отбасы үшін болашаққа салынған инвестиция десек те, артық емес. Осылайша Елбасы барша қазақстандықтардың үйлі болуына даңғыл жол ашып, ипотекалық несиелердің қолжетімділігін қамтамасыз етіп отыр. Осы сапар нәтижесінде бес бастаманың Шығыс Қазақстан облысында табысты жүзеге асырылып жатқанына куә болдық. Алдағы уақытта да партия бұл жұмыстарды бақылауды жалғастыра береді», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бір тармағы – шағын несие беруді көбейту. Осы бастаманың облыста қалай жүзеге асырылып жатқанын қадағалау үшін Мәулен Әшімбаев Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барды. Ол жерде өз ісін өркендету үшін шағын несие алып, жұмысын жандандырған кәсіпкерлермен кездесіп, Президент бастамасының маңыздылығына назар аударды. Бүгінде облыс бойынша шағын несиені көбейту үшін қосымша 1,7 млрд теңге бөлінген. Ал қаржыландырудың жалпы көлемі 4,9 млрд теңгені құрап, нәтижесінде 377 адам қолжетімді шағын несие алған. Кәсіпкерлермен кездесуінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған партиялық жобалар туралы айтып берді. Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев партияның Президенттің бес әлеуметтік бастамасына қоғамдық бақылау жүргізуді одан әрі жандандыра түсетінін баса айтты.