«Адал жол» Алматыдан бастау алды

«Адал жол» Алматыдан бастау алды

«Адал жол» Алматыдан бастау алды
ашық дереккөзі
1065
Сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік  маңызы бар түйткілді мәселеге айналды. Өкінішке қарай, жең ұшынан жалғасын табатын, бармақ басты, көз қысты әрекеттер әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз. Сондықтан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше назар аударды. Президенттің жыл сайынғы Жолдауларында жемқорлықпен күреске ерекше мән беруі бұл бағыттағы жұмысқа серпін бере түскені ақиқат. Елбасы Жолдауда жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрестің жалғаса беретіндігін айтқан болатын. Бұл ретте Алматы қаласында да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында тоқтаусыз жұмыстар жүргізілуде. Сондай шаралардың бірі – «Адал жол» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны. Марафонның басты мақсаты – қоғам дертіне айналған жемқорлықтың алдын алу. Ұйымдастырылған эстафета алматылықтардың жемқорлыққа жаппай қарсы екенін дәлелдегені сөзсіз. Қаланың сегіз ауданында өткен шараға мыңдаған белсенді азаматтар жиналды. Медеу ауданынан бастау алған марафонға келген жастардың қарасы көп болды. Өйткені өскелең ұрпақ жастайынан жемқорлыққа жирене қарауға үйренсе, қоғам дертіне айналған кеселді түбірімен жою түк те қиын емес. Шара 8 ай көлемінде жалғасын тауып, желтоқсанда қорытындыланады. Алматы қаласы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Айгүл Байханова: «Марафон қаламыздың әр ауданында өтеді. Әр айда әр аудан осындай іс-шаралар өткізіп, халықты біріктіріп, халыққа түсіндіріп, эстафетаны келесі ауданға тапсырады», – дейді. Ел көлемінде ұйымдастырылған бірегей акция 9 желтоқсанда қорытындыланады. Ал әзірге «Адал жол» кітабына кез келген алматылық өз ұсыныстары мен тілектерін жазып қалдыра алады. Сонымен қатар, Алматыда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты республикалық форум өткен болатын. Форумда білім саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды. Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев өзінің сөзінде елімізде жемқорлық деңгейінің төмендеуіне қарамастан, білім жүйесінде жемқорлық қаупінің айтарлықтай белең алғандығын айтқан болатын. Білім және ғылым гранттарын бөлу, бюджет қаржысын игеру, басшы құрамды іріктеу, білім беру ұйымдары қызметкерлерінің категориясы мен жүктемесін анықтау мәселелері ашық жүргізілмейді, жемқорлық қаупін анықтау жүйесі мен сараптама жасау жоқтың қасы, жемқорлыққа жол берген қызметкерлер үшін басшылар жеке жауапкершілікке тартылмайды. «Бүгінгі күні еліміздің түбегейлі жаңаруы жағдайында адами капиталды дамыту міндеті алдыңғы орынға шығуда, өйткені ол Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына енуінде маңызды шарт болып табылды. Мемлекет басшысының қолдауы арқасында соңғы 15 жыл ішінде білім саласына жұмсалған қаржы 10 есе артты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халықаралық білім кеңістігіне батыл ене түсті. Дегенмен білім саласы жемқорлық қаупінің белең алуына тым бейім. Біз жемқорлықты жою шаралары көпшіліктің, соның ішінде білім саласындағы адамдардың қолдауына ие болады деген сенімдеміз», – деген еді Алик Шпекбаев. Ал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мемлекеттік органдардың ашықтығы, есеп беруі, тазалығы барысында және олардың азаматтық қоғаммен белсенді ынтымақтастығы жағдайында ғана жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігі артатынын атап өткен еді. «Қазіргі кезде елімізде жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық құқықтық құралдары жасалған. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Жемқорлыққа қарсы стратегиясы бекітілген, «Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қоғамдық кеңес туралы», «Ақпараттың қолжетімділігі туралы» маңызды заңдар қабылданған. Біздің ортақ міндетіміз – жемқорлықты мүлдем қабылдамайтын ашық ойлауды, құқықтық және қаржылық мәдениетті қалыптастыру, тұрмыстық жемқорлықты жою. Мемлекеттік органдарға келген әрбір жан кейде келеңсіздікке тап болады. Мұндай жайсыз жағдай білім, денсаулық сақтау мекемелері немесе құқық қорғау органдарында кездесуі мүмкін. Сондықтан биыл әкімдіктің барынша актуальды 10 қызметі «paper-free» қағидасы бойынша электронды форматқа көшіріледі», – деген шаһар басшысы. Бауыржан Қадырғалиұлы өз сөзінде балабақша, мектеп және тұрғын үй кезегін электронды жүйеге көшіру азаматтардың мемлекеттік органдар жұмысын бақылауға, осы мәселелерде қызметті асыра пайдалануға жол бермейтіндігін атап өтті. Мегаполис басшысы Алматыда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша «қағазсыз ауруханалар» жүйесіне толық көшудің жоспарланғанына да тоқталды. Осы форум барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев білім саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың еліміздегі алғашқы «Саналы ұрпақ» атты офистік жобасымен танысты. