Әулиетадағы Астана тойы

Әулиетадағы Астана тойы

Әулиетадағы Астана тойы
ашық дереккөзі
439
  Еліміздің бас қаласы – Астананың 20 жылдық мерейтойы жыл соңына дейін тойланбақ.  20 жылда әлем назарын аударған Астана тойы Әулиеата жерінде жалғасын тауып жатыр. Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласы мен аудандардың мәдениет және өнер күндері ұйымдастырылып, бас қаланың 20 жылдық тарихы түрлі мәдени іс-шаралармен айшықталуда. Осылайша, Астанадан қашық жатса да ауыл-аймақ халқы Арқа төсіндегі тойдың салтанатын сезінді. Облыстағы мәдениет және өнер күндері қыркүйек айына дейін барлық аудандарда да жалғасатын болады. Өз кезегінде тоғыз жолдың торабы саналатын Шу өңірінің өнерпаздары аудан халқына концерттік бағдарлама мен өңірдің тарихынан сыр шертетін көрме ұсынды. Концерттік бағдарламада айтылған ән мен күмбірлеген күй шашулардың барлығы елордаға арналды. Одан соң мәдениет үйі маңында көрме ұйымдастырылды. Оған халықаралық, республикалық конкурстардан жүлделі орын алып жүрген қолөнер шеберлерінің еңбектері қойылған. Көрмеге алғаш рет қатысып отырған Бауыржан Жақсыбаев кенжелеу қалған қолөнер ісімен 2011 жылдан бері айналысып келеді. Ағаш ұстасы осы уақыт аралығында 60-қа тарта ұлттық аспап жасапты. Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында «20 жылдыққа – 20 нысан» акциясы ұйымдастырылып, Астана қаласының мерейлі тойына ерекше тарту жасаған болатын. Атап айтқанда, Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында орналасқан «Ерік ата» балабақшасының құрылысына 11 миллион теңге жұмсалды. Мереке қарсаңында пайдалануға берілген бөбекжайдың ашылу салтанатына байзақтық тұрғындар қатысып, еліміздің бүгінгі даму деңгейіне, Жамбыл өңірінің күн санап гүлденіп келе жатқанына ризашылық білдірді. Жоспар бойынша мұндағы 3 топта 75 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады. Ал балаларды 6 педагог қазақ тілінде оқытады. Сонымен қатар Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылында бой көтеріп, халық игілігіне берілген «Зерде» балабақшасындағы 2 топта 50 бала оқиды. Аталған балдырғандарға арналған нысанда жұмыспен қамтылған 6 мұғалім балаларға қазақ тілінде білім береді. Тараз қаласының іргесінде орналасқан ауылдағы балабақша заман талабына сай жабдықталған. Облыс орталығынан алпыс шақырымдай жердегі Жуалы ауданында бұл күнде «Burnoe Solar-1» күн электр стансасы жұмыс істейді. Астана қаласының мерейтойына орай «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашылды. Аталған нысанның екінші кезеңдегі кешенінің құрылысына 22 миллиард 667 миллион теңге жұмсалған. Оның 7 миллиард 804 миллион теңгесі United Green-Samruk Kazyna жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншікті қаржысы болса, қалған 17 миллиард 580 миллион теңге Еуропа қайта құру және даму банкі мен Таза технологиялар қорынан алынған. Қуаттылығы 50 МВт-ны құрайтын баламалы қуат көзін өндіру нысанын салу жұмыстарына 300 адам тартылса, нысан іске қосылған соң мұнда 45 адам жұмыспен қамтылады. Меркі ауданында 125 өскінді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтитын «Ерсұлтан» балабақшасы есігін айқара ашты. Бұл мекемеде 4 топ жұмыс істеп, балақайлар 3 тілде білім алатын болады. Қазіргі таңда балабақшаға 104 бала жиналған. Елорда мерейтойы қарсаңында Қордай ауданының тұрғындары да көптеген игілікке кенелді. Қасық ауылдық округінің өзінде 7 бірдей нысан іске қосылды. Атап айтсақ, Әлжан ана ауылының тарихи музейі пайдалануға берілді. Мұнда ауыл тарихына қатысты барлық деректер жинастырылған. Сондай-ақ, аталған ауылдағы музей жәдігерлерінің бір парасы Әлжан ана мен оның туыстарына арналған. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қордай ауданына жұмыс сапары барысында түсірілген естелік суреттер мәдени нысанның тарихи мазмұнын арттырып тұр. Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес, бар болғаны 1,5 айда бой көтерген музей заманауи цифрлы технологиямен жабдықталған. Сонымен қатар Әлжан ана ауылындағы құрылысына 35 миллион теңге жұмсалған дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау бағытымен қатар, бұқаралық спортты дамытуға да септігін тигізбек. Ал осы ауылда пайдалануға берілген спорт алаңқайына облыстық бюджеттен 8 миллион 756 мың теңге бөлінді. Ал Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында 160 адамға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешеніне 362,8 миллион теңге бөлінді. Мердігер «Нұр Тұрсын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кешенді құрылысты өткен жылдың наурыз айында бастап, мереке қарсаңында ел тұрғындарына тарту етті. Тағы бір қуаныш, Талас ауданы, Қаратау қаласында биыл қоныстой көбейді. Бірқатар қаратаулықтар Астана күнін жаңа пәтерде тойлайтын болды. Аудан орталығында 70 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Шағын шаһардың 5-шағын ауданында орналасқан №51 үйдің жөндеу жұмыстарына 226 миллион 886 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар Қаратау қаласында «Елдана» балабақшасы пайдалануға берілді. Аталған нысан 50 балаға арналған. Жобалық құны 20 миллион теңгені құрайтын мектепке дейінгі білім беру мекемесінде балалардың заманға сай білім алуына барлық мүмкіндік жасалған.   Жиырма жыл ішінде Астана – шартарапты тоғыстыратын нағыз бас қалаға айналды. Елдің еңсесін көтеріп, әлеуетін арттыруға бағытталған сан түрлі шешімдер өңірлердің өріс алуына серпін берді. Жамбыл облысында 20 жылдыққа 20 жаңа нысан ашылып, ел игілігіне тапсырылуы – дүбірлі тойдың сый-сыяпаты.

Серіктес жаңалықтары