409
Сапалы білім беру – заманауи талап
Сапалы білім беру – заманауи талап
ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жаңа оқу жылының қарсаңында Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізіп, білім саласында қолға алынған жұмыстармен таныстырды және заманауи жаңа талаптар жайлы ой бөлісті.
Жиын барысында министр Ерлан Сағадиев жаңа оқу жылын «еңбек нарығына қажетті мамандарды дайындау сапасы бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарының жауапкершілігін арттыру жылы» деп атады. Жоғары оқу орындарына енгізілген жаңа жүйелер колледждерді қамтымақ. «Соңғы 2-3 жылда орта білім беруге айрықша көңіл бөлінді. Бұл жыл еңбек нарығына қажетті мамандарды дайындайтын оқу орындарының жұмыс сапасын арттыруға арналмақ», – деп атап өтті Ерлан Сағадиев.
Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі 46 колледжде серіктес-жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, пилоттық жоба іске қосылады. Сондай-ақ, енді колледж студенттері алған кредиттер жоғары оқу орнына өткенде есепке алынады. Бұл жоба колледж түлектерінің жоғары оқу орындарында 4 жылдан аз уақыт білім алуына мүмкіндік береді.
Білім және ғылым министрі мемлекеттік білім гранттарын да назардан тыс қалдырмады. «Мемлекет басшысы өткен жылы мемлекеттік білім грантын 10 мыңға арттырса, биыл тағы 20 мың грант бөлінді. Бізге осындай сенім білдірілгендіктен, жоғары оқу орындарының сапалы білім беруі – басты міндет болмақ», – деді министр. Бұл ретте министрлік университеттердің түлектерін жұмысқа орналастыру көрсеткіштеріне баса назар аудармақ. Яғни, түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен оқу орындары мамандықтардың лицензиясынан айырылады. Министрдің айтуынша, бұл жоғары оқу орындарын негізгі бағыттар бойынша кәсібилендіруге жол ашады.
Сонымен қатар, Білім және ғылым министрі баспасөз мәслихаты барысында мектептегі білім беру ісіне, оқулықтардың жеткізілуіне, мұғалімдердің жалақысына, жаңартылған мазмұндағы бағдарлама бойынша білім беру мәселелеріне қатысты пікір білдірді. Министр өз сөзінде биылғы оқу жылына арналған оқулықтардың сапасы жоғары болатынына сендірді. «Қазіргі күні Республика бойынша оқулықтарды мектептерге жеткізу 99,5 пайызды құрады. Осы бағыттағы жұмыстарды күн сайын бақылап отырмыз. Алдағы екі күнде барлық оқулықтар жеткізілетін болады», – деді министр.
Жаңа оқу жылынан бастап 3, 6, 8-сыныптар мазмұны жаңартылған бағдарламамен оқи бастаса, 4, 9, 10-сыныптарда апробация басталады. Сонымен қатар, биылғы жылы 1-11 сыныптарға арналған жаңа мемлекеттік білім беру стандарттары, жаңа типтік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары бекітілген.