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында ашылған офис жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша арнайы әдістемелер мен бағдарламалар шығаруды жоспарлауда. Ол «Студенттерге қызмет көрсету орталығында» орналасқан. Мұнда тек жоғарғы оқу орнының тәлімгерлері ғана емес, барлық білім беру мекемелерінің өкілдері бас қосып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тығыз жұмыс жасайды. Яғни, мектеп оқушысынан бастап, қаланың барша жастары үшін де есік ашық. Тіпті, пара сұрағандардан қысым көргендерден де қоңыраулар қабылданады. Шағымдар расталса, шара қолдану үшін бірден тиісті органға жіберіледі. «Бұл жобалық кеңсенің басты мақсаты – білім берудегі сыбайлас жемқорлықты жою және жемқорлыққа төзбеушілік тудыратын ортаны құру. Негізгі міндеттерімізге білім беру саласындағы сапаны жақсарту, әрі мамандардың адалдық қасиетін дамыту жатады. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа тетіктерді енгізу болып табылады», – дейді «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Қарлығаш Усейнова. Бұлардан өзге, қазіргі кезде жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептердің рейтингін анықтайтын, сонымен қатар академиялық шынайылығын белгілейтін, benchmark жүйесі қолға алынуда, оқу орнының әр типі үшін жемқорлыққа қарсы механизмдер енгізілуде. Оқу орнының әр категориясы үшін оқытушылар қызметін бағалайтын жүйе жасалуда. Алматы қаласында ұйымдастырылған жемқорлыққа қарсы шаралардың тағы бірі – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың қалыптасуының 20 жылдығы» тақырыбында өткен Бірыңғай сағат. Шараны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті мен Алматы қаласы Білім, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалары бірлесе отырып ұйымдастырды. Бұл шара қаладағы 202 жалпы білім беру мектептерінде, 82 колледж бен 38 жоғары оқу орындарында өткізілді. Бірыңғай сағатта Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызмет туралы заңдардың негізгі міндеттері мен бағыттары және ережелері жан-жақты түсіндіріліп, академиялық адалдық қағидаттары мен білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, оқушылар мен студенттер тарапынан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың қалыптасуының 20 жылдығы» тақырыбында ғылыми баяндамалар жасалып, сурет көрмелері, стендтер және флешмобтар ұйымдастырылды. Департаменттің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Е. Игіліков Алматы мемлекеттік энергетика және жаңа электронды технологиялар колледжінде өткізілген Бірыңғай сағатқа қатысып, студенттерге білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мәселелер төңірегінде сөз сөйлеп, департамент тарапынан түсірілген кең көлемді бейнероликті студенттерге көрсетті. Бірыңғай сағатқа қатысушылар Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызмет туралы заңдардың негізгі ережелері жөнінде ұсыныстары мен ойларын ортаға салып, пікір алысты. Сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Алматыдағы инвесторларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау мақсатында арнайы жоба әзірледі. Агенттік қолайлы инвестициялық климатты нығайту мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің алдын алудың тиімді тетіктерін белсенді қолдану туралы тапсырма жүктейтін «жемқорлыққа қарсы инвесторлық қолдау» жобасын іске қосып та үлгерді. Жоба аясында департамент шетелдік компаниялардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, сондай-ақ, бизнес-қауымдастықтарға барынша қолдау көрсетіп, қолайлы жағдайлар туғызбақ. «Жергілікті және шетелдік инвесторлар проблемалармен бетпе-бет келуде. Инвесторлар үшін жаңа бизнес идеяларын іске асыруға кедергі жасайтын мәселелер әлі де бар. Оның ішінде жемқорлық та бар. Осыған байланысты біз жаңа жоба енгіздік. Оның мақсаты – қолайлы инвестициялық ахуал жасау және инвесторлардың мемлекеттік билік органдарына сыбайлас жемқорлықсыз сенімін арттыру. Жоба аясында инвестор агенттіктің аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлерімен бірге болады», – деді Алматы қаласы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің бастығы Геннадий Данияров. Оның айтуынша, көмекке құқықтық кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді сапалы ұсынуды қамтамасыз ету және нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу кіреді. Жобаның негізгі бағыттары кәсіпкерлерді құқықтық қорғау, бизнес-үдерістерді оңтайландыру, қоғамдық бақылау және инвесторлардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттылығын арттыру болып отыр. Мемлекет басшысы міндеттегендей, жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес шаралары тоқтаусыз жүргізіле беруі тиіс. Бұл міндеттер Алматы қаласында толықтай орындалатын болады. Шаһарда бүгінге дейін жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған және қолға алынған шаралар өз жалғасын таба бермек.

Серіктес жаңалықтары