306
Алатау бөктеріндегі байрақты бәсеке
Алатау бөктеріндегі байрақты бәсеке
Алматы қаласында футзалдан студенттер арасындағы әлем чемпионатында 16 мемлекеттің үздіктері бақ сынауда. Дүбірлі доданың ашылу салтанаты өткен жексенбі күні «Алматы-Арена» спорт кешенінде болды.
Әлем біріншілігінің ресми ашылуына Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және FISU вице-президенті Мариан Дымальский қатысты. Одан бөлек жиында белгілі спортшылар мен мәдениет қайраткерлері төбе көрсетті.
Салтанатты ашылу рәсіміне 14 мыңнан астам адам жиналып, шара басында жиылған көпшілік танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді еске алып, спортшы туралы арнайы әзірленген қойылымды тамашалады. Содан кейін спортшылар ортаға қазақтың көк Туын алып шықты. Ал төреші Талғат Досмұхамедов пен Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Біржан Оразов спортшылар атынан әділ күрес туралы ант берді.
Дүбірлі жарысқа арнайы келген Халықаралық студенттік спорт федерациясының мамандары жарыстың ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, ризашылықтарын білдірді. «Мен футзалдан студенттер арасындағы көптеген әлем чемпионатына бардым. Бірақ дәл бүгінгідей керемет әсер алған емеспін. Бүгінгі жарыстың ашылуы бұрын- соңды болмаған десем, қателеспеймін. Мынадай зәулім спорт кешенінде бәрі өте керемет болды», – деді FISU тексеру комиссиясының мүшесі Дмитрий Киселев.
Айта кетейік, студенттер арасындағы дүниежүзілік жарыс тек біздің елде ғана емес, жалпы ТМД аумағында тұңғыш рет өтіп отыр. Әлемнің әр бұрышынан келген 17 мемлекеттің студенттер құрамасы (16 ерлер, 9 әйелдер командасы) 26 тамызға дейін өзара бақ сынап, үздіктерді анықтайды. Биыл бұл чемпионатқа қатысушылардың саны рекордтық деңгейге жетті. Дәл қазір турнирге 17 елден 25 команда, 454 студент қатысып отыр.
Байрақты бәсекеде бақ сынайтын мемлекеттер қатарында Аргентина, Болгария, Германия, Израиль, Канада, Қытай, Жаңа Зеландия, Польша, Португалия, Ресей, Словакия, Таиланд, Украина, Франция, Хорватия, Чехия бар. «Қазіргі командалардың бәрі өте мықты, ойыншылар да айтулы шеберлер. Әр мемлекетте чемпионаттар өтеді. Сол жақтан іріктеулер жүреді. Қазіргі біздің бірінші тобымыздағы командалар Чехия, Белоруссия, Жаңа Зеландия мемлекеттерінен келді. Біздің ойыншыларымыздың барлығы 23 пен 19 жас арасындағы енді көрініп жатқан жас балалар», – деді футзалдан Қазақстан ерлер құрамасының бапкері Қайрат Құлбарақов.
Бұған дейін студенттер арасында футзалдан әлем чемпионаты Бразилия, Португалия, Испания, Италия, Финляндия, Венгрия, Польша, Словения, Сербия және Кипр елдерінде ұйымдастырылды. Биылғы чемпионат ойындары Алматы қаласындағы «Almaty Arena» және «Halyk Arena» спорт кешендерінде өтеді.