536
Нұрсұлтан Назарбаев: Құрбан айт – бауырмалдыққа баулитын құндылық
Нұрсұлтан Назарбаев: Құрбан айт – бауырмалдыққа баулитын құндылық
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қасиетті Құрбан айттың алғашқы күнінде Астана қаласындағы Әзірет Сұлтан мешітіне барып, қазақстандықтарды құрбан айт мерекесімен құттықтады. Елбасы құттықтау барысында бұл мерекенің бейбітшілік пен адал ниетке негізделген символдық мәні зор екенін, исламның мызғымас рухани құндылықтарын айқындайтынын атап өтті.
Қазақстан Президенті Құрбан айттың мән-маңызы тек намаз оқумен және құрбандық шалумен шектелмейтінін айтты, сондай-ақ, жағдайы жоқ отбасыларға, жетімдерге, қарттар мен барлық мұқтаж жандарға қайырымдылық танытып, көмек көрсетуге шақырды.
«Құрбан айт – исламды жақсылықтың, жасампаздық пен үйлесімдіктің діні екенін паш етіп, күллі мұсылман қауымын бейбітшілік пен татулыққа, өзара түсіністікке шақыратын қасиетті мейрам. Сондай-ақ, ол – діни мереке ғана емес, барша адамзатты бір-біріне көмек қолын созуға үндеп, бауырмалдыққа баулитын үлкен рухани құндылық. Бұл күндері адамдар жақындарына ақ тілектерін арнап, игі істер жасауға ұмтылады. Құрбан айт алуан түрлі конфессиялар мен этнос өкілдері тұратын Қазақстанда азаматтардың бойына ізгілік нәрін сеуіп, олардың ұстанатын діні мен ұлтына қарамастан, бір-бірін қадірлей білуге зор ықпал етеді. Сондай-ақ, рухани тұтастығымызды нығайтып, бірлігімізді бекіте түседі», – деді Қазақстан Президенті өзінің құттықтау сөзінде.
Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанда діндердің өркендеуі үшін және олардың конфессиялық ұстанымдарына қарамастан діни ғұрыптарының орындалуына барлық жағдай жасалып отырғанын айтты. «Жуырда Астанада жаһандық және конфессияаралық диалог пен қарым-қатынастардың одан әрі дамуына серпін беретін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Құрбан айттың терең мән-мазмұны қонақжайлықты, достық пен бірлікті қастерлейтін халқымыздың рухани құндылықтарымен және мәдениетімен үндесетінін атап өтті. «Баршаңызға зор денсаулық, әрбір отбасына бақ-береке тілеймін! Қазақстанымыз өркендеп, елімізде әрдайым достық, тыныштық пен тұрақтылық салтанат құра берсін!» – деді Мемлекет басшысы.